Ертастың хаты#4

Ертастың хаты#4
жеке
блог

Сен маған сүюді үйреттің)) Сен мені ҰБТ-ға əбден дайындап жүргеніңде қыс та келді. Аспаннан жапалақтап жауа бастаған ақ ұлпалар біздің басымызға көктен түскен ақ бақытымыз секілді қонып жатты. 

- Сонымен, бүгінгі байқау сынағың қалай болды? - дедің сен маған сабақ біткен соң мектеп алдында.

- Жақсы. Өткен жолғыдан оңайырақ...

- Бүгін тағы дайындаламыз ба?

- Сен маған пианинода ойнауды үйретемін дедің емес пе?

- А, иə. Ұмытып кетіппін ғой, онда кеттік, - деп сен маған қолыңды создың. Солай екеуіміз сенің үйіңе қол ұстасып бара жаттық. 

Жолай үнсіз келе жатқанымызда мен қалтамнан шылымымды шығарып:

- Шегуге рұқсат па? - дедім саған қарап.

- Жоқ, - деп сен менің қолымдағы шылымды жұлып алып, оны бел ортасынан сындырдың да, ұсақтап бөліп тастадың. - Шылым шегу өкпеге, тіске, тіпті, бүкіл ағзаға зиян, - дедің.

- Қандай қатыгез едің, шылымды осыншама бөлшектеп тастауға бола ма? 

Біз сенің үйіңе жеткенде, алдымыздан сенің анаң шықты.

- Сəлеметсіз бе? - дедім мен басымды төмен салып тұрып.

- Сəлеметсің бе! - деп сенің анаң жауап қатты.

- Апа, есіңде ме, əлгінде мен саған Ертас деген жігіт туралы айтып едім ғой. Сол - осы бала.

- А, кіре ғойыңдар ішке, тоңып қалған шығарсыңдар, - деп сенің анаң бəйек боп жүрді. Жаюлы дастарқанға жайғасып, анаңның бауырсағына қызыға қарап отырдым. - Ала қойыңдар, - деп анаң шəй беріп жатқанда оны өзімнің анам шығар деп қалдым. Иə, мен мұндай аналық махаббатты 17 жыл бойы көрген емеспін. 

Сен маған осы күні пианиноның құрылысы мен ноталарды жəне алғашқы əуенді ойнап, үйреттің. 

- Жоқ, олай емес, сен ДО-ны басып отырсың, РЕ-ні бас, - деп менің қолымнан ұстап, саусақтарымды жылжытып отырдың. Менің қуанышымда шек жоқ, тіпті, өзімнің қуанып отырғанымды да ұмытып қалдым.

- Міне, бүгінгі сабақ - осы. "Аллегреттоны" жақсылап жатта. Бұл ең оңай əуен, бірақ сенен, шынында, футболшы шықпайды. Сенен пианинода ойнай алатын ұшқыш шығады))

- Бағым, рақмет саған, - дегеннен басқа ештеңені айтуға мұршам келмеді. 

Мен үйге оралғанда əпкем мені сарғайып күтіп отыр екен. Білдірмей, аяғымның ұшымен жүріп, бөлмеме бара жатқанда, əпкемнің:

- Ертас, - дегені мені селк еткізді. Артыма бұрылып қарасам, əпкем тұр. - Неге үйге ұрланып кіріп жүрсің? Осы уақытқа дейін қайда болдың?

- Сағат...

- Сағат бес болды.

- Пианинода ойнап үйрендім, - дедім басым салбырап.

- А? Пианино? - деп əпкем таңқалды.

- Иə, пианино. Оны маған Бағым үйретті. Қазірге дейін Бағымның үйінде болдым.

- Жақсы. Тез киімдеріңді ауыстыр да, ас үйге кел. Тамақтанамыз, - деп əпкем теріс бұрылып кетіп қалды. 

Сыныптағылар ата-анасын "тергеуші сияқты сұрақты жаудырады" - деп айыптайтын. Ал мен тергеуші сияқты əпкемнің барына шүкір деймін. Іздеу-сұрауым бар, əйтеуір, біреуге керек екендігімді сезіндіріп тұратын жанашыр əпкем. Ол болмаса қайтер едім? 

Білесің бе, Бағым! Мен сенімен жолыққалы көп армандай бастадым. Ұшқыш болсам, жұлдыздың бақыты болсам, жылу мен мейірімге толы отбасым болса, əпкем тезірек жазылып кетіп, тұрмысқа шықса деп... Жасы жиырма тоғызға келсе де əлі отбасы жоқ. Жалғызсырайды, білем... Үйімізде ылғи өлі тыныштық. Улап-шулайтын бала да жоқ... Əпкемді кейде аяп кетемін. Қорғансыз əпкем, жалғыз əпкем...