Арманыңызды ешқашан сатпаңыз!

Арманыңызды ешқашан сатпаңыз!
жеке
блог

  Армандау...Әрбір адамның ең сүйікті ісі шығар...Біреулер бай болуды армандайды,екіншілері табысқа жетуді армандайды,басқалары жақсы жұмыс табуды армандайды.Қайткен күнде де,бәріміздің өзімізге ғана аян армандарымыз бар.Арманымыздың күшімен айға да ұшып,теңіздің түбіне де талай түсіп көрдік.Бұл-заңды құбылыс,себебі арман-мақсаттың алғашқы баспалдағы іспетті."Армансыз адам-қанатсыз құспен тең" дегендей,кейде армандарымыздың тұңғиығына түсіп кететініміз соншалық,дәл қазір өмір сүріп тұрған өмірден алшақтап,өзіміздің арманымыздағыдай мінсіз өмірге кіріп кетеміз де,шыға алмай қаламыз.Нәтижесінде,арман сағымға айналып,уақыттың еншісінде қала береді.Немесе "Сенің бұл арманың ешқашан орындалмайды" деген жұрттың сөзіне құлақ түріп, қолымызды бұлғап қоя береміз.Ал кейбір нәрселерді,тіпті армандауға да қорқасың.Бірақ не себепті?Себебі-қорқынышың сеніміңнен үсетмірек.Қорқыныш-арманның ең бірінші жауы."Сенің қолыңнан келмейді,сен мұны істей алмайсың" деп азғырған үрей де маза бермейді.Ақыр соңында адам не істейді?Әрине,сенімін қорқынышқы жеңдірген адам,өмірдің қалыпты ағынымен жүзе береді,ал керісінше,қорқынышын сенімге жеңдірген адам,арманның алақанынан ұстап ағысқа қарсы жүзеді.

  Арман туралы айта берсек,әңгіме көп.Алайда сол арманға қалай жетеміз?

  Ең алдымен,анық,айқын әрі нақты түрде армандауды үйреніңіз.Нені қалайсыз,соның бейнесін қиялыңызда қорықпай суреттеңіз.Және ешнәрседен қорықпаңыз,себебі сіз-өз арманыңыздың иесісіз,оны қалай елестететініңіз де-өз еркіңізде.

  "Егер сіз бір нәрсені ойлай алатын болсаңыз-онда сіз оны істей аласыз"-осыны жадыңызға жазып алыңыз.

  Ешқашан да арманыңыздан бас тартпаңыз.Егер бас тартатын болсаңыз,өмірде көп нәрсеге қол жеткізе алмайсыз.Осыған мысал ретінде мына әңгімені келтіре кетейін:"Мектеп бітіруші түлектерден мұғалімі мектеп бітіргеннен кейінгі армандары туралы шығарма жазып келуін сұрайды.Арасында ат шаруашылығымен айналысатын,үнемі көшіп-қонып жүретін отбасынан шыққан,сабақты үнемі жіберіп алатын бала болады.Сол күні ол өзінің арманы-үлкен ат шаруашылығының (ранчоның) иесі болғысы келетіні туралы жеті беттен тұратын шығарма жазып береді.Болашағын қалай жоспарлайтынын,тіпті,болашақ  үйінің де жобасын сызып береді.Ертесіне шығарманы мұғалімге өткізеді,бірақ екі күннен соң мұғалім оны балаға қайтарып береді.Ашып қараса,бірінші бетінде өте нашар яғни қанағаттанарлықсыз деген баға мен "сабақтан соң қал" деген жазуды көреді.Бала мұғалімнен неге нашар баға алғандығын сұрайды.Сонда мұғалім:"Сенің  арманың бос қиял,сенің көк тиының да жоқ.Отбасың үнемі бір жерден екінші жерге көшіп жүреді"-деп,шығарманы қайтадан жазып келуін талап етеді.Әлгі бала үйіне келіп әкесінен ақыл сұрайды.Дана әкесі:"Өзіңе сен,бар жауапты өзің табасың"-деп,кеңес береді.

 Бір аптадан кейін бала шығармасының бір сөзін де өзгертпей мұғалімге келіп:"Мейлі,менің бағам нашар бола берсін,бірақ мен өз арманымды ешқашан сатпаймын"-деген екен.Кейіннен балалық шығармасындағы арманы шындыққа айналып,дегеніне қол жеткізген.

 Бұл оқиға Монти Робертс деген адамның өмірінен алынған шынайы оқиға болып табылады.

 Сіздің де арманыңыздың шындыққа айналуы әбден мүмкін.Тек оны ешнәрсеге айырбастамаңыз!

 (Ал арманды мақсатқа айналдыру туралы келесі мақалада сөз ететін боламын)