Мұхтар ШЕРІМ. БАЙДЫҢ БАЛАСЫ БОЛСАМ ҒОЙ...

Мұхтар ШЕРІМ. БАЙДЫҢ БАЛАСЫ БОЛСАМ ҒОЙ...
жеке
блог
Алматы көшелерінің бірінде, жүргіншілер жолағынан өтейін, өтейін деп ыңғайланып, қозғалмастан, алға ұмтылып тұрғанымда, бір әйел жүргінші: «Ағай, бағдаршамның жасылы жанып тұр ғой, өте беріңіз!» десе де, өзімен–өзім күбірледім: «Өтейін бе, өтпейін бе? Өтейін бе, өтпейін бе? Жоқ, Алматының мәшине жүргізушілеріне сенбеймін. Жасыл жанып тұрса да, мыжып, өлмей қалсаң, артқа шегініп, қайта мыжып өте шығады. Өтейін бе, өтпейін бе?» 
Құдайым–ай, бір қара «Джиптің» қағып кетіп, ұшырып түсіргені! 
Шалқамнан жатырмын. Қимылдамай... Оқта–текте иегімді қасып қоямын. Көздерімді жыпылықтатып. Қатты соққы алмағаным көрініп тұр. Байқаймын, «Джиптен» қара көзілдірік киген, денелі жігіт түсіп, маған маңғаздана жақындады. Дереу көздерімді жұма қойдым. Анау болса, менің сирағымды көтеріп, құлағына тосты. Сосын тастай салды. Екінші аяғымды көтеріп, балағымды түріп жіберді де, тағы құлағын тосты. Бір кезде басындағы шәпкісін алып, «өлді ғой...» дегендей шіреніп тұрғанда... Көздерімді сығырайтып ашып, қайтадан жұма қойдым. 
–Әй, неғып жатырсың? –деп сұрады жүргізуші. 
–Жәй әшейін... 
–Атың кім? 
–Есімнен шығып кетті. 
– Жата бересің бе осылай? Тұр! 
–Тұрмаймын. Тағы да қағып кетесіз? 
–Сен мені танисың ба? 
–Жооқ. 
–Мен атақты Қаққышбаймын ғой? Аялдамада тұрған қыздарды қағып өлтірсем де, құтылып кете беретін? Олигарх әкемнің арқасында... Сені құдай қақты. Тірісің. 
–Жоқ, сіз қақтыңыз! –деп орнымнан қисалаңдай тұрып, ауырсынған жамбасымды ұстай, жол шетіне отыра кеттім. Құдай қақты, тек бетімнен болмашы қан ағып тұр екен. 
–Мынау не? –деп сұрадым Қаққышбайдан. 
–Мужской кровь... 
–Енді женский кровь емес шығар? Арызданамын! Соттатамын! Өңшең, есірген байдың балалары! 
Осы кезде сиреналарын жарқ–жұрқ еткізіп, дабылдатып, мемлекеттік авто инспекторлар да келіп жетті. Келген бойда, Қаққышбайдың жеке куәлігін көріп, екеуі де қаздиып, «честь» берді. Менің көздерім атыздай болды. 
–Әй, сен неге «Джипті» қағып кеткенсің? –деп сұрады инспектордың бірі. 
–Кешіріңіздер, Мына тұстан өте бергенімде... 
–Капотын майыстыра жаздапсың ғой Бұл «Джиптің» қанша тұратынын білесің бе өзі?! 
Мәселеден мүйіз шықпайтынын білгдім де, қаша жөнелдім... 
Безіп келем. Бір сұмдықтың боларын сезіп келем. Үйлердің арасымен ирелеңдей қаштым. Оқта–текте секіріп –секіріп қоямын. Артыма қарасам, инспекторлар да қалыспай қуып келеді екен. Тағы бір үйді айнала бергенімде, қоқыс жәшігінен әлденелерді іздеп жүрген қайыршыны көрдім. Оны дырылдата сүйреп, бір тасаға алып бардым да, тұмсығынан бір ұра талдыра құлатып, үстіндегі сырт киімін шешіп, асығыс киіп алдым. Басымда малақай, бауы салбыраған... Қоқыстың ішінен баклашканы алып жатқанымда, ентіккен екеу жаныма жетіп келді. 
–Ей, бомжбай, осында қашып келе жатқан жігітті көрдің бе? 
–Мен қайдан білейін? –дедім бұрылмастан. Сол екен, екінші инспектор менің иығымнан жұлқа тартып, өзіне қаратып алды да, бедірейіп, бетіме қадала қарады... 
–Сәлеметсіз бе? –дедім. 
–Сәлем бердік! –деді инспектор танып қойып. Қарап тұрамын ба? Қолымдағы баклашкамен басына періп кеп жіберіп, қашып кеттім... Құдайым–ай, байдың баласы болғанда ғой, дәл бұлай ақ тер, көк тер болып қашпас па едім? О, Алматы! Алты әріп, бір арман...