Батпан құйрық
жеке
блог

Батпан құйрық

Қазбек автобустан түсе сала күздің ызғырық желінен қорғанып жұқа күртешесінің сыдырмасын салмақшы болды да, істемейтіні есіне түсіп, сөмкесін қапсыра құшақтап алып жүгіре басып үйіне бет алды. Асфальт төселмеген жол жуырда жауған жаңбырмен шылқылдап, балшығы езіліп жатыр. Базардан жақында ғана алған күздік етігінің табанынан суық пен су өтіп барады. Әрине, төрт мың теңгеге алған қытайдың сапасыз аяқ киімінен не қайыр... Үйдегілерге ұялмай тоғыз мыңға алдым деп келді ғой осыны. Әшейінде қайда барса да бұдан қалмай, «саған киім алғанды жақсы көрем» деп бірге жүретін әйелі де кейінгі кезде жұмысбасты болып жүр. Сабақтан соң жиналыс дей ме, қосымша сабақ өткіздім дей ме, әйтеуір үйге шаршап-шалдығып, әрең келеді. Әйтпесе, «кеттік барахолкаға, тоғыз мыңға оптовый рядтан қатқан бәтіңке әперем деп» айтушы еді. Жұмыстағы бухгальтер апайынан алған 100$ ды өстіп ақырындап жинап берсе болды... Жарайды, аз ғана шыдай тұрсын, бұйыртса, жаңа жылда жаңа өмір басталады. Әйелі екеуі он жыл бойы қалаға қатынап жұмыс істеді, күніне төрт сағат ары бері жолға кетеді. Мына бір Алтын орда базары жанданғаннан бастап тіпті қиын боп кетті. Жұмыстан шаршағандары аздай, жаздың аптап ыстығы мен қыстың суығында кептеліспен үйлеріне әрең жетеді.  Енді осының бәрі артта қалмақшы. Құдай берем десе, форточкадан береді деген рас екен-ау. Жә, қалай басталып еді өзі.. 

Алматының іргесіндегі ауылдан шалғайдағы аудан орталығындағы әке шешесінің үйі мен азын аулақ малдарын сатып жер сатып алды осыдан он жыл бұрын. Алдымен кішкене бір времянка салып, әке-шешесін көшіріп әкелді. Екі үш жыл қысылып, қымтырылып ата-ана, екі баласы, әйелі бар бір бөлмеде тұрып жүрді. Үш жылдан соң үлкен үйлерін бастап, әйтеуір жеті жылда оны бітіріп алды. Осы  жылдары тағы екі балалы болып, білдей бір үлкен отбасының иесіне айналды. Өзі қаладағы белді бір колледжде, әйелі де қалада мектепте сабақ береді. Үй тұрғызу үшін осы он жыл бойы #несиеден көз ашпады. Бес жыл бұрын банкте істейтін әкпесінің көмегімен ірі көлемде несие алған еді. Әйелін кепіл қылып, балаларының біреуін ғана көрсетіп (Құдай өзі кешірсін деп қойып) әйтеуір қомақты ақшаны алып үйлерін біраз жерге апарды. Өзінің жалақысын осы бес жыл бойы бір тиынына тиіспей банкке құйып отырды. Бір жылы тіпті сағаты аздау болып қалып, әйелінің жалақысынан да қосып кредит төлеп жүрген уақыттар болды. Әке-шешесінің зейнетақысы бар, әйелінің жалақысымен отбасын асырап жүрді. Осы жаздың соңында соңғы төлемді жасап, мәре-сәре болып, несиеден құтылдық деп, әйелі торт әкеліп, анасы бауырсағы мен жеті шелпегін пісіріп бір қуанып қалды. Иығынан бір зіл батпан жүк түсіп, балалары кезек кезек «Әке, енді біз қалаған киімімізді киіп, отбасымен қыдырамыз», «Алмасқа (ең кенжесі) велосипед алайық» деп мәз боп жүр. Сонымен, жаңа оқу жылы басталып, сағат саны да биыл көбірек шығып, бір жарым жүктемемен жұмысқа кірісіп кетті. Жылда жалақысы жүз мыңға жетпейтін еді, биыл жүзден асатын болып бекітілді. Бір ойы: несие төлемеген бір түрлі сияқты екен, үйреніп қаппын десе, бір ойы: тфа, тфа, несие құрсын, енді адам сияқты өмір сүресің дейді. Содан не керек, сабақ басталғалы бір апта да болмады, бір күні асханада колледж бухгалтерімен бір столда тамақтанып отырып қалды. Зейнеткерлікке жасы келіп қалған бухгалтерді осы колледжде ашылған күннен бері істейді деседі. Директорлар, оқытушы, оқушылар ауысса да бұл кісі ешқайда жылжымайды. Корпоратив кештерде, жұмыс бабымен кездесіп қалады. Салиқалы, салмақты, беделі бар әйел. Қазбек тамағын алып, жанындағы бос орынға барып отырған кезде ол кісі телефонмен сөйлесіп отырды. Еріксіз сөздерін естіп отыр:

