• 451.15
  • 503.11
  • 4.94

TED жобасы жайлы естуіңіз бар ма?

TED жобасы жайлы естуіңіз бар ма?
жеке
блог

«TED» деген не?

«TED» сөзі ағылшын тілінен алынған. Ол T – Технология, E – Ойын-сауық, D – Дизайн деген мағынаны береді. Ең алғашқы TED конференциясы 1984 жылы Калифорнияда өткен. Соның негізінде жыл сайын идеяларды тарату мақсатында TED қоры құрылған. Бұл идеяны бастаған – Ричард Сол Вармен. Жобаның міндеті – қоғамда өзіндік идеясы бар шығармашыл адамдарды бір алаңға жинап, олардың ғылыми пікірін ортаға салу. Жобаның басты ерекшелігі – сахнадағы конференция спикері 20 минутқа жуық уақыт ішінде өзінің идеясын жеткізуі керек. Ойын құр сөзбен емес, басынан өткен қызықты оқиғасымен байланыстырып, көрерменге эмоция сыйлауы шарт. Осылайша спикердің айтылған ойы адамдардың есінде оңай сақталады. TED жобасының ішінде бөлек тақырыпшалар сияқты жобалар да бар. Мысалы, TED-кітап, TED-аудармашылар, TED-үміткерлер және TED-жүлде.

TED пен TEDx-тің айырмашылығы

TED – қор, негізгі жобаның атауы, ал TEDx – осы жобаны өз елдерінде өткізіп келе жатқан конференцияның бір форматы. Қарапайым тілмен айтқанда, жобаның филиалы іспетті. Бұл – ғылымды насихаттауға арналған ғылыми конференция. Кез келген адам TEDx ұйымдастыра алады. Ол үшін ғаламдық ұйымнан лицензия алуы керек. Кейін ұйымдастырушы өңіріндегі қарапайым өзіндік ойы, идеясы бар адамдарды бір ортаға жинап, өткізеді.

Қазақстанда TEDx жобасы бар ма?

Бұл жоба Қазақстанда да бар. TEDх Almaty, TEDх Astana, TEDх OrdabasySquare және т.б. TEDх Almaty – Қазақстандағы ең бірінші болып 2010 жылы құрылған жоба. Жыл сайын күзде өткізіп тұрады. 2012 жылдан бастап TED пен WikiBilim қоғамдық қоры TED Talks жобасын қазақ тілі мен орыс тілдеріне аударуды қолға алды.

Жоба бізге не береді?

Жоғарыда жазып өткенім-дей, жобаға тың идеясы бар адам қатыса алады. Жоба бізге басқаша ойлауға мүмкіндік береді. Ойымызды өзгертеді. Мысалы, менің алгебраға деген қызығушылығымның артуы соның дәлелі. Одан бөлек TED Talks жобасына әлемдегі ең ақылды және әйгілі адамдар дәрістер оқиды. Жетістікке жеткен адамдар өмір жолын, басынан өткен қиындығын айтады. Оны естіп, көріп отырған адам мотивация алады. Ол адамның жасаған қателіктерін жасамауға тырысады. Осылайша адам бір ғана адамның ойы арқылы сол адамның қателіктерін жібермеуге тырысады. Мақсатқа жетуге бір қадам жасайды.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің TED клубы

Клубтың негізгі концепция-сы – «Таратуға тұрарлық идеялар». Жобаның мектепте енгізілуінің басты себебі –оқушыларды көпшілік алдында сөйлеуге, пікірін ашық жеткізуге баулу, ғылыми-зерттеу жүргізуге үйрету. Жоба «Wikibilim» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асады. Клуб мүшелері әлемдік ғалымдардың, өнертапқыштардың дәрістерін тыңдап, талқылайды. Одан бөлек өздерін толғандырып жүрген тақырыптарына жоба форматында пікірін білдіреді. Оқушыларды ынталандыру мақсатында жыл сайын үздік деп танылған топтың бір мүшесі Калифорнияда өтетін TED конференциясына жолдама ұтып, әлемнің озық ойлы өнертапқыштарымен кездесуге мүмкіндік алады. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Алып идеялардың жүзеге асуы» атты конференция өтті. Осы жобада Назарбаев зияткерлік мектебінің физика-математика бағытындағы 9-сынып оқушысы Айгерім Буликбаева ең жас спикер атанды.

TED-тің әлемге әйгілі спикерлерін білесіз бе?

Кэмерон Рассел – америкалық танымал модель. Ол өзінің баяндамасында сән бизнесіндегі өмір жолын, осы саладағы кемшіліктерін бөлісті. «Қыз балаға берілген сұлулықтың маңызы қандай?» деген сұраққа жауап іздейді.  Баяндамасының тақырыбын «Сыртқы сұлулық келбетпен шектелмейді. Сеніңіз, мен модельмін» деп алған. 

Мэри Роуч – америкалық танымал журналист, жазушы-сатирик. Ол баяндамасында адам ағзасындағы біз білмейтін 10 қызықты мәліметті айтты. Сьюзен Кейн – жазушы, оқытушы, «Quiet» кітабының авторы. Біздің өміріміз үнемі қарым-қатынастан тұрады. Кейде біз аз араласатын, яғни интроверт адамдарға мән бермейміз. Қоғамнан шектетеміз. Бірақ бұл типтегі адамдар керемет туындыларды ойлап табуға қабілеті бар. Сондықтан да Сьюзен Кейн интроверттердің мүмкіншіліктері жайлы баяндама жасады.

P.S. «Ұландық» жас дос, TEDх жобасына қызықсаңыз, ой-өрісіңізді кеңейткіңіз келсе, әлемдік танымал спикерлердің дәрістерін ted.com сайтынан көруге мүмкіндік бар. Отандық TEDх-ті де қолдауды ұмытпа!