Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдындағы болжамдар

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар Лигасы. Кездесу алдындағы болжамдар

Бүгін Чемпиондар Лигасының 1/8 финалы аясындағы алғашқы ойындар жалғасын табады. Ресейде «Зенит» дортмундтық «Боруссияны» қабылдаса, «қызыл сойқандар» сырт алаңда «Олимпиакоспен» кездеседі.

БӨЛІСУ

«Зенит» (Ресей) – «Боруссия Д» (Германия)

Санкт-Петербуг қаласының командасы топтық кезеңде «Атлетико Мадрид», «Порту» және «Аустрия» ұжымдарымен бір топта плей-офф жолдамасын сарапқа салды. 6 ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жетіп, үшеуін тең нәтижемен аяқтады. Қорытындысында бұрын-соңды Чемпиондар Лигасы тарихында болмаған 6 ұпаймен келесі кезеңге жолдама алып кетті. Ал топтың фавориті сөзсіз мадридтік «Атлетико» болды.

Дортмундтық «Боруссияның» топтық кезеңде қарсыластары осал болған жоқ. Сондықтан 1/8 финал жолдамасы соңғы сәтке дейін белгілі болмады. Нәтижесінде 12 ұпайдан жинаған «Боруссия», «Арсенал» және «Наполи» қатарларынан соңғысы шығып қалды. Осылайша 12 ұпай жинап, неапольдық команда келесі кезеңге өте алмады.

Қазіргі таңда «Зенит» Чемпиондар Лигасына бар оқу-жаттығуын пысықтады. Бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Бәрі де сәтті өтуде. Ал Юрген Клопп командасы соңғы турда бундеслиганың аутсайдеры «Гамбургтан» 3:0 есебімен ойсырай жеңілді. «Боруссияның» қазіргі құрамында жарақат алған ойыншылар көп. Қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Илкай ГюндоганНевен Суботич және Якуб Блащиковски, Свен Бендер сынды футболшылар командаға көмектесе алмайды. Сонымен қатар, Роберт Левандовский мен Матс Хуммельс та ойынға шықпауы мүмкін. Егер соңғы екі ойыншы шықпаса қонақтардың жеңіске жетуі екіталай.

Топтық кезеңде «Зенит» орталық жартылай қорғаушылардың тапшылығына зәру болды. Жақында осы олқылықтың орнын толтырмақ болып, «Бенфикадан» Гарайды сатып алмақ болған еді, алайда трансфер сәтсіз аяқталды.

Кездесу алдындағы командалар құрамы: 

«Зенит»: Лодыгин — Кришито, Ломбертс, Нету, Анюков — Витсель, Файзулин, Шатов, Аршавин, Халк — Рондон.
«Боруссия»: Вайденфеллер — Шмельцер, Сократис, Хуммельс, Пищек — Шахин, Гросскройц, Мхитарян, Ройс, Обамеяйнг — Левандовски.

Сонымен бүгін 23:00-де басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Зенит» жеңісіне –4,03 коэффициент, тең ойынға – 3,81 коэффициент, «Боруссия Д» жеңісіне – 1,85 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 1:1 немесе 1:2 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.


«Олимпиакос» (Грекия) – «Манчестер Юнайтед» (Англия)

Бұл екі ұжым өз тарихтарында 4 рет өзара кездескен екен. Оның үшеуінде манкуниандық команда жеңіске жетсе, біреуінде ғана грекиялық ұжымның мысы басым болыпты.

«Қызыл сойқандар» осыған дейін Англия мен Лигасы Кубогы жолындағы жарыстан шығып қалған еді. Чемпиондыққа да қол жеткізу мүмкін еместей. Соңғы бар күші осы – Чемпиондар Лигасына салынуы тиіс. Сонымен қатар, Робин ван Перси мен Руни қатарға қайта оралды.

Ал «Олимпиакос» жүйелі ойынымен жанкүйерлерін қуантып жүрген ұжым. Десе де бүгінгі кездесуде шабуылшылардан таршылық көруі мүмкін. Өйткені команданың үздік сұрмергендерінің бірі – Костас Митроглу «Фулхэмге» ауысып кетсе, Хавьер Савиола жарақат алып қалған. Ал тағы бір шабуылшы Нельсон Вальдес пен қорғаушы Хосе Холебас кездесуге қатыса алмайды.

Дэвид Мойес ұжымы қатарынан жарақаттарына байланысты қорғаушылар Рафаэл, Джонни Эванс, Фил Джонс, жартылай қорғаушы Нани, шабуылшы Дэнни Уэлбек алаңға шықпайды.

Букмекерлер коэффициенті:  «Олимпиакос» жеңісі — 3,54; тең ойын — 3,29; «МЮ» жеңісі — 2,15

Кездесу алдындағы командалар құрамы:

«Олимпиакос»: Роберто — Бонг, Манолас, Меджани, Салино — Самарис, Маниатис — Фустер, Домингес, Кэмпбелл — Вальдес

«МЮ»: де Хеа — Смоллинг, Видич, Фердинанд, Эвра — Каррик, Феллайни — Валенсия, Янузай, Руни — ван Перси.

Кездесуге италиялық қазы Джанлуко Рокки төрелік етеді. Түнгі сағат 01:45-те басталатын кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: russiasport.ru; settips.com