-          Ой, осы сен ақ өстіп жүресін. МЕН саған айтып отырмын ғой, жұмысыңды тастап кетесің. Ақша өзі күнде келіп тұрады. Біздің директор да кірді. Күйеуін, баласын кіргізді. Мен қолыма реально ақшаны ұстағаннан кейін айтып отырмын саған. Саған, туған сіңіліме жаманшылық ойлаймын ба? Салған ақшаңды үш айда қайтарып аласың да, ары қарай тоғыз ай бойы үйде отырып ақ пайдаға шаш етектен кенелесің... иә, шеш анау Жилстройдағы ақшаңды. Бүгіннен баста, күніне түседі ақша...

Мына әңгіме еріксіз баурап барады, не жеп, не қойғанын білмей қалды. Қалай? Қайда кіру керек? Маған да бола ма екен? Сұрақтар басын жарардай болып барады. Бір кезде бухгалтер апайы телефонын қойып, #Байтайм туралы естіп па едің  деді. Бұл сасқанынан,

-          Сәлеметсіз бе, жоқ, иә, ол не? -   деді.

-          Ой, әлі білмейсің бе? Ол деген керемет холдинг. Қазақстанға биыл наурыз айында келді. Сен білесің бе, интернеттегі, теледидардағы бір минуттық жарнаманың қанша тұратынын? Кемінде мың доллар!! Бұл компания дүние жүзі бойынша осындай жарнаманың уақыттарын «оптом сатып алып, в  розницу» сатады. Сен егер медиа портфель сатып алсаң, бір жыл бойы сол портфель саған қызмет етеді. Салымшы боласың. Артыңнан адам шақырсаң да, шақырмасаң да болады. ...Жоқ, ол пирамида емес!

Қазбектің ойына келген, бірақ аузынан шықпаған сұраққа жауапты сақ еткізіп бере салды да апайы теефонын дереу қолына алып бір видеоны алдына тосты. Күнде кешкі сағат сегізде жаңалықтарын жібермей көретін 31 каналдың танымал жүргізушісі: «Қазақстан нарығында қаржыны тиімді түрде инвестициялап қомақты пайда табуды көрсететін жаңа холдинг пайда болды. Байтайм, яғни уақытты сатып ал деп аталатын компания әлемдік телеарналардағы эфирлік уақытты сатумен айналысады. 140 елде серіктестері бар холдингтің қарапайым адам үшін беретін пайдасын тілшіміз ... түсініп көрген еді....» дейді, одан әрі екінші видеода Бірінші каналдың жаңалықтарды жүргізушісі де байтайм туралы айтып жатыр. zakon.kz, newtimes.kz, nur.kz сайттарына сілтемелерді, видеоларды мұның вацабына жіберіп отырып (телефон номерін қашан беріп үлгергенін де ұқпай қалды...), 

-          Ал, пирамида болса осындай беделді каналдар жаңалықтардан айтар ма еді, осындай сайттар жазар ма еді?» - деген апайы сөзін - Неге біз осы, қазақтар, осындайдан кеш қалып жүреміз. Басқаларды қарасаң ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреді. Ақшаны оңай табады. -  деп жалғастырды.   - Мен, мысалы, маусым айының бірінде 1000$ салғам, бүгін барып сол ақшамды қайтарып алдым, енді депозиттегі бар ақшамды шешіп осыған салайын деп отырмын. Егер қаласаң мен саған 100$ бере тұрайын, жалақыңнан бересің. Бір танысым жақында квартираға беріп жүрген бір бөлмелі пәтерін сатып, ақшасын осында салып қойды. Жаңа жылдан соң екі бөлмелі пәтерге жететін ақша шығарып алады.

