Түн қызы
жеке
блог

Түн қызы

Мектеп бітірер жылы өмірінде алғаш рет жіберген қателігі Айсәулені тағдырдың теперішіне саларын кім білген. Мемлекет грантына көрсеткіші жетпеген оны оқытатын жалғыз анасының қалтасы көтермейтінін де білетін. Ал әкесінен көмек сұрау-аспандағы айды сұраумен тең. Айсәуленің бала кезінен ашыла сөйлей бермейтін тұйықтығы бар болатын. Мүмкін оның себебі отбасылық жылулықты көрмегеннен болар. Бәлкім көңілі онсыз да жабырқау анасының көңіліне көбірек мән беріп, ойында жаңғырып жатқан ойларды түн тыныштығына тұншықтырып үйренген болар.

Соңғы аптада өзіндегі жайсыздықты сезінген Айсәуле жасырын дәріханаға бара жатты. Таң атысымен Құдайына сыйынған оның тілегені бір ғана нәрсе: «тек бұл нәрсе емес...». Дегенмен оның Құдайының құрған жоспары басқа болғандай. Екі сызықты көрген мезетте жарық дүние түнекке айналып кеткендей. Қара түн құшағына алып, Айсәулені сәулесіз қалдырғандай күйде ұзақ отырды. Дірілдеген еріндері бір ғана сөзді қайталай берді, онысы «Мама...».

Олар мекен еткен аймақ шағын ғана ауыл. Барлығы бірін-бірі таниды. Бұл жаңалық ауылдың көрші қатындарының оның анасына қарсы қаруы екенін түсінге ол қоныс аударуға бел байлайды. Жасы егделенгеy жалғыз анасын да қалдырғысы жоқ. Іштей «Мама, мен сізді қорғағым келеді...» деп қайталай берді. Ал оны кім қорғамақ?

Анасын көндіріп, Алматыға беттеді. Мектепте естігені Алматы-ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ қала. Сол қалаға барып жоғалып кеткісі де келді. Бөтен қалада ешкімі жоқ, мекені жоқ... өз мекенінен жолға шыққанда домаланып аспанда ілініп тұрған айды туғанындай көрді. «Анама көз қырыңды сала жүр...» деп сыбырлады.

Алматы-оқу іздеп келгендерге баспалдақ, ақша іздеп келгендерге-табыс, бақыт іздеп келгендерге-үміт сыйлайтын мекен. Тек Айсәуле не іздеп келгенін өзі де білмейтін. Жолда жас қыздарды жұмысқа қабылдаймыз деген хабарламаны көріп, хабарласқан. Елден бару жолын сұрастырып, беймәлім мекенге бара жатыр. Биік-биік ғимараттар арасы. Тура бір қаланың ішіндегі қала секілді. Тұрғындары күннің көзіне шағылысқан қап-қара мәшинемен ерсілі-қарсылы кіріп-шығып жатыр. Шамалап келісілген үйдің домофон нөмірін шырылдатып басты. Жоғары көтерілуге лифтіні шақырып еді, іші аппақ, кіршіксіз келбетіңді үлкен айналары жарқыратып көрсететін қорап жарқын болашақтың сәулесіндей көрінді көзіне....

 

......жалғасы бар...