Менің көкем - менің мақтанышым
жеке
блог

Менің көкем - менің мақтанышым

                Менің көкем – менің мақтанышым                                                                                                                                                         Жеңдік қой, арман не, құрбым, Күркіреп күндей өтті ғой соғыс. (Қасым Аманжолов)

Соғыс. Қанқұйлы қақтығыс. Перзентінен айырылған ана. Жесірлік көрген бейшара әйел. Жетімдік көрген жамау көңіл сәби. Соғыстың қасіреті туралы тізе берсек, тітіркенбейтін жүрек, жас тамбайтын жанар қалмас. Тарихымыздың беттерін парақтасақ, қазақ халқы хандық болып өз алдына дербес мемлекет болып ту тіккелі санамалап жеткізе алмас ірілі – ұсақты сансыз соғысты бастан өткеріпті. 1979 жылдың сәуірінде Қиырда жатқан Ауғанстан өлкесінде тұтанған соғыс алауы біздің елді де шарпымай өтпеді. Бәлкім, Қиырдағы Ауғанстан мен бері де жатқан Қазақстанның қандай қатысы бар деп те отырған боларсыздар?! Ауған жеріндегі қан төгісті қарумен тоқтатпақшы болып біздің елден де жас сарбаздар мен жау жүрек жауынгерлер де аттанды майданға. 1979 жылдары Ауғанстан жеріне 22269 сарбаз жіберілді . Олардың 920-ы майдан даласында опат болып, 21-і із-түзсіз жоғалды. Сарбаздардың 1015-і мүгедек болып елге оралса, 14453 адам ауған даласында шейіт болды. Соның ішінде Маңғыстау жерінен 667 адам жіберіліп, оның 26-сы мүгедек болып оралып, 8-і хабар-ошарсыз кетті. Бостан аталатын аядай ғана ауылдан алғашқылардың бірі болып менің  көкем Иманбаев Өтеғали Қойшыбайұлы да аттанды соғыс сапына. «Көке, сол бір отты жылдарды еске алайықшы бүгін», -  деп әңгіме бастағанымда, көкемнің жанарынан бір мұң қылт етті. - 1986 жылы сәуір айында Ресей жерінде Новороссийск қаласында әскер қатарына алынып, алғашқы әскери жаттығудан  өттім. Кейін Ауған елінің Кабул қаласына жіберілдім. Содан Кандагар, Чингаль, Маграм қалаларында артиллерия батальонында әскер көлік жүргізушісі болып снаряд тасыдым. - Тәртіпке көнген құл болмас. Әскер алаңында тәртіп те, тапсырма да қатал. Секунд пен минут та қатаң қадағалауда. Соғыс алаңында көлігіңді тастап қашуға мүлдем жол жоқ. Ауған жерінің жері де таулы – тасты, қатпарлы. Ауғанның қия жартастарынан қашып шығу да мүмкін емес еді. Қандай жағдай болса да жауға қарсы тұрасың, кеудеңді оққа тосасың. Қатарыңда жүрген қаншама жолдастардан қапыда айырылдық. Ол сәттерді еске алу мен үшін ауыр әрі қасіретті, - деп ауыр бір күрсініп тоқтатты әңгімесін көкем. Майданнан ұлын күтіп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған менің марқұм атам мен әжем 1988 жылдың маусымында жауынгер перзентімен аман – есен қауышты. Әскери борышын абыройлы өтеп келген көкемнің ерлігі ескерусіз қалмай, Үкімет тарапынан көрсетілген біраз қошеметтерге ие болды. ТМД мемелекеттерінің жауынгер-интерноциалистер істері жөніндегі комитетінің бұйрығымен «Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 15, 20, 25 жыл», 2015 жылы Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің «Ауғанстан ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі кеңесінің шешімімен Отан қорғаудағы және жастарға патриоттық тәрбие беру жолындағы ерекше еңбегі үшін «Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымов» медальдарымен марапатталды. Бұл күнде өнегелі отбасының арқа сүйер азаматы, ұл-қызының ұлағатты әкесі, немере-жиендерінің ақылман атасы, біздің мақтанышымыз, ауылының Құрметті азаматы болып отырған көкесі мен қызының арасындағы әдемі сұхбат әдемі тілекпен аяқталды. «Бейбіт аспанымыздың тұнығы енді ешқашан лайланбасын, соғыс оты тұтанбасын, аналарымызға перзентін зарықтыра күттірмесін, келіндер жесірлік қасіретін тартпасын, сәбилер жетімдік көрмесін».

Қойшыбаева Жансая Серікқалиқызы 

№ 10 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі