Жаңа қазақтың сиқы.

Жаңа қазақтың сиқы.
жеке
блог

 

Шыңғырған шындықты сөз етсем:

 

Өзгенi пiр тұтып кезекпен,

Сұлбаңды сүйретiп ез еткен,

Мимырт тiрлiк кiмге керек?!

Бұл күнде

Уақыттың талабы мүлде бөлек.

Озе-е-еп барып

Олжалайтын жүлде керек.

Оны қалай аламын дейсiз бе?

Ол үшiн еш қайғырмаңыз.

Анау маңдайыңызда жарқыраған

Ақ-қараны айыратын жанарыңызды

Айналадағы

Озық-озық үлгiден тайдырмаңыз.

Соларға ұқсап бағыңыз.

Өзгелер мойнына

Қарғыбау iлсе.

Сiз

Шұбатып арқан тағыңыз.

Онымен қалып қоймаңыз,

Әрегiрек барыңыз.

Батыл бастамадан қашпаңыз;

Олар балағын қысқартса,

Сiз бұтжабарыңызды

Мүлдем шешiп тастаңыз.

Жұрттың iстегенiн қайталай бермей,

Өзiңiз

Құлақ есiтiп,

Көз көрмеген жаңалықтарды

бастаңыз.

Айтқандай, ең бастысы:

“Қазақпын” деп жан-жағыңызды

Тек қазақпен тұйықтамаңыз.

Өң-түсiңiздi

Түрлi-түрлi халықтың

Келбетiне келтiрiп қиып, жамаңыз!..

Ұқпадыңыз ба?

Пәлi!

Ол дегенiңiз

Балаларыңыз баршылық болса,

Оңайдың оңайы!

Келiп тұрса орайы,

Келiннiң бiрiн

Зәңгiлерден түсiрiңiз.

Ал қызыңызды

Экватордан асырып ұшырыңыз.

Одан өзгесiн де

Өз көлеңкең

Түсетiн тұстан iздемей,

Немере-жиендерiңiздi сүйгенде,

Ақ, қара, қоңыр,

Қызыл, сары түстердi шөпiлдетiп,

Қанатын болсын құшырыңыз.

Демек, ол “күшiктердiң”

Бiрiнiң нағашысы болып ағылшын,

Ендi бiр немереңiз

“Барамын да барамын!” – деп,

Австралияны сағынсын.

Қысқасы,

Жердегi бар құрлықтың өкiлдерi

Сiздiң әулетiңiзден табылсын!

О немелер

Үй болар кез жеткенде,

Бұл дәстүрдi одан әрi жалғасын.

Жұбын iздеп,

Құрлықтан құрлық самғасын.

Ұрпақтарыңыздың бойында

Қазаққа тән ешбiр белгi қалмасын!

Ендi...

Қандай болады дейсiз бе тiлi?

Мiне,

Мәселе сонда!

Тiлi тұрмақ,

Қазақтың мүлдем

Дiлi,

Дiнi,

Түрi

Болмайды онда!

Шеттерiнен

Ағылшын, қытай, жапон,

Португал, француз...

Керек десеңiз папуастың

Тiлдерiнде сайрайды.

Дiндерiн

Буддизм,

Иудизм,

Бахаизм,

Джайнизм,

Зароастризм,

Сикхизм...

...изм, ...изм ...измдер жайлайды.

Сонда ғана қазағыңыз

Бүгiнге сай салтанатын тойлайды.

Әлемдегi озық елдермен иықтасып,

Жайнайды.

Байқайсыз ба,

Бiр әулетте

Түрдiң де,

Тiлдiң де,

Дiннiң де

Сан түрi болады.

Содан барып дiлдерi де бiр-бiрiне

Қым-қуыт, қиғаш-қиғаш

  келiп жатады.

Оның ендi

Ескi ұғымдылар үшiн шатағы,

Туған-туыс, құда-жекжат

Бөлек-бөлек жосып,

Рахат-қызыққа бөлек-бөлек батады.

Буырқан, бұлқын,

Шамырқан, сiлкiн!

Олар, тiптi,

Бiр шаңырақтың астында

Алқа-қотан бас қосып,

Ас iшпеулерi де мүмкiн.

Дүниетанымдық қасиеттерi

Сәйкес келмейдi.

Сәйкес келмеген соң,

Бас қосып шұрқырасып отыруға

Сезiм-түйсiктерi көнбейдi...

Туған-туыс, ағайынға елжiреу –

Ескiлiктiң қалдығы.

Ал мұны

Моншада қалдыратын

Кiр сияқты тастау керек.

Жаңа әлемде

Жаңа қазақтың тiршiлiгiн бастау керек.

Бәрiнен жақыны –

Күндiз-түнi қалғымай

Тамақ тiлеп тұратын құлқын!

Шiркiн!

Тезiрек болса ғой

Дүниенi түгел тамсандырып,

Қазағың алда

Тартып бара жататын бұл күн!

 

Кемелбек ШАМАТАЙ