Кәсіби бағдар берушілер деген кімдер және олар балаларға керек пе?

блог
Халықаралық балалар күніне орай KIMEP университетінде "Саналы болашаққа жолдама. Балалар болашақта кім болады?" атты дөңгелек үстел өтті.
Статистикаға сүйенсек, 40%-дан астам қазақстандық түлек мамандық бойынша жұмысқа тұра алмайды. 87%-ға дейін оқушылардың мамандық таңдауына ата-аналары мен ұстаздары әсер етеді. Ата-ана баладан қалауын сұрамайды. "Қандай мамандыққа түскің келеді? Жүрегің қандай мамандықты қалайды?" деген сұрақ қоймай, өз қалауларымен балаларына мамандық таңдап беріп жатады.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 90% оқушылар мен ата-аналар еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін білгісі келмейді.
Жоба балалар психологы, сертификатталған коуч және бес баланың анасы Гүлнұр Латыптың мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Гүлнұр жасөспірімдердің мамандық таңдауына жалпылай бағдар берудің мемлекеттік деңгейде баяу жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Гүлнұр Латып көтерген екінші маңызды тақырып - орта деңгейдегі мамандықтардың танымалдығын арттыру.
"Беделі жоғары мамандықтарға балалардың бәрі ұмтылады, ата-аналар да сондай мамандықтарға бар күшін салады, ал орта деңгейдегі мамандықтар саналатын технолог, өндіріс саласы мамандықтарына көбі талпынбайды. Орта деңгейдегі мамандық иелеріне қаражат көп төленуі мүмкін екенін айтқым келеді. Беделі жоғары мамандықтың бәрі жетістікке әкелмейді. Ата-аналар да, балалар да кәсіби бағдар беруші мамандарға оңай қол жеткізе алмайды. "Бәрінде кәсіби бағдар беруші мамандарға баруға мүмкіндік жоқ, сондықтан ата-аналардың бұл қызметті алуы қамтылған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асуы керек", - дейді Гүлнұр.
Гүлнұрдың сөзінше, оған тек аналар ғана емес, балалар да жазып тұрады. Жасөспірімдердің айтуынша, ата-аналары балаларына таңдау бермейді. Көп ата-ана қысым жасап, өз қалауларын балаларына орындатады. Соның салдарынан бала өз жүрек қалауын түсінбейді.
"Ештеңеге құлқым жоқ! Оқығым келмейді, мамандық таңдағым келмейді. Не істесем болады?" деген мәндегі хаттар Гүлнұрға көп келеді. Баланың өзі кімге, қай маман иесіне жүгінерін білмейді.
Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмі арқылы танылған қазақстандық актриса Альмира Тұрсынның сертификатталған коуч әрі кәсіби бағдар беруші маман, "Кәсіби бағдар берушілер ассоциациясының" мүшесі екенін көбі біле бермейді. Альмира мұғалімдермен, балалармен жұмыс істейді, кәсіби бағдар берушілерді оқытады. Оның сөзінше, қазіргі таңда кәсіби бағдар берушілер саласында алға жылжу бар.
"ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кәсіби бағдар берумен көптен бері айналысады, сондықтан бұл жұмысты барынша жүйелі түрде жүргізіп жатыр. Ол кәсіби бағдар беруді мемлекеттік деңгейде көтерді. Бұл қызметті жақсы сапаға жеткізу үшін бізге уақыт керек. Педагогикалық білім беру шеңберінде кәсіби бағдар беру пәнін енгізіп, әр болашақ педагог пен психолог мектептегі балалар үшін не істей алатынын түсінуі керек", - дейді Альмира Тұрсын.
2020 жылы құрылған "Кәсіби бағдар берушілер қауымдастығының" президенті Айдар Айдрәлиев те өз ұсынысын ортаға салды.
"Қазіргі таңда біз үшін өте маңызды болып отырған іс – кәсіби бағдар берушілерге әдіснамалық құралдар дайындау. Біздің жұмысымыздағы жанды жеріміз – өңірлер, ауылдар. Орта мектепте әртүрлі мамандықтар туралы айту керек. Ауылда балалар мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері мен малшыларды көреді. Ауылда өскен балалар "Кім болғың келеді?" деген сұраққа осы төрт мамандықтың бірін айтады. Орта мектептердегі балалар 17 жасқа толар шағында мамандықтың көп түрін көрсетуіміз керек. Алғашқы қадам жасалды - мектепке кәсіби бағдар берушілер міндеттері енгізілді. Кәсіби бағдар берудің маңыздылығын түсінетін басшылар пайда болды", - дейді Айдар.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумова премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, "Бірыңғай ұлттық кәсіби бағдар берушілер орталығын" құру туралы ұсыныс тастағанын айтты.
"Екі үлкен қауымдастық - кәсіби бағдар берушілер мен ата-аналар біріге отырып осы жұмысты жүзеге асыра алады", - деді Динара.
Жасөспірімдер мыңдаған мамандықтың арасынан өз мамандығын таңдайды. Алайда тек жүрек таңдауымен рухани мамандықтарды таңдайтындар да бар. Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетіне "дінтану", "исламтану" мамандықтарына, Алматы православиелік рухани семинариясына дін жолында қызмет ету үшін оқуға түсетін түлектер де жетерлік.
Көрнекі сурет: muftiyat.kz
Көрнекі сурет: АПН
"Адам дүниелік құндылықты жоғарыға қояды, дүние қалай келсе, солай кетеді. Ол тұрмыстың маңызды мәселесіне назар аудармайды. Біздің міндетіміз - адамды шынайы құндылыққа бағыттау. Семинария студенттерінің өмірі, киім киісі басқа оқу орындарында оқитын студенттерге мүлдем ұқсамайды, саналы адам бұл ойланатын мәселе емес екенін түсінеді. Адамның немен айналысып жүргеніне назар салу керек. Сонда адамның рухани өмірінің мағынасы түсінікті болады", - дейді Алматы рухани семинариясының проректоры, дін қызметкері Иоанн Ливинский.
Суреттер АПН сайтынан алынды