Қазбек қан қысымының жоғарылағанын байқады. Мен де алсам шіркін, медиа портфель, қаладан пәтер алсаам..деген ой баурап барады. Балалар өсіп келеді, жол шаршатты. Бірақ көп ақшаны қайдан алуға болады? Содан не керек, апайы берген 100$-ды, құжаттарын алып, сол кісі берген телефон номеріне хабарласып, ар жағындағы Бота деген қызбен сағат бесте кездесетін болып шешті. «Жолың болады екен, Оның уақыты әдетте бола бермейді» деген сөзге қанаттанып, бесті тағатсыздана күтті. Бота мұны шақырған банктің күту залында бір әйелмен сөйлесіп отыр екен, оған да сол Байтайм туралы айтып отыр:

-          ...Шымкент, Тараз қазір активно жұмыс істеп жатыр, жаңағы Түркиядағы балаңызға да айтыңыз. Достарын, қызметтестерін шақырсын. Мен сәуір айынан бастағам, бес айда 100000$ таптым!

 Бір кезде Қазбекке де кезек келді, мұның әкелген 100$-ын алды да көзінше барлығын жасап (жеке куәлігін, мекен жай анықтамасын тіркеп, электронды әмиян да ашып) берді. Бәрі заңды, сенімді. Медиа портфель бір жыл жұмыс істейді екен. 100$ салсаң жылдың аяғында 365$ болады. Содан, екі үш күн өтті, телефонына орнатып алған қосымшадаға қарап қояды, 1,03 доллар күнде түседі. Бота да мұны вацапта бір группаға қосып қойды, онда қомақты-қомақты қаржымен кірген адамдар, өздерінің парақшаларының скриншоттарын жіберіп жатады. Он шақты күн өтті, сол топтан бір адаммен танысып, үйін 30 000$ ға сатып, бірақ үйді төрт айдан соң босататын болып келісті. Ондағы ойы: ақшаны бірден осы холдингке салып қояды, үш айдан соң ол ақшасын қайтарып алады да келесі тоғыз айда тек ақша алады да отырады. Бәрін сол кезде шешіп алып, қаладан пәтер алып алмақшы, жетпегеніне кредит ала салады. Үйін алатын Ербол деген жігіт пысық екен, барлық құжатты өзі дайындап, нотариуста істейтін таныстары бар екен, әйелінің де рұхсатын алмай ақ бәрін жасатып берді. Бір ай өтті, байтайм парақшасында 10030$ жиналды, шешіп алып қояйын деп бір ойлады да, жұмсалып кете ма деп өзін өзі тоқтатып қойды. Отбасы мүшелеріне тосынсый жасаған дұрыс деп шешті. Желтоқсанның ортасында салған ақшасы артығымен шығады. Қазіргі кризис кезінде мұндай бағаға үйді сату деген! Осы маусым айында, қала жаққа жылжысақ... деп «үй сатылады» деп хабарландыру жазған еді, сұраған жан болмады. Енді міне, құдай өзі орайын келтіре қойды.

Ақшаны үйге әкелетін күннің сценариін де ойластырып жүр. Бір пакет долларды әкеп дастарханға тастай салады да, «жолдан тауып алдым!» дейді, әлде лотереядан ұттым дей ме, жоооқ анасының жүрегі сыр беріп жүр, олай болмайды. Ақырындап айтады ғой әйтеуір, ең бастысы мына бір жарым ай өтсінші.. Әшейінде несие төлегенде зырр етіп өтетін уақыт та табандап өтпей қойды ау.

