Ертастың хаты#6
жеке
блог

Ертастың хаты#6

Арада жеті жыл өтті. Абақты мені өзгертті ме, әлде жоқ па, оны білмедім. Сен Асқар туралы білмейсің ғой, иə? Сол Асқар қаладағы түнгі клубтардың бірінде бармен болып жұмыс істейтін. Не де болса, жақын досым ғой деп, соған соқпақ болып, кешкісін түнгі клубқа бардым. 

- О, дос, қалайсың? - деп Асқар мені құшақ жая қарсы алды. Мен де оны құшақтап тұрдым. Досымды сағынып қалыппын. - Бостандығың құтты болсын, бауырым! 

- Рақмет.

- Өзің, тіпті, өзгермепсің ғой, - деп ол менің қолымнан жұдырықтап қойып қалды. - Не ішесің? 

- Сыра. 

- Жалпы, жағдайың қалай? Əлгі қызбен сөйлесіп тұрасың ба? Кім еді аты? А, иə, Бағым. Сонымен...

- Жоқ. Оны жеті жыл бойы көрген жоқпын.

- Ол бізде жұмыс істеп жүр, - деді Асқар. Мен мұны естігенде бір түрлі боп қалдым. Бірақ, оны білдірмеуге тырыстым. "Түнгі клубта қай оңған қыз жұмыс істеуші еді?" - деп ойладым. - Не істеп отырсың? Көңіл көтерсеңші, -  Менің ойымды Асқар бөліп жіберді. 

- Мен қазір... - деп орнымнан тұрып, диджейге әуенді ауыстыруын айтпақ болдым. Айналам у-шу, секірген қыздар, есірген еркектер. Шылым иісі, дарылдаған музыка. Диджейдің жанына барып:

- Əуенді ауыстыршы, көңілдірек біреуін қой, - дедім. Ол мені есітпеді ме, құлақаспабын шешіп, маған қарады. 

Таныс түр, таныс келбет, сол баяғы мұңлы көздер. Сені көріп... білмеймін... Мен теріс бұрылып кетіп қалдым, бірақ сені таңға дейін сол жерде күттім...