Егер орманда жалғыз қалсаңыз...

Егер орманда жалғыз қалсаңыз...

«Сырын білмейтін аттың сыртынан жүр» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Қарапайым орманның да әркім біле бермейтін өзіндік сырлары бар. Орманның көзді арбайтын ерекше табиғаты кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Бірақ! Табиғат қанша әдемі болғанымен, сонша қауіпті тұстары да бар. Орман ішін қызықтап, аралап келе жатып, тура жолдан адасып кетуіңіз әбден мүмкін. Ойламаған жерден осындай жағдайға тап болсаңыз не істейсіз, орман ішіндегі қауіпсіздік ережелерін білесіз бе? 

Негізгі ережелер:

Ең бастысы – уайымға берілмеңіз. Уайым жәндік секілді, бір рет пайда болса, одан құтыла алмайсыз. Егер, өз күшіңізбен орманнан шыға алмайтыныңызға сенімді болсаңыз, алдымен:

* Дауыстап көмекке шақырыңыз, ешқандай жауап ала алмасаңыз, одан ары айқайламай, сабырға келіңіз, әйтпесе, біреу-міреу келгенше даусыңызды қарлықтырып аласыз;
* Өз-өзіңізге деген сенімділікпен тура бағытты болжап, сол жолмен жүріңіз және де ағаш талдарын сындырып, шөптерді майыстырып, тағы да басқа сіздің осы жермен жүргеніңізді білдіретін белгілер қалдырып өтіңіз;
*  Бір жерді айналып жүре бермеңіз, адасасыз; 
* Орманның ағашы кесіліп салынған тар жолына кезіксеңіз жақсы, сол жолмен жүріп, адамдарға апаратын жалғызаяқ соқпақ жолды табуға тырысыңыз; 
* Күнге қарап, бағдарды анықтаңыз. Есіңізде болсын: күн шығыстан туып, батысқа еңкейеді. Бұл сіздің бағытыңызды болжауға септігін тигізеді.

Орманда тірі қалу жолдары:

Бағыттан қателессеңіз, алаңдамаңыз. Күшіңізді жинап, кері жол іздеу үшін сәл тынығып алыңыз. Бұл үшін күрке, бастырма немесе жеркепе тұрғызу қажет. Шырша бұтағынан не құрғақ мүктен төсеніш жасаңыз. Күрке жасасаңыз, төсенішіңіз мейлінше қалыңдау болсын. Шырша бұтағын не сырғауылдықты сындырыңыз. Жіп болмаса, қайыңның жас қабығын пайдаланыңыз. Оның бір ұшын «V» әріпі тәрізді етіп үшкірлеп жерге қадаңыз да, бір ұшын ағаш діңгегіне байлаңыз. Қырық бес градус бұрыш жасап, бес қада қадап қайың қабығымен бекітіңіз. Кейін оған тағы да төрт қада байлап, үстін шыршаның бұтақтарымен жабыңыз. Кішкентай ғана қорғаныңызбен жәндіктер мен жауыннан сақтанасыз. Қандай жағдай болмасын үмітіңізді үзбей, өз өміріңіз үшін күресіңіз. 

Қалың орманда:

Қылқан жапырақты қалың орман – техникалық көліктер түгілі, адамның да жүруі қиын орман түрі. Тайгада адасу – өте қауіпті жағдай. Оның орманнан айырмашылығы – шалшықтар мен балшықтардың көптігі. Шалшықтардың болуы – жауын-шашынның көп жаууымен байланысты. Егер, шалшық қою болмаса, қатты берік таяқ тауып, оның көмегімен шалшықтың дөңес төмпешігінен немесе ағаштың қатты тамырын жағалап өтуіңізге болады. Егер, лай көлшік бетін шымтезек басып кетсе, төмпешіктер мен шөптер көмектеспейді. Ақырын қозғалып, жай басыңыз, әйтпесе, тереңдікке түсіп кетесіз. Шалшыққа түскенде уайымға берілмей, оқыс қимыл жасамаңыз. Тік тұрып, тал немесе қамыс тауып, соған жетуге талпыныңыз. Егер, ну орманның ішінен электр сымдарын көрсеңіз, оның бағытынан айырылмаңыз. Өз-өзіңізді сабырға шақырып, күшіңізді жинап, азығыңызды ептеп пайдаланып, жақын маңдағы елді-мекенді табуға ерік-жігеріңізді жұмсаңыз.

Сурет: xn--80aqafcrtq.cc, wallpaperweb.org, 60before60.files.wordpress.com, imenno.ru, h3.ggpht.com

Е. Жұмабайұлы