"Өнер — таусылмас қазына, сарқылмас байлық"

    Қазақ өнерді бағалаған халық. Жай бағалап қоймай әділ сынын айтып, бағасын беріп, құрметтеген. Қостанай облысы Аманкелді ауданында мәдениет саласында отыз бес жыл қызмет жасап, талай шәкірт тәрбилеген, жас дарындардың биік деңгейге көтерілуі үшін жағдай жасаған, ұлт руханиятының жанашыры, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Лиза Таутанқызының «Өнер — таусылмас қазына, сарқылмас байлық» атты кітабының тұсау кесері өтті. Тұсау кесер аудандық мәдениет үйі ғимаратының арнайы безендірілген дәлізінде өткізілді. Лиза Мизамбаеваның облыстық, аудандық және өзге де марапаттары мен алғыс хаттары «Өнер көшін серік еткен — мәдениет майталманы» деген атаумен көрме ретінде қойылды. Кітапқа аудан төңірегінен шыққан мәдениет пен өнер салаларына өлшеусіз үлес қосқан, мәдениет басшылары мен өнер жанашырларының өмірбаяны топтастырылған. Кітап аудан әкімдігі және де бірқатар азаматтардың көмегімен, белгілі музыкант Сапарғали Ахметжановтың қолдауымен, Қостанай қаласындағы «Қарлығаш» баспаханасынан жарық көрді. «Өнердің дарабоздары», «Музыка әлемінің саңлақтары», «Мәдениет басшылары, өнер жанашырлары», «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы», «Өнер алды қызыл тіл», «Мәдениет халықтың алтын діңгегі», «Өнерге қанат қаққандар» деген жеті бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің өзіндік шертер сырлары мен көркем кестеленген сөздері бар. Бұл кітаптың өзге кітаптардан ерекшелігі һәм өзгешелігі өнер адамдарының тазалығы, пәктігі, олардың тағдыры жайлы толғана сыр ақтарады. Аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы және Жанар Шөптібайқызы кітаптың лентасын қиды. Нұр-Сұлтан қаласынан белгілі музыкант, Аманкелді ауданының құрметті азаматы Сапарғали Ахметжанов және мәдениет саласының ардагері, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Жұлдызай Олжағұлова құттықтап, сөз сөйледі. Автор өз қолтаңбасы қойылған бірнеше кітапты келуші қонақтарға табыс етті.

    Кітаптың тұсау кесерінен кейін көрермендер залында орналасқан сахна да кітап иесі жайлы фильм көрсетіліп, «Өмірін — өнермен өрнектеген» атты шығармашылық кешіне жалғасты. Лиза Таутанқызы сахнаға арнайы қойылған орынға жайғасар сәтте — әншілер мен өнерпаздар қолдарына гүл ұстап қарсы алып, кеш иесіне табыстады. Аталмыш кештің өзге кештерден өзгеше бір ерекшелгі бар, ол кітапта аттары аталып, алтын әріппен жазылғандай болған тұлғалардың кешке жиналуы. Көрермен ретінде қатысып, тамашалауы.

    Аудан әкімі Талғат Карбозов сахнаға шығып құттықтау сөзін сөйледі. Құттықтау барысында өнер майталманының көптеген еңбектері, ел үшін, қастерлі өнер, киелі сахна үшін жасаған істері айтылды. Алдағы уақытта да мәдениет саласында қажырлы еңбек ете беруі мен толайым табыстар тіледі. Сөз соңында аудан әкімі Лиза Таутанқызына «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

    Кеш иесінің сіңілісі Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген ұстаз, өнерпаз, кітап кейіпкері Ақжанай Қалиева «Айқаракөз» әнін орындап, әсем әнмен шашу шашты. Ауданның талантты әншілерінің бірі, Халықтық ұлт аспаптар оркестрінің әншісі, «Торғай әуендері» фестивалінің лауреаты Жазылбек Сейтқалиев «Мен сіздерді жақсы көремін» әнін шырқады. Кітап кейіпкерлері Нұр-Сұлтан қаласынан, апалы-сіңілі кәсіби музыканттар Әсия мен Бақыт Қонаровалар жиылған көрермен жүректеріне музыкалық шығармаларымен жол тапты. Сахнаға ҚР мәдениет қайраткері, ұстаз-педагог Әсия Мұқтарқызы шығып, қобыз аспабында қазақ әндерінен попурри орындады. Ал «Әгугәй домбыра» әнін апалы-сіңілі қос өнерпаз әуелете бірге шырқап, халық қошеметіне бөленді. Ауданның жас әншісі, қыл қалам шебері, суретші Айдар Тұрысбек «Ана» атты әсем әнді кеш иесіне арнап, шын көңілмен шырқады.

    Ұстаздың шәкірті, шәкірттің де шәкірті болары белгілі. Лиза Мизамбаеваның шәкірті, қазіргі таңда «Мереке» бишілер тобының жетекшісі Данагүл Молдашеваның тобы мың бұралып биледі. Кеш иесінің құрбысы әрі өнер де жүрген әріптесі Гүлмира Абдрахманова «Қызыл көйлек» атты әсем әнді орындады. Өнер адамының өміршең жобалары мен байқаулары болады. Сондай байқаудың бірі һәм бірегейі — 28 жыл үзіліссіз балабақша бүлдіршіндері арасында өткізіліп келе жатқан, аудан орталығының көрермен көзайымына айналған «Түйме қыз» байқауының авторы Лиза Таутанқызы болатын. «Қаламқас» балабақшасының меңгерушісі Гүлім Ғиуазқызы бүлдіршіндер атынан арнайы шығып құттықтады. Мәдениет үйінің талантты әншілерінен құралған «Нұр Әлем» триосы «Сенің көзің» әнін орындаса, дарынды әнші, Ақмола облысы, Жарқайың ауданынан Ақтоты Садуақас «Ноябрь» әнін шырқады. Мәдениет үйінің қызметкері, Л. Мизамбаеваның әріптесі, тұсауы кесілген кітаптың корректорры, компьютерге теріп баспаға дайындаған Индира Арбабаева және қызы шешендік өнердің шебері, бірнеше дүркін республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, кітаптың ең жас кейіпкері Карина Жолдыбек «Гүлім» әнін орындады. Ақжол Нұрлановтың жетекшілігіндегі «Қисса» этно ансамблі Қазанғаптың «Ақ желең» күйін орындап, жиылған қауымды күймен сусындатты. Кештің арнайы қонағы, белгілі айтыскер ақын Бүркіт Бекетовтың қызы Динара Бекетова «Өмір-өзен» әнін сызылта, толқыта айтты. Шешендік өнердің шебері, жас ақын, Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті Аякөз Досымханова Лиза Таутанқызына жазған арнау өлеңін оқыды. Өзге де аудандық мәдениет үйінің әншілері Лиза Таутанқызына арнап өнерлерін көрсетіп, әсем әндерін шырқап, жиылған көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сахнаға шыққан өнерпаздар кеш иесіне сыйлықтары мен гүл шоқтарын табыс етіп, құттықтады.

    — Бүгінгі менің кітабымның тұсау кесеріне және кешіме жиналып отырған барлық қонақтарға, көрермендерге алғысымды айтамын. Ризашылығымды білдіремін. Барлығыңызға рахмет. Аудан әкіміне, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне, одан бөлек қаржылай көмек көрсеткен ізгі адамдарға, Сапарғали ағай Ахметжановқа алғысымды айтамын. Негізінде кітап жазамын деген ой болмаған еді. Өнер адамдары жайлы Инстаграм, фейсбук желілеріне жазба ретінде жазып бастаған едім. Мені қолдап, маған қанат бітіріп, «мотиватор» болған Сапарғали ағай болатын. Сол кісіге басымды иіп рахмет айтамын, — деп кеш соңында Лиза Таутанқызы жиналған қауымға алғысын білдірді!

   Төменде Аякөз Досымханованың арнауы.

    "Лиза Таутанқызына"

 

Жас ұрпақтың бастауына қолдау берген,

Мен өзіңді Үлгі тұтар тұлға дер ем.

Еңбегіңіз ел алдында ақталуда,

Бұл сізге келген бақыт адал термен.

 

Қара суын татып өскен Үрпектің

Мейірімді жанды айтып, жыр еттім.

Мәдениетке көп жылдар үлес қосқан,

Бүгінгі күн символы сіз еңбектің.

 

Аямай қара сөзбен жырды бүгін,

Елге еріксіз көрінетін Ойшылдығың

Ой оңды болмай жатып, іс оңбайды,

Осындай көп болсыншы тойшыл күнің.

 

Кішкентайдан алдыңызда өскен жанмын,

Есте қалған ерекше коп есті қалпың

Сіз білдірген әр ықылас көз алдымда,

Сақтаулы тұр қалайша ұмытармын?

 

Сондықтан бір сіз үшін құрмет ерек,

Айтқан әрбір ақылыңыз тілге тиек.

Өнер атты шығарманы сыйға тартқан,

Өзіңіздей биік тұлға елге керек!

 

35 жыл тер төккен тынбай жастан,

Әр қадамын дәлділеп нақты басқан.

Қарапайым,ақкөңіл бейнесімен,

Қатарынан оза шығып, белді асқан.

 

Жүріп өткен жолыңыз- қалмайды еш жасырын,

Пайымдаган сөздердің шындығы мен асылын.

Келешекке мұра боп , бой көрсетіп қалатын,

Бүгінгі бас қосудың ,себебі осы басылым.

 

Ойға кеңнен, талдауы терең бұл кітап,

Төрімізден бой көтеріп,алган орын жарқырап.

Әр бетінде төгілген ,мазмұнымен халыққа 

Жеткендейін бейнесі,үйлесіп тұр дәлді нақ.

 

Таланттының дарынын бағалаған,

Шын мықтыны арасынан саралаған.

Әр әріпін мәнді еткен шығармада ,

Қызықпай мазмұнына Қалама адам?

 

Көз қызықтар сыртынан сұлу келбет,

Тыл тарихтың басылуы оңай келмет.

Есімімді бір бетіне жарқыратқан

Сізге алғыс айтуым басты міндет!

 

Тыңдарманды тәнті еткен талғамымен,

Бір ақ сәтте беттестірген арманыммен

Мәдениеттің биігінде орын алған,

Сізден асқан бақытты жан бар ма дер ем?!

 

Жар салып алты алашқа айтатын мұң,

Ән шырқап,би көрсетсін, байқатып мың.

Осындай қуанышқа ортақ болған

Құтты болсын, бүгінгі айтулы күн.

 

Бибіт НҰРМҰХАНОВ,

Қостанай облысы, Аманкелді ауданы.

 

 



Бөлісу: