Жұмыссыздық немесе "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы туралы не білеміз
жеке
блог

Жұмыссыздық немесе "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы туралы не білеміз

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» үкіметтік бағдарламасы туралы.

жұмыссыздықпен күрес

Қазір жұмыс іздеп сабылып, талай жұмыс берушілердің табалдырыған тоздырып жүрген жұмыссыз азаматтарды көп көреміз. Төрт жыл бойы оқып, оқыған мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жандардың да саны күн санап артуда.

Жалпы, елімізде 2016 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыссыздардың саны экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың немесе жұмыс күшінің 5 %-ын (экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны шамамен 8,6 млн. адам, демек жұмыспен қамтылмаған адамдардың саны 430 мың) құрады, ал жастар (18-24 жас аралығындағы) жұмыссыздығының деңгейі 4,6 % болып қалыптасты. Жұмыссыздық деңгейін барынша төмендету үшін Үкімет әзірлеушісі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі болып табылатын «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдарламамен кейбіреулеріңіз таныс та шығарсыздар... ал кейбіреулеріңіз бірінші рет естіп тұрған шығарсыздар. Аталған бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.

1-бағыт инфрақұрылымдық жобаларды (көшелерді аббаттандыру, мектептерді, ауруханаларды ағымдағы және күрделі жөндеу, ауыл жолдарын жөндеу және т.б.) іске асыру арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуды көздейді.

Ал, екінші 2-бағыт 6 млн. теңгеге дейін микрокредиттер беру арқылы азаматтардың жеке ісін (өз бизнесін) ашуға немесе қолда бар бизнесін кеңейтуге бағытталған. 2-бағыт ауылда тұратын жұмыссыз азаматтарға таптырмас мүмкіндік. Себебі, олар мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын дамыту арқылы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сату арқылы табыс тауып, жағдайын жақсарта алады.

Келесі бағыт, яғни 3-бағыт жұмыс берушілерден кадрларға (мамандарға) сұраныс болған жағдайда, жұмыссыз азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшіру арқылы жұмыспен қамтуды көздейді. Жұмыссыз азаматтар жұмыс берушілердің қажеттіліктері шеңберінде қоныс аударған кезде, оларға қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беріледі. Жұмыс күші артық өңірлер бұлар Шымкент, Алматы облысы, ал жұмыс күші жетіспейтін өңірлер бұлар СҚО, Қостанай, ШҚО. Осы үшінші бағыт шеңберінде жұмыссыз азаматтар кәсіптік білім (электрик, аспаз, кондитер, дәнекерлеуші, темір ұстасы, шаштараз, есепші, тігінші және т.б.) ала алады.

Бұдан басқа, аталған бағдарламада жастар практикасы, қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары көзделген.

Қысқаша тоқтала кетсем.

Жастар практикасы 29 жасқа дейінгі жастарға арналған, олар жастар практикасына қатысып, универде (колледжде) алған білімдері бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтайды.  Жастар практикасының ұзақтығы алты ай, жалақысы шамамен 20 АЕК.

Әлеуметтік жұмыс орындарын жұмыс берушілер Халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасу арқылы құрады. Халықты жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орнына жұмысқа орналасқан адамдарға төленетін жалақының бір бөлігін өтейді. Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істеу ұзақтығы шамамен он екі ай. Әлеуметтік жұмыс орындарына кез келген жұмыссыз азамат жұмысқа орналаса алады.

Қоғамдық жұмыстардың ұзақтығы 6 ай. Қоғамдық жұмыстарға,кәсіпорындардың уақытша жұмыс істемеуіне (тоқтап тұруына) байланысты жұмыспен қамтылмаған азаматтар, жұмыссыз ретінде 6 айдан астам есепте тұрған азаматтар, сондай-ақ жазғы демалыс кезеңінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер де қатыса алады, қоғамдық жұмыстарға мүгедек, кембағал жандар қатыса алмайды.

Ал, жоғарыда аталған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін жұмыс іздеп жүрген адамдар тұрғылықты мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығында (тіркелу үшін жеке куәлігіңіз болса жеткілікті) немесе электрондық үкімет веб-порталы арқылы «жұмыс іздеген адам» ретінде тіркелуі тиіс. Он жұмыс күні ішінде «жұмыс іздеген адам» ретінде тіркелген адамға Халықты жұмыспен қамту орталықтарының базасында бар лайықты жұмыстар ұсынылады. Егер, «жұмыс іздеген адам» ретінде тіркелген адам он жұмыс күні ішінде жұмыс таппаса, ол адамды Халықты жұмыспен қамту орталығы «жұмыссыз» ретінде тіркеп, қоғамдық жұмысқа, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарының біріне жібереді.  

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің сайтында («Работа» порталында) жұмыс берушілерден түскен жұмыстардың тізімі, қарапайым тілмен айтқанда хабарландырулар  орналасқан (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми сайты: www.mzsr.gov.kz).

Әлемдік дағдарыс, қымбатшылық кезеңінде тапқан табысын екі ете алмай жүрген ата-анасының мойынына отырып алып, олардың табысын шашатын «жалқау» жандар, тағдырдың небір қасіретінен (ата-анасынан айрылғандар, мүгедек болып қалған жандар) оқуын аяқтай алмаған жастар, қыз күнінде тұрмысқа шығып, қазір жұмыссыз жүрген аналар бірінші кезекте жұмыспен қамтылуы тиіс және олар жоғарыда аталған бағдарламаға қатысуда басым құқық пайдаланады. Менің ойым біреуге ақыл айту емес, елімізде осындай бағдарлама іске асырылып жатқанын жұрт білсін деген ниет.

ЖЖК 2020