Бүгінгі мен кешегінің оқыту әдістемесі қандай?

Бүгінгі мен кешегінің оқыту әдістемесі қандай?

Біздің ата-аналарымыздың қазіргі таңдағы мектептегі оқыту бағдарламасына көңілдері толмайды. Ескі оқыту жүйесін әлдеқайда пайдалырақ деп есептейді. Әрине, білім беру тақырыбына келген кезде, әркімнің-ақ таласы бар. Осы орайда, 35 жастағы британдық журналист Дамиан Уаитуостың жасаған зерттеулеріне көз жүгіртіп көрелік.

Зерттеу барысында британдық журналист Дамиан Уаитуос Британия орта мектебінде бір апта уақытын өткізеді. Бренвуд мектебінде 11-18 жас аралығындағы оқушылар білім алады. Мектепте 1800-ге жуық ұл мен қыз тәрбиеленеді. Дамиан мектептегі оқушылар секілді мектеп бағдарламасы бойынша сабақтарға қатысып, қызықты сәттерімен бөлісті.

Француз тілі

Мен оқуды француз тілі сабағынан бастадым. Менің сыныптастарым жасыма қарап "Сіз шынымен бізбен бірге сабақ оқымақсыз ба?", "Сіздің жасыңыз нешеде?" деген сұрақтарын жаудырып, таңырқаумен болды. Сабақтың алғашқы сатысын тыңдау машығын арттыру тестінен бастадық. Мойындауым керек, біздің уақытта компьютерлердің болмауы себебінен бе екен, тест сұрақтарының 20-ның 14-іне ғана дұрыс жауап бере алдым. Қазіргі кезде қандай адам болсын, меншігінде ең болмағанда бір компьютерден болады.

 

Математика

Келесі кезекте математика сабағы өтетін болды. Мен сыныпқа кірмей тұрған кезімде, математика пәні мұғалімі киіну ережелерін айтып, көйлегімнің түймесін қадап алуды сұрады. Сабақ басталды. Ұстазымыз сан-қилы графиктері мен видеолары бар интерактивті тақталарды пайдаланды. Математика пәні оларға қызықсыз секілді көрінді. Бір уақытта оқушылардың бірінен ұялы телефонның дауысы естіліп қалды. Мұғалім оқушының қасына келіп, сөгіс айтып, телефонын апта соңына дейін тәркілейтінін айтты.


Тарих


Тарих мұғалімі тәртіпті  басқару жағынан өзге ұстаздарға қарағанда, ешқандай қаталдық танытпады. Мұғалім барлық оқушылармен теңдей араласты, үлкен азаматтардай көрді. Түстену уақыты болғанда оқушылар мектеп асханасына барып тамақтанды. Асхана мәзіріне тез әзірленетін тағам мен ұлттық ас түрлері кірген. Оқушылардың басым көпшілігі  табиғи тағамды емес, тез әзірленетін аспен тамақтанады екен. Сыныптасымның бірі майда қуырылған картопты күнделікті түрде жейтінін айтты.


Технологиялық қарым-қатынас


Технологиялық қарым-қатынас пәнінде ұялы телефон өнімінің әрленімдік (дизайн) электронды кестесін жасадық. Жеке өзіме бұл пән іш пыстыратын болып көрінді, алайда оқушылардың барлығы берген тапсырмаларына ойланбастан кірісіп кетті. Ата-аналар оқушылардың оқу үлгерімін ғаламтор арқылы көре алады.

Менің ойымша, әр кезеңнің өз қызығы мен шыжығы бар. Соған қарағанда оқушылыр  қоғамдық ортаға байланысты дағдыланады, қызығады. Менің мектепті бітіргеніме аз ғана уақыт болса да, сол кездегі білім жүйелері айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Оқушының білімді, білімсіз болуына сан алуан факторлар әсер етеді ― оқушының қабілеттеріне, қызығушылықтарына, ұстаздарына, ата-анасының жауапкершіліктеріне, жағдайдың жасалуына т.б. байланысты. Ирландиялық жазушы Оскар Уайльд: «Ғылымның сәттілікке жолығуы ― жағдайға байланысты, егер сенде жақсы жағдай болса, нәтиже де болады», ― деп айтып кеткен.


Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы 

Сурет: academicjoy,wikihow

Н. Нұрмаханұлы