Адалдық жоқ жерде азғындық басталады...

Адалдық жоқ жерде азғындық басталады...
жеке
блог

Француз жазушысы Анатоль Франс: «Өмірде ең қауіпті екі жау бар: бірі – дарынсыз кәсіпші, екіншісі – кәсібі жоқ дарын», – депті. Жазушы сөзінің жаны бар. Жер бетінде көп қасірет әркім өзіне оңтайлы, оң жамбасына келетін шаруамен айналыспағаннан туындап жатады. Айталық, бармағынан бал тамған тамаша аспаз болуға лайықты адам ғылым қуып, кітапхананың төрін бермейді. Трактор айдауға жаратылған жігіт әкімдікте мемлекеттік қызметтің құлағын ұстап отырады. Сауданың бабын білетін, базардың бағын жандыруға лайық келіншек ақ халат киіп, ине салып, ауруханада жүреді. Баланың жан дүниесін терең түсінетін жақсы мұғалім болуға лайық жігіт мәжбүрліктен мал бағып кетеді.

«Сен айтсаң, мен де айтамын айым-қайым» деп қара сөзді кәсіп етіп, теледидар төңірегі мен газет-журналдарды жағалап жүргендер де аз емес. Олар өмірде өз орнын таппай жүрсе бір сәрі, көпшілігі адасып жүрген тесік өкпе өлермендер болса қайтесіз. Атақты АҚШ қайраткері Франклин айтыпты: «Мен елші болуым үшін, заң бойынша, ең кемі 30 доллар тұратын мал-мүлкім болуы керек. Менің құны 30 доллар тұратын есегім бар. Мен сонымен елші болдым. Бірақ есегім өліп қалды. Мен енді елші бола алмаймын. Айтыңызшы, біздің қайсымыз елші: мен бе, әлде менің есегім бе?» – деп. Өзінің деңгей, дәрежесін, өз болмысын болжап біле алмай әлек болып жүргендер көп. Әңгіме екі қолға бір күрек іздеп жүргендер жайында болса бір сәрі. Мәселе білім, мәдениет, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау т.б. салаларда ауа жайылып кеткен кәсіпшілер туралы болып отыр. Олар бір істі қолына алғанда оны жақсы біліп, әдістерін үйреніп, құпия сырларын игеріп, машықтануға құлықты емес. Болашақ жарына ықылассыз ұзатылған қызға ұқсайды. Жай бір тетік болып тұра қалады. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз айтқандай, «Дихан болсаң, қолыңа кетпен ал да, халқыңа нан бер, Ғалым болсаң, қолыңа қалам ал да, халқыңа мән бер» емес, әйтеуір, «қарап отырма, болар-болмас нәрсеге жарап отырдың» кері. Екі ауыз сөздің басын құрарлық не ақыл жоқ, не ғылым жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп таласып, тармасып жүре береді. Қоғамға зияны болмаса, пайдасы шамалы.

Бізде өз кәсібімізге деген адалдық жетіспейді. Адалдық жоқ жерде алапат азғындық басталады. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, өз кәсібін шын сүйетін, мамандығын мақтаныш тұтатын, шаруаны шыр айналдыратын адамдар ғана елге зор пайда келтіреді. Кәсіпті сүю нәпсіні тыю дегенді білдірмейді. Өз кәсібіне жүрек қалауымен емес, «зымыран тасығыш» зор жарылқаушыларының арқасында қол жеткізгендер, көріп жүрміз, ынжық, майда, жалтақ, сауатсыз, парақор, сатқын келеді. Көзбояушылық пен жемқорлыққа біртабан жақын тұрады. Кедейлік біткен жерден ашкөздік басталатынын білуші едік. Ал ашкөздік ар-ұяттан айырады.

Даналардан қалған бір өсиет бар: «Сен кім болсаң да, мейлі тіпті көр қазушы болсаң да, дүниедегі ең шебер маман болуың керек» деген. Адам өз жүрек қалауымен атқарған шаруаның ақауы аз болады. Қолынан келмейтін іске ұмтылмау да ерлікпен пара-пар. Осындайда Голландияда орын алған бір оқиға еске түседі: «әйелін өлтірді» деп бір наубайшы жігітке ауыр айып тағып, айтқанына сенбей, өлім жазасына кесіп жіберіпті. Жаза орындалып, арада көп уақыт өтпей әйелдің тірі екені, көрші қалада емін-еркін, аман-есен жүргені анықталыпты. Содан бері Голландияның сот мекемелерінде «еске салып тұратын» жаңа арнайы қызмет тағайындалыпты. Судьялар шешім шығару үшін кеңесетін бөлмеге кетіп бара жатқанда ол арттарынан зор дауыспен: «Наубайшыны еске алыңдар!» – деп айтып тұрады екен. Біз де сол сияқты ауыл әкімінен Ақордаға дейінгі аралықта сапырылысып жатқан қызметшілердің, мамандардың жан дүниесіне жарық түсіріп, «Қызметіңе адал бол!», «Арыңды таза ұста!» деп ұдайы еске салып тұрсақ артықтық етпес еді.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

Мақтаарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы