Қайырымдылық – адам жанының нұры

Семейдегі Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназия оқушылары игілікті бастаманы қолға алып отыр. Жаңа жыл алдында жасаған челлендж қайырымдылық жасауға бағытталған екен.

Үшінші «б» сыныбының оқушылары Жаңа жылға орай берілетін сыйлықтарды өздеріне қалдырудың орнына жанұя жылулығына мұқтаж балақайларды қуантуды жөн көрген. Білікті ұстаз Нұргүл Мұқанованың жетекшілігімен оқушылар осыған дейін де қайырымдылық шараларын ұйымдастырған. Игі бастамаларға ата-аналар да білек сыбана кірісіп келеді. Бұл жолы жүректері мейірімге толы балалар  «бір күн тәтті жемесем», «бір күн жаңа киім кимесем», «биыл жаңа ойыншық алмасам» деген лебіздермен ерекше эстафетаны күллі қазақстандық оқушыларға жолдады.

 – Барлық ата-аналарды балаларын қайырымдылыққа тәрбиелеуге шақырамыз. Қайырымдылық  – адам жанының нұры. Сөзбен емес, іспен көрсеткен өнеге бала жадында мәңгі қалмақ, – деген оқушылардың ата-аналары эстфетаның ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында өткізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

Нұргүл Құлжағазықызының бастамасымен құрылған «Әкелер кеңесі», «Аналар алқасы» сәт сайын мұқтаж жандарға барынша көмек қолын беруде. Естеріңізде болса жаз айында Семейде көпқабатты үйде болған өрт салдарынан үш жеткіншек анасынан айырылған еді. Үлкенінің жасы – алтыда, ортаншысы – бесте және кенжесінің жасы небәрі үштен енді ғана асқан. Көпбейінді гимназия оқушылары өздерінің тәттілері мен әралуан сыйлықтарын осы бүлдіршіндерге табыстап, көңілдерін көтеріп қайтты. Нұргүл Мұқанова мұндай эстафеталардың өзге өңірлерге тарап, оқушылар мен ата-аналар жүрегіне имандылық ұялататындығына сенім білдірді.

 

Әділхан Есімханов. Шығыс Қазақстан облысы



Бөлісу: