Ұлылықтың басында ұстаз тұрар

Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Шәкәрім - Абайды, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. "Ұстазы жақсының ұстамы жақсы" дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын "Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым" деп еске алатын болған екен. Біз де мектептегі ғана емес өмірлік ұстазымыз бола білген ардақты ағайымыз Қашақбаев Бисетай Тәнекұлының алдын көріп, сондай тағылымы мол ұстаздың шәкірті болғанымызды мақтан тұтамыз.

Бисетай Тәнекеұлы 23.03.1949 жылы Алматы облысы, Талғар ауданы, Қосқұдық ауылында дүниеге келген. 1956 жылы 1-сыныпқа барып, 1966 жылы мектепті бітіреді. 1967 жылы Алматы қаласындағы "Киров атындағы Қазақ ұлттық университетіне" тарихшы мамандығына сырттай оқуға түседі. Оқумен қатар 1966 жылдан бастап Қосқұдық станциясындағы электросетьтте слесарь-токарь мамандығында жұмыс істейді. 1967 жылдан бастап Қосқұдықта комсомол ұйымын басқарып, сонымен қатар футбол, волейбол және баскетболдан команда капитаны болады. Осы қоғамдық жұмыстарды атқара отырып ұстазымызды 1969 жылы Шеңгелді ауылдық округі бойынша депутат етіп сайлайды.

1976 жылы Қосқұдық станциясының күндізгі және сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі болып және №47 (қазіргі №9) орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атақарады. 1983 жылдан 1998 жылға дейін №47 орта мектебінің директоры болып тағайындалады. 1991 жылы "Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері" төсбелгісімен марапатталады. 1998-2001жылдары Шеңгелді ауылында Салық қызметінің инспекторы болып қызмет атқарады. 2001-2003 жылдары Қосқұдық ауылының "Өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы болып сайланады. 2004-2006 жылдары Қосқұдық ауылының №9 орта мектебінің директоры болып қайта сайланады. 2010-2014 жылға дейін мектепте оқушыларға әскери жетекші болып жұмыс атқарды. 2012 жылы құрметті демалысқа шығады.

Ұстазымыздың еңбек жолы әркімге үлгі. Табандылық пен ақыл-парасат арқасында ешбір тамыр-таныссыз еңбек жолында төменнен жоғарыға қарай өрлеуге болатындығының үлгісі.  Ғұмыр жолында ағаймыз түрлі Құрмет грамоталарының иегері болды, әлі де ерен еңбегі үшін де ала бермек. Күні кеше ғана "Қапшағай   қаласының құрметті азаматы" атағына ие болды.  Бисетай Тәнекеұлын осы бір жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл - үлкен жетістік! Бүгінде ағаймыз алты баланың әкесі, он үш немеренің атасы болып отыр.

Ұcтaздың оcыншaмa қaдiр-қacиет, құрметке бөленуi өзiн қоршaғaн ортa мен әрбiр шәкiртiне acқaн cезiмтaлдықпен, жaуaпкершiлiкпен қaрым-қaтынac жacaуындa. Өйткенi оның қaрaпaйым дa cыпaйы киiм киici, мәдениеттi cөзi, әдептi жүрic-тұрыcы, жинaқы ic-әрекетi, бiлiмi шәкiртке де, aтa-aнaғa дa, жұртшылыққa дa өнеге. Ағай бізге тарих пәнінен сабақ берген. Мектебімізде тарих пәнінің өту әдістемесі жақсы қойылған. Шәкірттердің қай-қайсысы да ҰБТ-да тарих пәнінен үнемі жоғары көрсеткішке ие болып отырған. 

Ұстаз мерейі ең алдымен шәкірт жетістігімен өлшенеді. 2011 жылы Ұлттық Бірыңғай Тестілеуде "Қазақстан тарихы" пәнінен барлығы 25 сұрақтың  23 сұрағына дұрыс жауап беріп, 23 балл алу үлкен жетістік еді. Сыныптастарым Ренат Мұратұлы, Нұржан Көптілеуұлы таңдау пәніне "Дүние жүзі тарихы" пәнін таңдап ҰБТ-да жоғары балл жинап, бүгінде өз ісінің үлгілі маманы болып отыр. Тарих пәніне ерекше ықыласымызды ашып, жақсы нәтиже көрсетуімізге мол септігін тигізген аяулы ұстазымыз Роза Асқарқызына үлкен алғыс білдіреміз. Бойдағы бар күш-жігерін аямай, зерделі де зейінді шәкірт тәрбиелеу үшін бар білімі мен ілімін аямаған аяулы ұстаз алдында мәңгі борыштармыз.

