Сізден менің анамның иісі шығады
жеке
блог

Сізден менің анамның иісі шығады

Фейсбук парақшасынан орыс тілінде жазылған бір әңгіме оқып, көзіме жас үйірілді. Өзіме қатты әсер еткен ғибратты оқиғамен сіздерді де таныс етуді жөн көрдім.

Оқу жылы басталды. Өзі өткен жылы қабылдап алған бесінші сынып оқушылары биыл алтыншы сыныпқа қадам басып, дауыстары өзгеріп, бойлары өсіп, ойлары жетіліп келіп отыр. Сынып жетекшісі оқушыларының ешбірін бөліп жармай, барлығын бірдей өз баласындай жақсы көретінін және қайтадан қауышқанына қуанышты екенін жеткізді. Бұл сөзі алдыңғы партада отырған күштімен күреспейтін, мықтымен тіреспейтін жалтақ бір баланың алдында айтылған үлкен өтірік еді.

Сыныптастарымен бірге ойнамай, жатсынып жалғыз жүретін осы баланы суқаны сүймейтін. Оның үстіне, киімі де, өзі де су мен сабынды ешқашан көрмегендей.

Күндердің күнінде оқу ісі меңгерушісі сынып жетекшіге оқушылардың бастауыш сыныптан бастап жазылған мінездемелерін сараптап шығуды тапсырды. Мұғалім жаны жылымайтын әлгі оқушысының іс қағазын ең соңына қойды. Барлығын аяқтап, соңында жек көретін оқушысының іс қағазын ашып танысты... сотта өлім жазасына кесілген жандай есеңгіреп қалды.

Бірінші сыныпта оқытқан мұғалімі оның мінездемесінде: «Бұл жайдары күлкісімен жанына шуақ шашып жүретін жаз мінезді бала. Үй тапсырмасын өте таза да ұқыпты орындайды» деп жазған.

Өз көзіне өз сенбей, жалма-жан екінші сыныптағы мұғалімі жазған мінездемеге көз салды: «Бұл өте озық оқушы, сыпытастары да қадір тұтады. Бірақ өмір мен өлім арасында жанталасып жатқан ауру анасының жағдайы оны қатты қинап жіберді».

Үшінші сыныптағы мінездеме: «Анасының қазасы баланы қанатын кескен құстай етіп, қабырғасын қайыстырып кетті. Әкесі де тамыры байланбаған жас шыбықтай балаға қарайлайтын емес. Осылай жалғаса берсе, отбасының берекесімен бірге, оқуға ынтасы да жоғалар». Сынып жетекші біреу өзінің қабырғасын сөгіп, арасынан жүрегін жұлып алғандай күйге түсті.

Төртінші сынып: «Бала ешқандай жауапкершілік сезінбейді. Ешкіммен араласпайды. Оқуға деген талабы жоқ, сабақ үстінде ұйықтап қала береді». Мұғалім өзінен өзі ұялып, жанын қоярға жер таппады.

Жаңа жыл жақындағанда әдет бойынша, оқушылар мұғалімге жылтыр қағазбен оралып, көбелекшемен сәнделген әр түрлі сыйлық тарту етеді. Ал жақсы көрмейтін оқушысы жоқты жерден қазып тапсын ба, тұрпайы қоңыр қағазбен оралған сыйлық әкелді. Ішінен бірнеше тастары түсіп қалған білезік пен жартысы таусылған әтір шыққанда, өзге оқушылар сыныпты басына көтере күліп жіберді.

Бірақ мұғалім: «О, қандай әдемі білезік!» деп күлкіні сап тыйды да, әтірді білегіне септі. Сабақ аяқталғанда оқушы сынып жетекішісіне келіп: «Сізден менің анамның иісі шығады», - деді. Ол шығып кеткенше әрең шыдап тұрған мұғалімі жүрегі жауыр аттың арқасындай сыздап, өксіп жылап жіберді.

Осы күнге дейін оқушыларға тек есеп шығаруды, шығарма жазуды үйретіп келген ұстаз енді мейірбандық, жанашырлық, сезімталдық қасиеттерін олардың бойына сіңіремін деп шешті. Мақсаты жүзеге асып, әлгі жексұрын көрінген бала сыныптағы ең үздік оқушылардың біріне айналды.

Мұғалім осы баланы ерекше жақсы көре тұра, оқушыларға бір-бірінен кем көрмей, барлығын бірдей жақсы көретінін қайталай берді. Ал келесі жылы мұғалім басқа сынып алғанда, әлгі бала оған өміріндегі ең жақсы мұғалім болғанын жазып, хат жіберді.

Уақыт есепшотын тынымсыз соғып, арада бес жыл өтті. Әлгі баладан тағы да хат келді: «Оқу үлгерімім бойынша үшінші орында болып, колледжді аяқтадым. Сізден артық мұғалімді әлі бір де бір рет кездестірмедім».

Қырсығы қалың, қыртысы мол мойнындағы қиын кездердің бәріне төзіп, университетті аяқтағанда да, көп біліміне қанағаттанбай, ғылым қуып, доктор лауазымын алғанда да мұғаліміне жолдайтын хаттары толастамады. Барлығында да одан жақсы мұғалім өмірінде әлі кездеспегенін жазады.

Құмсағаттың құмындай сырғып өмір өтіп жатты. Кезекті хаттарының бірінде оқушысы үйлену тойын жоспарлап жатқанын, әкесі екі жыл бұрын қайтыс болғанын жазып, тойға келіп, күйеу анасының орнына отыруын өтінді. Әрине, мұғалімі келісім берді. Той күні өзі ұзатылатын қыздай жасанып, оқушысы тарту еткен білезікті тағып, дәл сондай иіссу сеуіп  келді. Мұғалімі құттықтап, құшақтағанда бала тағы да өз анасының иісін сезінді.

– Маған сенім білдіргеніңізге рақмет. Өзімнің біреуге керек екенімді сезініп, өзіме не керек екенін түсініп, өмірге қайта келгендей болдым. Сізге барлығы үшін көп рақмет! – деді.

– Қателесесің. Маған баланы қалай оқытуды үйреткен сен болатынсың! – деп мұғалімі қуаныш көз жасына ерік берді.

Сіздердің өміріңізде осындай әрекетімен әсер еткен мұғалім болды ма? Барлық ұстаздарға деген құрметімізді бір блогқа сиғызып бәріміз жазып көрейікші, достар.