ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДА - КҮШ-ҚИМЫЛДЫ АЯМАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛДА - КҮШ-ҚИМЫЛДЫ АЯМАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
жеке
блог

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі ешкімді де бей-жай қалдырып отырған жоқ. Қарапайым ел тұрғындарынан бастап, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, билік басындағылар, зиялы қауым өкілдері де өздерінің ой-пікірлерін айтып, жағалай жабысқан бұл індетпен бүкіл ел болып, халық болып күресуге шақырып келеді. Десе де бұл үндеулер жемқорлықтың желкесін қиып, түп-тамырына балта шаба алар емес. 

Турасына келер болсақ, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық кез келген дамыған және дамушы елдердің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар қоғам ішінде демократиялық көзқарастар мен оң өзгерістердің жүзеге асуын кешеуілдетіп, елдің халықаралық беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді. Ал мұның соңы өздеріңізге белгілі, сол елдің азаматтарының билік өкілдеріне деген сенімін азайтады. Ұйымдасқан іс-әрекеттер, яғни сыбайлас жемқорлық түріндегі қылмыстық істерді әшкерелеп, нәтижелі күрес жүргізу үшін жемқорлықтың  мәні мен түрін теория бойынша да, әсіресе тәжірибе жүзінде де анықтау өте маңызды. Сонымен қатар мұндай зиянды іс-әрекеттің жасалуына көмекші болған жағдайларды және оның басты себептерін ашуға баршамыз бірдей атсалысуымыз қажет екені айтпаса да түсінікті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында, болашақта іске асырылуы тиіс стратегиялық жоспарлары мен бағдарламаларында жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттарын бірнеше рет айқын көрсетті. Сыбайлас жемқорлық қоғамдық адамгершілікке, сенімділікке қауіп төндіреді, себебі ел азаматтарының санасында әсіресе келешек өсіп келе жатқан жас ұрпақтың санасында биік белестерді бағындырудың негізгі әдісі ретінде заңға қайшы әрекет сыбайлас жемқорлық екен деген сенім қалыптасып қалуы мүмкін. 

Жалпылай алғанда, жемқорлықпен күресте төмендегі негізгі міндеттерді басты назарға алған дұрыс деп есептейміз:

– бірінші, сыбайлас жемқорлықтың туындауына себеп болатын шарттарды жою;

– екінші, мемлекеттік қызметке бақылауды күшейту;

– үшінші, мемлекеттік қызметтің әртүрлі салаларында сыбайлас жемқорлықтың орын алу деңгейін анықтау кезінде халықаралық тәжірибелер жүйесін пайдалану;

– төртіншіден, билік құрылымдарының, билік өкілдерінің қоғамға ашықтығын көрсету қажет.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу аясында мақсат етіп қойған мемлекеттік саясат - xалық пен билік арасындағы құқықтық әрекеттердің заңды түрде орындалуына ықпал ету. Біздің де көксейтініміз - азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы. Себебі, Қазақстан – көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен асулар мен ауқымды мақсат-міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді және сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Ол үшін біз әділ, адамгершілік пен сенімділікке негізделген іс-әрекеттер жасауымыз керек. Сонда ғана бұл өз нәтижесін береді. Сондай-ақ, кез-келген істе болсын, жұмыста болсын ел азаматтары құқықтық білімдерін жетілдіріп отырса дейміз. Себебі, құқықтық білімнің төмен дәрежеде болуы заңдардың толықтай орындалуын әлсіретеді. Нәтижесінде, мұндай сәтте сыбайлас жемқорлық көріністері алға шығады. Сондықтан бұл да қаперде ұстайтын дүние. 


Авторы: ҮМІТ ӘЖІМҰРАТОВА - "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ Алматы облысы бойынша филиалының - Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Еңбекшіқазақ аудандық бөлімі басшысының орынбасары