Бүгінде мектеп түлектері, ауыл азаматтары арманының соңынан еріп үлкен лауазымдарда, жақсы қызметте отырғаны мектеп, ауыл үшін үлкен мәртебе. Қай-қайсымыздың болса да бүгінгі жеткен жетістігіміз аяулы ұстаздарымыздың арқасы деп білеміз. "Бір әріп үйреткен ұстазға өмір бойы тағзым ет" деген ұстанымды зердемізге сіңіріп келеміз. Осы орайда киелі қара шаңырақ №9 орта мектебінде ұзақ жылдар бойы ел баласын оқытуда аянбай еңбек етіп, бірнеше толқын ұшырып, әкелерімізді кейін бізді баулыған, тәлім-тәрбие берген зейнеткер ұстаздарымыз бастаған бір топ ағай-апайларымызға жүрекжарды алғысымызды білдіреміз. Мұхаммедтайыр Жадырасынұлы, Бисетай Тәнекеұлы, Айтансик Рыстаевна, Наталья Каусовна, Ольга Ивановна, Римма Усмановна, Роза Асқарқызы, Раушан Әлжанқызы, Пернегүл Оспанқызына т.б. (есімдері енбей қалған ұстаздар болса кешірім сұраймыз) біздің мектебімізден   құрметті демалысқа шыққан барша ұстаз қауымына рақметімізді айтамыз. Бүгінде мектеп тізгінін басқарып келе жатқан жас та болса өз ісімен талай биікті бағындырып, талай белеске қол жеткізген азамат Кожамсеитов Руслан Бексултанович бастаған  барша №9 орта мектеп ұжымының ұстаздарына шәкірттік ыстық ниет-көңілімізді білдіріп, үлкен алғысымызды айтып, алдарыңызда бас иеміз. Аяулы ұстаздар, келіп жеткен төл мерекелеріңіз құтты болсын. "Ұстаз ұстаз емес өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт шәкiрт емес өз ұстазын сүймесе",- демекші сіздердің біздерге берген тәлім-тәрбиелеріңіз, үлгі-өнегелеріңіз, өмірлік маңызы бар ақыл-кеңестеріңіз мәңгі жадымызда. Биікке ұмтылуға,  ұшқыр қиялымызға, арманымызға қанат бітіргендеріңіз үшін, өзімізге деген сенімділігімізді арттырғандарыңыз үшін, азаматтық дұрыс ұстанымдарымызды қалыптастыра білгендеріңіз үшін Сіздерге мың алғыс айтамыз.  Осынау шарапаты мол жұмыста өздеріңізге күш-қуаттың сарқылмауын, қашанда үміттің ақталуын тілейміз. Аман болыңыздар, ғұмырлы болыңыздар!

"Мектеп қартаймайды!" Өте бір тауып айтылған сөз, қанатты сөз десе де болады. Мектеп мұхит толқындары сияқты. Жылда жаңа толқын бітіріп шығады. Мектеп бітіргендер қартаяды. Ал жаңа толқындар келе береді. Мектеп қартаймайды",-Мұхтар Шаханов сөзімен мақаламызды қорытындалығымыз келеді. Ауылымыздың абыройы асқақтай берсін,  мектебіміз гүлдене берсін! Қосқұдық – киелі мекен. Бұл өңірден, №9 орта мектебінен есімі барша республикаға танымал хирург дәрігерлер, ақ халатты абзал жандар, ел баласын оқытуда аянбай еңбек етіп келе жатқан мұғалімдер, халық мұңы мен қамын ойлаған депутат азаматтар, бизнесмендер, ауыл шаруашылығын түлектен қаншама еңбек ерлері, ел мерейін асқақатып халыққа қызмет көрсету орындарында жұмыс атқарып келе жатқан ерлер дүниеге келді.  Елдегі азаматтардың тың бастамалары арқылы атқарылып жатқан әрбір игілікті істері мен жағымды жаңалықтарын үлкен тебіреніспен, толқыныспен оқимыз. Жетістіктеріне қуанамыз. Ауыл азаматтары мен азаматшалары Саят Дәндібайұлы, Асанов Берік, Ғалымжан Сабырұлы, Мұрат Талғатұлы, Әлібек Жұмаханұлы, Жәнібек Чимчиков, Болат Талбайұлы, Айдын Серікханұлы, Абдиев Болат, Елдос Мұхитұлы, Дастан Нұрланұлы, Каменов Диас, Мөлдір Тілеужанқызы, Жанар Базарбайқызы, Ишенгалиева Бану, Никуленко Елена (осы кісілерден бөлек үлгі алатын аға-әпкелеріміз қаншама, бәрінің есімін жазу мүмкін емес, құрметті түлектер, түсіністік танытасыздар деген ойдамыз) сынды мектеп түлектерінің бүгінгі жетістіктеріне шын қуаныштымыз. Біз еліктеп өскен аға-әпкелеріміздің соқпағы үзілмейді деп сенім білдіреміз. Ауыл атын республика деңгейіне танымал ететін дарынды шәкірттеріміз түлей берсін! Ұстаздарымыз  ғұмырлы болсын!

2011 жылғы №9 орта мектебінің түлегі,
Satbayev University оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі
Нұрмұхан Әсем Серікқызы



Бөлісу: