"Бізді еркелету керек!" Балалар үйінің қабырғасындағы алып арман

блог
Жыл сайын жаз басталғанда қайырымдылық қорларының қызметкерлері Түймебаев ауылында орналасқан "Солнышко" балалар үйіне мерекені атап өту үшін келеді.
Алматы облысы Іле ауданында орналасқан жанға жайлы коттедждерде ата-анасыз қалған балалар тұрады. Осы жерде қызмет ететін мұғалімдер, тәрбиешілер әке-шешенің жылуынсыз қалған балалардың өмірін қызықты қылуға барынша тырысады.
"Солнышкода" тәрбиеленіп жатқан балалар жаздың басталуын асыға күтеді. UNCP Evo қайырымдылық қоры балаларға ойыншықтар, сыйлықтар, тәттілер алып келеді.
Осы жылы балалар әдемі концерт қойып, ойындар ойнады. Александр аниматордың сиқырлары балаларды таңғалдырмай қоймады. Олар азот жасыл жапырақты қалай қатырып жатқанын өз көздерімен көрді, азот бір кезде жүгеріге айналып, оны жеген адамдардың мұрындарынан ақ түтін шықты. Александр үй жағдайында қалай сабын қайнатуға болатынын да көрсетті. Соңында сабынды жылтырақтармен безендірді.
Үлкен топта өткен сайыс өте қызықты болды. Футбол алаңында жылдамдық, ептілік пен шеберлік байқалды. Ал дәстүрлі түрде өтетін арқан тартыста қыздар жеңіске жетті.
Балаларды "Солнышконың" директоры Ирина Георгиевна Смирнова бақылап тұрды, ол әр балаға жанкүйер болды. Алайда мереке күні де Ирина 18 жасқа толған балалар үйінің түлектерін уайымдап тұрды. Өйткені балалар 18 жасқа толған соң өз үйлерін алулары керек, алайда ала алмай жатқан балалар да бар.
Іле аудандық мәслихатының депутаты, "Аманат" партиясының облыстық бөлімінің өкілі Айдын Иманбеков те осында жүр. Ол партияның атынан балаларға "Шин Лайн" балмұздағын таратты. Ал балалар үйінің директорымен тұрғын үй мәселесі туралы сөйлесті. Балалар үйінің түлектерінің арасында тұрғын үй кезегі 481-ге келіп, қатып, кезек ары қарай жылжымай тұр. Ирина Георгиевна Іле аудандық әкімдігіне күн сайын хат жазса да, кезек жылжып жатқан жоқ.
"Қолымыздан келгенді жасап жатырмыз. 18 жастағы балалар да бар. Осы жерден тұрмысқа шығарып жатырмыз. Оларды орналастыруға тырысудамыз, демеушілеріміздің көмегімен үй жалдап береміз", - дейді Ирина Смирнова.
Айдын Иманбековтың сөзінше, жағдай өзгереді. Өйткені президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жеңілдігі бар ипотека немесе тұрғын үйді жалдау жолымен шешуге, сондай-ақ балалар үйінің түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге тапсырма берген.
"Осы топқа кіретін азаматтар үшін қолжетімді баспана құрылысы басталады. 72 пәтері бар үш ғимарат пайдалануға беріледі, алайда, жеңілдігі бар топқа жататын адамдар көп болғандықтан, кезек те көп", - дейді "Аманат" партиясының өкілі. Ол Мәжіліске сұрау жолдауға уәде берді.
Ирина Георгиевна балалар туралы қуана-қуана айтты. Бес түлек мектепті үздік аяқтаған.
"Бұндай мекеме үшін бұл - жетістік. Олар қазіргі таңда колледждерде грант негізінде оқып жатыр", - дейді Ирина Смирнова.
Бізді сыйлау керек,
Бізге көмек беру керек.
Бізді еркелету керек,
Бізді жақсы көру керек!
Осылай өлең оқыған бала жиналған қауымды күлкіге қарық қылды. Алайда бұл өлеңнің астарында ақиқат жатыр. Өйткені балаларға керегі - осылар...
Александр аниматор кіші топтағы балалардың көздерін жауып, оларға өздерінің ең үлкен армандарын ойлатқызды. Надя атты кішкентай қыздың арманы мынау екен: "Пульт арқылы жүретін қуыршақ армандаймын!"..
Ал қыздың жанында тұрған бес жасар Данил бірнеше рет былай деп қайталады: "Мені анам алып кеткенін армандаймын!"..
Ирина Валерьевна Сазонова бұл жерде жеті жыл бойы жұмыс істеп келеді. Ол балалар үйінде жұмыс істеуді армандаған.
"Бізде "қиын бала" деген түсінік жоқ. Қиын бала болып келетін болар, бірақ, тез үйренеді", - дейді Ирина.
