ӘР КҮНІҢІЗГЕ СӘТТІ ҚАДАМ №4
жеке
блог

ӘР КҮНІҢІЗГЕ СӘТТІ ҚАДАМ №4

09.01.2016

Бір ғана шешім қабылдау жеткілікті ме?

Иә, мен өз мақсатыма жасым 45-ке келгенде қолым жетті, бірақ осы жасқа дейін 12 жыл мен аяғымнан басыма  дейін қарыз құрсауында тұтқын болдым. Өте ауыр қаржылық жағдайыма байланысты ақша менің өмірімнің басты мағанасы болды. Яғни, ақшаның қаншалықты маңызды екенін сезінген сайын, қажеттілігі бірнеше есе арта түсті. Бірақ, мен өмірдің тәлкегіне мойымадым, өз-өзіме қайрат бердім,  жатсам-тұрсам барлығы жақсы болады деп үмітімді үзбедім. Әрине, үмітсіз шайтан деген жұбанышпен ешбір  өзгеріс жасай алмайсың. Үміт – психология тұрғысынан өзіңе-өзің масаттану, яғни өзіңді-өзің алдау. Біздер кімге, неменеге үміт артамыз? Алла тағалаға ма? Кездейсоқтық  сәттілікке ме? Алла тағала – ерікеннің ермегі болып, оңды - солды рахымшылық жасай бермейді. Ақымақ бастан ақыл шықпас, ақыл шықса да мақұл шықпас,- дегендей тек қана үміттің жетегінде байланып қалмау керек.

Көп жылдар бойына мен ішкі құндылық пен мақсатымның жер мен көктей болғанын сезіне алмай, үмітсіз өмір кештім. Қомақты табыс тапсамда еш өзгеріссіз белшеден қарызға батып, көз ашпай жүргеніме түсіне алмадым. Не нәрсенің болсын шешілмейтін жауабы болмайды,- дегендей көкірегімдегі еселенген сұраққа жауап тапқанда, мен өз-өзіме қатты таң қалдым. Не кедергі болды?,- деп тағатсызданып отырғаныңызды да білемін. Өмір бойы өз жетістігіме  өзім тұсау салып, «ақша бар жерде албасты бар», «жарлының ақшасын жаман тауар құртады», «пайда да бір, аққан су да бір»,- деп екпінімді кісендеумен алтын уақытымды бос өткізіп алдым. Екінші жағынан «бейнет көрмей, дәулет жоқ», «ақша ашпайтын құлып жоқ», «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін»,- деген тұжырымдарды ойыма сақтап  санама кіргіздім. Осылай мен байлықты аңсап, жоқшылық өмірге жирене қарадым. Байлықты қанша ойласам да, өмірдегі сәтсіз күндер, теңіз толқынындай толқытып жағаулаға итеріп тынысымды тарылтты. Ұйқыдан маза кетті, ішімдегі аласапыран тайталастың шешуін тапқанша, мен еш өзгеріссіз бір қалыпты өмірім өтіп жатты. Не болғанда да, мен әрекет жасап ауқатты өмір сүруге ұмтылыс жасадым. Иә, әрқашан бір іс жасауға ниет білдіреміз, бірақ  соған нәтиже беретін нақты іс шараларды жүзеге асыруға талпыныс білдірмей жатамыз. Осылайша біздер бір қадам кері шегінуге жол береміз. Ең қызығы, іс жасауға ниет білдірген жанға, алдынан міндетті түрде кедергілер тұрады, оң шешімін таппаған соң басталған іс шаралар жауапсыз қалады. Іс-әрекет жасап, табыс көзін көбейтемін деген ағайынға айтарым, өз күшіңді бағалай біл, сонда ғана ұлкен жетістікке жетесің. Өзіңді-өзің бағалау – санаңдағы ең жоғары қасиет.

Ағайындар, әр нәрсенің өз кезегі бар. Сіздерге көңіліңіздегі жүрген сауалдың жауабын дәл бүгін білу міндетті емес. Егер сіз өзіңіз ойлаған, қиял құшағындағы өмірге дайын болсаңыз, ол міндетті түрде келеді. Көретін фильмнің не туралы немен аяқталатынын алдын ала білетін болсаңыз қызық болар ма еді? Сондықтан, бір күн ішінде өз өміріңізді өзгертудің қажеттілігі жоқ. Мың шақырымдық жолға саяхат бір қадамнан басталатынын естен шығармаңыз. Біздер ұлылыққа баспалдақтап жетеміз. Күнделікті кішігірім қадам ұзақ уақыт бойы әсерлі болып, таңғажайып нәтижелерге жеткізеді.                      

* ертеңгі тақырып:  Жағдайың қалай жас дос  немесе өзіңе деген сенімің бар ма?