Қазбек түнімен шым шытырық түс көріп шықты: Үйі өртеніп жатыр екен. Жалын аспанға атылып, бой бермейді. Сөндіріп жатқан ешкім жоқ. Бұл тура оттың үстінде, ауада қалықтап тұр екен. Аяғының астындағы от мұның тек жүрегіне ғана тиіп тұрғандай, жүрегі күйіп жанып барады. Басқа дене мүшелері мұздай. Жерде, бұған қарап әкесі, анасы, төрт баласы, әйелі тұр. Барлығының жүзінде реніш бардай, еш әрекет жасамай, тек аспанға қарааап тұр. Қазбектің жүрегі қысылып жылай бастады, ыстық жас мұздай бетін жуып отқа тамады, от одан әрі өрши түседі... Оянса, сағат таңғы бес. Есін жия алмай біраз отырды, жанында әйелі мен кенжесі еш қаперсіз тәтті ұйқыда жатыр. Орнынан тұрып келесі бөлменің есігін ашты, қалыңдап жерге салынған көрпеде әкесі, анасы, одан ары қатар қатар үш ұлы жатыр. Жүрегін бір жылы сезім кернеп, «Құдайға шүкір, Құдайға тәуба, бергеніңді алма, қанағаттан тайдырма» деп анасының күніне неше мәрте айтатын сөздерін қайталап тұрғанын байқады...

Үй салқындап қалыпты, пешке отын салып, үстіне бір екі қалақ көмір лақтырды. Түсін есіне алып, денесі тітіркеніп кетті. Бірақ, түсте жыласа өңінде қуанады деуші еді, жақында болатын қуанышқа көрінген түс қой деп өзін өзі жұбатып қойды да, қолына телефонын алды. Күніне он рет тексеретін байтаймдағы парақшасын ашпақшы, түнде ұйықтар адында тексегенде күнде түсетін 334$ дың түспегенін байқаған. Техникалық жұмыстар жүріп жатқан шығар деді де қоя салған. Енді міне тіпті ашылмайды да, «404 not found» деген жазу шығып тұр. Жүрегі шым ете түсті. Әйелі оянып, бір екі кесе шайларын ішіп, қалаға қарай шығып кетті. Жұмысқа келді, бір екі сабағының қалай өткенін де байқамады. Таңнан бері басының іші қорғасын толы ыдыстай ауыр тартып, кеудесі бос қалғандай ашып жүр. Телефонын қолына алуға қорқатындай. Бір кезде мұғалімдер бөлмесінде ешкім қалмады, осы уақыттағы бір сағат үзілісін әдетте телефонын қараумен өткізетін. Қалтасынан телефонын шығарып, вацаптағы  BUYTIME деген топтың 120 жаңа хабарламасына көз жүгіртіп өтті, түсінгені:  Д.Лютов алаяқ болып шықты, байтайм жабылды; біреулер машина алам деп отырған ақшасынан айрылды; біреулер несиенің астында қалды; бір әйел күйеуіне несие алғызған, енді қорқып басқа қалаға кетіп барады; енді біреу Жилстройдағы бар ақшасынан айрылды...

Қазбектің көзі қарауытып, басындағы барлық тамырларының ішімен лава жүріп бара жатты....

Кешке қарай Қазбектің денесі таңертең ғана әке шешесі мен балалары ұйықтап жатқан бөлмедегі анасының жанына әкеліп қойылды. Байғұс ана қаралы хабарды көтере алмады.

......Кеше ғана байтайм туралы хабар таратқан телеканалдар да, сайттар да басқа жаңалықтарын, жарнамаларын тағы басқасын көрсетіп жатыр....

Тек Қазбектің ең кішкентайы анасынан сұрап қояды, әкем қашан келеді, маған белесебет әкеле ме деп...

 *Әлеуметтік желіде байтаймнан алданғандар шуылдап жатыр, «...Своими действиями г-н Лютов нанес ущерб экономики РК на более 50 млн$», «..телевидениенің кесірі ғой..алаяқты көрсетіп, аңқау елді ақша салуға шақырып»...