"АРЫСТАН" ЛИЦЕИСТЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

"АРЫСТАН" ЛИЦЕИСТЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
жеке
блог

Мұнда Қазақстанның барлық өңірінен келген 9-11 сыныпта оқитын 240 жасөспірім білім алады. Алдыңғы бітіруші түлектер қазақстандық және шетелдік әскери оқу орындарында білімдерін абыроймен жалғастыруда.

Мамандандырылған «Арыстан» лицейіндегі ең мерекелік салтанатты күндердің бірі– Лицей күні, ол 2011 жылдың 24 сәуірінен бастап үздіксіз өткізіліп келеді. Осы күні «Нұрсұлтан Назарбаевтің Білім беру Қоры» Қоғамдық қорының директоры, Динара Нұрсұлтанқызы Кулибаева Лицей бастығы педагогика ғылымдарының докторы, запастағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы Таулановқа «Арыстан» лицейінің Туын табыстады, сол күні лицейдің тұңғыш түлектері өз өмірлеріндегі алғашқы Антты қабылдаған болатын.

Бұл осыдан бастап Лицейдің қасиетті дәстүріне айналды. Лицей туында бейнеленген лицей эмблемасы мен «МІНДЕТ, АБЫРОЙ, ЕРЛІК» атты жазылған ту лицеистердің патриоттық сезімін асқақтата түседі.

«Лицей! Ту астына – Тік тұр! Назар солға!» -деген бұйрықтың берілуімен, сап түзеген лицеисттердің алдымен Лицей туын ұстаушылар салтанатпен жүріп өтті.

Лицей оқушылары бұл мерекеге сақадай сай әзірленгені көрініп тұр. Әскери мерекелік киіммен сынып бойынша сап құрап тұрған лицеистердің жүзінен әскерге тән жауапкершілік, табандылық, батылдық сезімі айқын көрінеді. Әрбір берілген бұйрыққа сақ қарап, ширақтылық танытып тұр.

«...Семсері бол, Отанның қынабында, Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған», – деп ақын Мұқағалидың өлеңдерінде айтылғандай, сапта тұрған жас өрендердің көзінен отты ұшқын жарқылдайды.

Жиын Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны орындалып, лицей басшысы педагогика ғылымдарының докторы, запастағы генерал-майор Тауланов Сәбит Сәуменұлының құттықтау сөзімен ашылды.

Ары қарай 9-сынып лицеисттері салтанатты түрде өздерінің Отанына, Лицейге деген адал қызмет ету Антын тапсырды. Бұл - лицеистер үшін өмірлік маңызды күн.

Биылғы оқу жылындағы «Лицей күнінде» Алматы облысы әкімінің қаржыландыруымен IT кабинетінің ашылу салтанаты рәсімі болып, информатика пәнінің мұғалімі Абишева Мадина Еділханқызының ашық сабағы көрсетілді.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы сәуір айындағы келген сапарында «Арыстан» лицейіне жоғары баға беріп, бұл қайырымдылық жобасы жеке капиталдың жастарға мемлекеттік-жеке меншіктік механизм серіктестігі арқылы қолжетімді, сапалы білім берудегі жарқын көрінісі болып табылатын айтып өтті.

Лицейдің негізгі мақсаты – жасөспірімдерді жоғары деңгейлі біліммен қамтамасыз ету, олардың бойында ерлік, қажыр-қайрат, төзімділік, жоғары мәдениет, азаматтық борыш пен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру.

Лицей түлектері егеменді Қазақстан Республикасының Қорғаныс Күштерінің түрлі құрылымдарында қызметтерін адал орындауға, құқықтық және азаматтық міндеттерін абыроймен атқаруға тиіс.

Лицейдің оқу-материалдық базасы компьютермен, интербелсенді тақталармен жабдықталған. Лицей кешені заманауи сыныптар мен лабораториялық кешендерді, мұғалімдерге арналған тұрғын үйлерді, лицеистердің жатын орнын, бассейн, спорттық жаттығу кешендерін, лингафондық кабинеттерді, медиатекаларды, мультимедиалық шолу орталығы және 20 мыңнан астам ғылыми және көркем әдебиеттерден тұратын кітап қоры бар кітапхананы қамтиды.

Айгүл Мамбетжанова