Тәрбиелі болсаңыз,таныта біліңіз.Тегіңізге тіл тиіп жүрмесін...

Тәрбиелі болсаңыз,таныта біліңіз.Тегіңізге тіл тиіп жүрмесін...
жеке
блог

Қазақ халқы әуелден-ақ бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, оны ата-ананың борышы санаған. Өйткені, бала – болашақ иесі. Оны Аллаһ жаратқанда жаман болсын деген жоқ. Сол себепті келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрдайым қатал сын саналған. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу – елдік мәселе. Оның алдан күткен бағыты, үміті күмәнді болса, не болмақ? Сол үшін де халқымыз бала тәрбиесін жөргегінен бастаған. Сәби өмірге келгенге дейінгі қамқорлықтың өзі үлкен сын, ауыр сынақ боларын білгеніміз жөн. Ұрпақ өсіру жолында қазақ халқында қалыптасқан небір тамаша салт-дәстүрі бары да сондықтан. Құрсақ тойынан басталған рәсімнің, отау тігіп, шаңырақ көтергенге дейін сан алуан ғұрыппен астасуында да мән бар.
Қазіргі уақытта баланың сана-сезімін улайтын телеарнадағы түрлі ұрыс-керіс, атыс-шабыс, алдау-арбау, жазықсыз жанды оп-оңай тонай салу секілді бейне көріністер мен автомат ойындары және тағы басқа да алдамшы батыстық желөкпелік желігіне телміре қарау өз алдына тіпті, өмірде соларға еліктейтіндер де бой алдырғандар да баршылык. Бұлардың қай-қайсысы болмасын бала психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайтыны сөзсіз. Әттеген-айы сол – осылардың барлығының алдын алуға болатын, әсіресе, оның иманды ұл-қыз қалыптастырудағы басты шарт екенін, бірақ көпшілігіміз аса көңіл бөле бермейтін қарапайым ғана бір ақиқат бар. Осыған мысал ретінде бір ғибратты оқиғамен баян етпекпін. Қалғанын оқырман өзі сараптап алар деген ойдамын.
Ыстамбұл шаһарында Сүлеймения мен Шахзадабасы мешіттері арасында Уафа хазретінің қабірі бар. Өз заманында аты баршаға мәшһүр болған бұл кісі бай мен кедейге бірдей мейірбан да, әділ болған. Күндердің бір күнінде бір сүт сатушы әйел Уафа хазреттің құзырына келіп, тізе бүгіп отырды. Оның түрінен бір қиын жағдайға тап болғанын байқаған хазрет сатушыдан:
– Балам, бір бұйымтаймен келдің бе?– деп сұрады.
– Тақсыр, сізге қалай айтарымды да білмей отырмын,– деп бастады сатушы.
– Қысылмай айта бер,– деді.
– Мен сүт сатып күнелтіп жүрген адаммын. Сіздің ұлыңыз менің сүт тасып жүрген шелегімді тесіп тастады. Бүгін, міне, алтыншы шелегімді бізбен тағы да тесті. Өзіңіз көріп отырғандай, мен бір кембағал жанмын. Енді не істерімді білмей отырмын,– деді сатушы.
– Баламның тентектігі үшін кешірім өтінем. Сен, оған қайғырма, бір мәнісі болар. Әзірге мына ақшаға бір шелек ала тұр. Мен істің себебін анықтаймын,– деп сатушыға азын-аулақ ақша ұстатты.
Сатушы одан сайын қысылып, басын көтермеген күйде алғысын айтып үйден шығып кетті. Уафа хазреті үйіне жеткенше «Балам неге мұндай бұзақы іске барды екен? Оған не себеп болды?» деп ойлаумен болды. Үйіне келісімен әйелін шақырып:
– Ақылдасатын шаруа бар. Біздің баламыз бір бейтаныс сүт сатушының шелегін тесіп, бұзақылық жасапты. Бұған не себеп болды екен?– деді. Әйелі:
– Үйге азық-түлікті сіз алып келесіз. Егер арам нәпақаның кесірінен болса, оған сіз кінәлісіз,– деді. Ол кісі байсалдықпен әйеліне:
– Мен көп ойландым, бірақ қандай қателік жасағанымды білмедім. Сен де жақсылап есіңе түсірші. Бұл қателік сенен яки менен болуы мүмкін,– деді. Әйелі сыртқа шығып кетіп, көп ұзамай қайта кіріп:
– Отағасы, менің есіме түсті,– деді басын төмен салып.– Мен осы балама аяғым ауыр кезімде көрші әйел тамаққа шақырған болатын. Сол үйде қонақта отырып, дастархан үстіндегі апельсинге көзім түсіп, көңілім қалап, жегім келді. Сол жерде үлкен әжелердің: «Аяғы ауыр келіншек жерік болған нәрсесінен ауыз тимесе, баласы әлжуаз болып туылады» деген сөзі есіме түскені. Жеріктік дерті және оған қоса үлкендердің сөзінен соң «Баламның бір ағзасы кем болып қала ма?» деп те қорықтым. Бірақ, үй иесінен сұрауға ұялып, бата да алмадым. Сосын оған бір шыны су алып келуін сұрадым. Осы сәтті пайдаланып, жағамда түйреулі тұрған түйрегішпен әлгі апельсинді тесіп, сорып іштім,– деп сөзін бітірді.
– Міне, міне, бар бәле, бар кілтипанның көкесі де осында ғой. Енді сенің қателік жасағаның белгілі болды. Сен, тез арада сол көршіден барып, кешірім сұра,– деді Уафа хазреті.
– Қойыңызшы, арада қанша уақыт өткенде сол болмашы нәрсеге бола қалай кешірім сұраймын?– деп жұбайы наразылық білдірді.
– Жоқ, ол көрші әйелден міндетті түрде кешірім сұрауың керек. Аллаһ алдында біреудің ақысының үлкенді-кішісі болмайды. Сен, не болып жатқанын білесің бе? Біздің ұлымыз қазір небәрі алты жаста. Осы оқиғадан кейін 5-6 жыл өтпей жатып, сенің қолыңдағы түйрегіш бізге, ал апельсин шелекке айналды. Сенің жасаған қателігің баламызды бұзық іске жетелеуде,– деп әйеліне мән-жайды ұқтырды.
Ақыл иесі үшін осы бір қысқа ғана хикаяда қаншама мән-мағына, мол ғибрат бар десеңші?! Бала бойындағы елп еткен жат қылық нышанын аңғартып қалсақ, «Неліктен ұл-қыздарымыз мұндай теріс қылықты болып барады?» деген сауал тілге тиек, сезімге тірек болып, баршамыздың көкейімізде шырақтай жылтылдап тұрса да, шыныңызды айтыңызшы, оның себеп-салдарын іздейміз бе? Әрине, жоқ. Әлбетте, ойлансақ, бейтарап қалдырмасақ, қаншалықты олжалы болар едік. Шынтуайтында, хикая кейіпкері тақуа, діндар Уафа хазреті тәрізді әрбір ата-ана бала тәрбиесіндегі кемшілікті өз бойынан іздеп, жіберген ағаттығын түзете білсе, нұр үстіне нұр болмақ. «Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деп бабаларымыз ұрпақ тәрбиесінде әке-шеше маңызды рөл атқаратынын дөп басып айтқан. Демек, бала тәрбиесі ана құрсағынан бастау алып, ананың ақ сүтімен дариды.Қай жаста болмасын,тәрбиелілік көрсеткіші-адам баласын баурап алар басты қасиет.Сондықтан, тәрбилілігімізді таныта жүрейік,ұлағат берген тегімізге тіл тиіп жүрмесін!