Ал мектепке дейінгі балалардың тәрбиешісі Наталья Александровна Прозорова тастанды балалар бұған дейін де болған, бұдан кейін де болатынын айтады. Өйткені қиын жағдайда қалған отбасылар аз емес. Балалар үйінде кейде кәдімгі үйге қарағанда жағдай жақсырақ, өйткені, арнайы режим бар, ереже, бос уақыт бар, дамытатын ойыншықтар да көп. Балалар күні бойы пайдалы, қызықты істермен айналысады. Тәрбиешілер балалар үйінің түлектерін әлеуметтік қызметкерлер арқылы бақылап отырады, олардың кейінгі тағдырына алаңдаушылық танытады.
Любовь Федоровна Гарайханова киім жөндеп, мерекелік костюмдердің дизайнын жасаумен айналысады. Қызметкерлердің сөзінше, кейде баланы ата-анасы алып кетсе, жылап қалады екен. Өйткені тәрбиешілер балаларға үйреніп қалады. Балалар әлдебір жетістікке жетіп жатса, қуанады.
Роблокс пен Попит костюмдерін киген аниматорлар да балаларды ойнатты. Жоғары сынып қыздары би билеп берді.
София өзі туралы баяндады. Ол музыканы жақсы көреді, сурет салғанды, футбол ойнағанды ұнатады.
"Балалармен ойнағанды жаным сүйеді. Мына жерде өмір сүріп жатқаныма жеті ай болды, "Солнышко" мен үшін туған үйім секілді. Бұл жақта біз бір-бірімізге бауыр сияқтымыз. Директорымыз Ирина Георгиевна анамыз секілді, ол бізді қатты жақсы көреді", - дейді София.
София колледжге түсіп, тәттілер жасайтын аспаз болғысы келеді. Балалар үйінде мереке болып жатқанда тәтті жасауға көмектеседі.
"Торт пісіргенді қатты жақсы көремін, торттың бетіне крем жағып, оны безендіремін. Қаншалықты қиялың көкке шарықтаса, торт та соншалықты тәтті болады", - дейді София.
Кейде мұңлы ойлар бойын шармап алатынын да жасырмады, ондай кезде достары көмекке келеді.
"Адамдар кейде баланы өмірге әкеліп, оны балалар үйіне өткізіп тастайды. Кей адамдар өздері балалар үйінде өскен соң, баласын да осы жерге тастайды. Ана махаббаты қандай болу керектігін білемін. Болашақта мен көрмеген жақсылықтарды балаларыма беру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Менің балаларым - менің болашағым. Оқып, жұмыс істеп, кейін тұрмысқа шығып, басында бір баланы өмірге әкелгім келеді", - дейді София.
София гитара мен скрипканы да меңгергісі келеді. Париж бен Нью-Йоркке барғысы келеді. Францияда болашақ кондитер ретінде круассан мен макарунды жеп көргісі келеді. Мүмкін бір кездері Эйфель мұнарасына қарап отырып, сүйіктісімен бірге круассан жер?.. Ол уақыттың еншісінде.
Төрт жастағы Гоша ешбір ойынға да, сайысқа да қатыспады. Сөйтсе, ол әлі сөйлемейді екен, тек сыбырлап қана "Мама, папа" деп айтады екен. Гоша күлмейді, көздері мұңға толы.
Аниматор Алена Ожередова балалармен көп жылдан бері жұмыс істейді. 21 жастағы бойжеткен университетте оқиды, спортпен шұғылданады. Ол болашақта өз жанұясын құрған кезде өз балаларымен қатар, балалар үйінен де бала асырап алатынын айтты.
Неге ата-ана өзегін жарып шыққан өз баласын тастайды? Аленаның айтары бар.
"Өйткені ол адам есеймеген. Сексуалдық білім алмаған болар. Жоспарланбаған жүктіліктен қалай қашу керектігін білмейді. Бірақ өзінің ісі үшін жауапкершілік алмайды", - дейді Алена.
Алена каратэ-шинкиокушинкаймен (қара белбеу I дан, кмс) айналысады, түрлі ойындардың жеңімпазы, тай боксы муайтаймен де айналысады (кмс). Бос уақытында аниматор, бармен, сәнбике қызметтерін істейді. Оның сөзінше, ата-анасы оған махаббаттарымен бірге біраз қаражат та құйған. Сондықтан ата-анасына сол ақшаны қайтармақ ниетте. Ата-анасы сұрап жатпаса да, қайтару парызым деп есептейді.
Ән де, би де болды. Бәрі бірге суретке түсті. "Аманаттан" балмұздақ алды. Директордың сөзінше, балалар алда Алакөлге барып он күн демалады, бүкіл шығынды демалыс орны өз мойнына алған.
Түстен кейін UCPEvo қайырымдылық қорының қызметкерлері «Маэстро» мерекелік шаралар ұйымдастыру агенттігімен біріге отырып Нұркент шағын ауданындағы «Baby Arena» ойын алаңына "Мұзбалақ" мүгедектер қоғамдық бірлестігі қорының балаларына арнап мерекелік шара өткізу үшін келді.
Азот пен сабын шоуы мұнда да өткізілді. Би, ән, сайыстар да ұйымдастырылып, балалар мәре-сәре болды.
Суреттер АПН сайтынан алынды