Ақшаң болмаса қалтаңда...

Ақшаң болмаса қалтаңда...
жеке
блог

         Алматы – сан түрлі тағдырлар тоғысқан алып қала. Бейресми деректер бойынша қала халқының саны 2 миллионды, ал ресми дерек бойынша 1,3 миллионды құрайды. Ал осы алып қаладағы адамгершілік деңгейі қандай? Ауылдағы ақсақалдардың «Ақшаң болмаса алып қалада адасып, аш қаласың» деген сөздері қаншалықты рас?

Қазір қоғамдық көлікте жүрудің өзі оңай емес. 2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап іске қосылған «Оңай» төлем жүйесін қабылдау қала халқы үшін оңайға соқпады. Қоғамдық көліктерде «Оңай» төлем жүйесі қолма-қол төлеммен қатар қолданылатын болды. Сондықтан, бұрынғыдай емес, тексеріс те қатая түсті. Бақылаушылар, кондукторлар мен жүргізушілерге де оңай емес. Олардың да үстінен қарайтын басшылары бар. Сонда ақшасы жоқ адам діттеген жеріне жете алмай қала ма? Әлде 170 шаршы шақырымды құрайтын алып қаланы жаяу аралауға тиіс пе? Өмірде әр түрлі оқиғаларға тап болуыңыз мүмкін. Әмияныңызды жоғалтып алсаңыз немесе «Оңай» картасына сеніп, ақша толтыруды ұмытып кетсеңіз, басқа да ақаулықтар кездесіп сан соқтырып жатса ше? Қоғамдық көлік кондукторлары, бақылаушылар мен көлік жүргізушілері де адам баласы ғой. Олар сізге түсіністік таныта ала ма? Көрейік...

         Біз өзіміз оқитын ҚазҰУ қалашығының аялдамасына алғашқы болып келген №9 автобусқа міндік. Автобуста кондуктор да, бақылаушы да жоқ екен. Жүргізушісі – орта жастағы орыс ер адам. Жүргізушіге жақындап, «Оңай» картамызды жоғалтып алғанымызды, артық ақша алып шықпағанымызды, Қ.Сәтпаев атындағы университетке шұғыл бару керек екенімізді айтып, тегін жеткізіп тастауын өтіндік. Алғашында сенімсіздікпен қарағанымен, келісті. Біз қуандық. Қоғамдық көлікте тегін жүру құрметіне ие болғанымыз үшін емес, қоғамда адамгершіліктің, адамдар арасында түсіністіктің барына қуандық. Тиісті аялдамадан түстік те, жүргізушіге әлеуметтік тәжірибе жасап жүрген жас журналистер екенімізді түсіндіріп, алғыс айттық.  Көлік жүргізушісі автобус нөмірі, аты-жөні туралы ақпаратты жарияламауды өтінді. Себебі, жүргізушілер келісімшартында адамгершілік пен жолаушыларды тегін тасымалдау туралы мәселе қаралмайтын көрінеді.

         Келесі автобустар да баратын жеріне асығыс, алайда ақшасы жоқ жолаушыларды жаяу қалдырмады. №11, №30, №124, №32 автобустар да Ұлттық кітапхана, Балуан Шолақ атындағы спорт кешені, Сайран автобекетіне дейін тегін жеткізіп тастады. Біз де тиісінше алғысымызды айтып, әлеуметтік тәжірибе жүргізіп жатқанымызды хабарлап отырдық. Автобустан автобусқа мініп, Алматы шаһарын күні бойы аралап, адамгершіліктің әлі де болсын сақталғанына көз жеткізіп, қуанышты болдық. Біз өтініш жасаған автобустардың ешқайсысы бізді жолда қалдырмады.  Таңғалдық, тамсандық, шүкіршілік еттік. Тіпті, автобус жиі жүрмейтін Таулы Қырат аялдамасында такси жүргізушілері де әлеуметтік тәжірибеміздің қатысушысы болды. Автобус күте-күте әбден шаршаған соң, такси тоқтатып, ақшамызды жоғалтып алғанымызды айтып, тегін жеткізіп тастауын өтіндік. Сәл ойланып-толғанғанымен, өтінішімізді жерге тастамады.

         Күн сайын қоғамдық көлікте айқай-шу шығарып, дауласып жатқан жолаушылар мен бақылаушыларды көріп жатамыз. Бақылаушыларды әзірейілдей көреміз, ұнатпаймыз. Адамдар арасындағы сыйластық сақталса екен деп тілейміз. Ақшамыз болмаса ақырзаман орнағандай күй кешеміз. Өмірде барлығын ақша арқылы алуға болады деп ойлаймыз. Бірақ, бақылаушылардың да жүрегі бар, адамгершілігі бар адам баласы екенін, сыйластықтың әліппесі әдептен басталатынын, ақшамен сатып ала алмайтын адами құндылықтар бар екенін күнделікті күйбең тіршілікте ескере бермейміз. Алғашқы әлеуметтік тәжірибемізді жүргізу арқылы біз қалтаңда ақшаң болмаса да, жүрегіңде иман, адамгершілік болса – қалада болсын, далада болсын өмір сүруге болады екен деп түйдік.