Өлмейтіндей өмір сүреміз
жеке
блог

Өлмейтіндей өмір сүреміз

Өлмейтіндей өмір сүріп жүрміз байқайсыз ба? Кейде, бұл дүниенің жалғандығына көз жеткізсек те, сынақтардан сүрінбеуді көздесек те, арғы дүниеде сұралатынымызға көз жұма саламыз. 

 Білеміз, біле тұра қарсы жүреміз неге? Қанша мәрте жолдан адассақ та, қанша мәрте адамзат атаулыға күйе жақсақ та, қанша мәрте күйсек те неге жеңіл жолға асығамыз? 

 

Өзіңізге сұрақ қойып көрдіңіз бе? Өмірге келгенде қандай болдыңыз? Кеткенде қалай боласыз? Осы жалған дүниедегі сұрақтарға, мәңгілік дүниедегі сұрақтарға жауап бере аласыз ба? Әр ісіңіздің нәтижесін, басыңызды тік көтеріп көрсете аласыз ба? Отбасыңыз, ата-анаңыз, бауырларыңыз, сүйгеніңіз, балаларыңыз, достарыңыз, тіпті өзге де адамдардың алдында адамзат деген атқа лайықсыз ба? Жауап беретін өзіңіз.....

 

Дәл осы тұста Абай атамыздың бір өлең шумақтары есіме түсіп отыр.

 

Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,

Боқтан сасық боласың өлсең тағы.

Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі — ол баяғы.

 

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!

 

Адам деген өмірдің жалғандығын ұмытқан сәтте, бұл дүниенің мәнін жоғалтады. Ал сіз ше? 

Кейде барға қанағат, жоққа сабыр айтудан, жақындарымыздың жанынан табылудан, достарымызға адал болудан, сүйгенімізді сүюден бас тартамыз. Тіпті жанымыздағы адамдарға жақын болудан қорқамыз. Адал еңбектен қашамыз. Жеңіл жолмен биікке жеткіміз келеді. Өзгелерді мейірім мен махаббатқа бөлеуден жасқанамыз.

 Не кедергі? 

Бар болса күпіршілікке саламыз, жоқ болса тағдырға налыймыз. Барлығына өзіміздің ниетіміз жетелейтінін білеміз бе? 

 

Мен де, сіз де судан таза емеспіз... Алайда, сізге сәл де болса ой салдым деген ойдамын. Жалған дүниенің мәнін жоғалтпайық.