Қой

«Қойдай жайбасар, момын», «Семіздікті қой көтереді» деген тіркестерге қарап, қойды шынында да жайбасар мал деп ойлайтынмын, қайдағы? Бақтым осыдан бірнеше жыл бұрын шын қойды – жүгіргенде енді ешкіден де қатты жүгіреді (шын ешкіні бағып көрмесем де). Айтайын дегенім, қой анау айтқандай емес, қатты жүгіреді...

Ата-анам Құрбан Айтқа бірнеше апта қалғанда қой сатып алып қояды және сол аралықта өзіміз бағамыз. Бәрі жұмыста, мен ғана үйде болатындықтан бақтым өзім сол жылы. Баққанда енді сол, таңертең шарбақтан шығарып шөбі шүйгіндеу жерге байлап кетеді, менің міндетім – бірнеше рет жем мен суын ауыстыру. Әкем өзі шешіп, шарбақтың ішіне байлайды. Бір күні арқанын шешіп жатқанда босап кетсе керек – қашты. Інімді ертіп алып кетті қуып. Қойдың қатты жүгіретінін сол кезде байқадым. Сонау пойыз жол жақтан ұстап әкеліпті.

Содан кейін болған оқиға. Әдетімше, сериалдың алдында бір қарап келейін деп далаға шықсам, бұл ауылдан бұрын- соңды ешқашан көрмеген бұзаудай-бұзаудай бірнеше ит қоршап алыпты қойды. Ана иттерге тас лақтырып, «кет-кеттеп» жүріп құтылдым-ау деп сылқ етіп отыра қалғам, сөйтсем, қалай болғанын қайдам, қой бос тұр. Жаным мұрнымның ұшына келді – қазір қашса менің қуып жете алмасым анық. Содан, тұрып алып «өтіндім» одан қашып кетпеуін. Қорыққан адам не істемейді дейсіз, әйтпесе, бұл өмірде қоймен «сөйлесем» деп ойлаппын ба? Былай-былай өткен-кеткендерден ұят, бірақ, басқа амалым жоқ қой енді, сөйтіп, біраз «әңгімелестім» қоймен: «Қашпашы, ниет қылып отырған ата-анама обал емес пе? Қашпа, су берем, қазір жем берем!»

Мен жақындай бастасам ол кері шегінеді, мен қозғалмасам – ол да міз бақпай маған қарап тұра береді, ішімнен ойлап қоям: «Бұл да болса жаман емес, сағат төрт, бар-жоғы үш сағаттан кейін жұмыстан келер біреуі, оған дейін осылай тұра тұрсақ та болады негізі». Жоқ, бір кезде зымырады дейсің, бар қолымнан келгені көршінің үйіне жетіп барғаным. Параллель сыныпта оқитын баланың үйі ғой, «ер баланың аты ер бала, ұстай алуы мүмкін» деп ойладым. Үйінен қарындасы шықты, не айтқанымды түсінбеді ме, түрімнен шошып қалды ма, «А? Кім? Неге?» дейді, «Ағаңды шақыр деймін саған» деп қатты сөйлеп жіберіппін, қайтадан ішке кіріп кетті, тәте шығып: «Ол шашын қысқартуға базар жаққа...», білмеймін ары қарай не айтқанын, кетіп қалыппын бұрылып. Абырой болғанда шарбаққа кіріп, іште жүр екен қой, түнде қамауға арнап әдейі қора салып қойған-тұғын, соның есігіне жақындатып жем-су қойдым, тиіп-қашып жеген болады, қайтадан қашады, «Кіре салшы енді қораға» деп қоям мен де «әңгіме арасында». Ақ тер-көк тер, бірер сағат дегенде қамадым-ау, жаптым-ау есігін сыртынан, шоктан арылмаған күйі келіп су іштім, қол-аяқ икемге келмейді, барып қайтадан қарап келдім, «шынымен кірді ме осы, жоқ па?» деп, сосын барып, ай бір жыладым-ау ағыл-тегіл, жылап алмасам болмайын деп тұр...

... «Бәрі де ниетке байланысты», «Бұйырған кетпейді» деген сөздердің құдіретіне мен бұрыннан сенетінмін...


Бір қызығы, жіп шешіліп кетпеген, үзілген екен, үзіле салатындай жіңішке де емес, сөйте тұра кәдімгідей қиылып түскен, ана иттерді де одан кейін көргем жоқ, «көрдім, білем» деген бір көрші болмады.

Әр Құрбан Айт алдында ( басқа уақыттарда да ) есіме түседі де тұрады осы оқиға.



Бөлісу: