Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. МАХАББАТ «ИIСI»

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. МАХАББАТ «ИIСI»
жеке
блог

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. МАХАББАТ «ИIСI»

(Қысқартылып алынды.)

    Бизнесмен Мыжбан  «Шымкент-Алматы» рейсi бағытында ұшатын ұшаққа отырғаны сол, стюардессе қызға қылмыңдай қалды.

– Сәлеместсiз бе, стюардесса қарындасым?  Жағдайыңыз қалай?

– Қалай болса, солай...

– Соратын құртыңыз бар ма?

–Мұнда  жоқ, үйде бар.

– Аулыңыз қайда?

– Жерде.

– Жұмысыңыз?

– Аспанда.

– Кешiрiңiз, стюардесса екенiңiздi ұмытып кетiппiн,  сiзге қарным ашты. Дұрыс жауап  берсеңiз қайтедi?

–  Қарныңыз ашса, қаймақ жалаңыз!

– Рахмет, тойдым.

–  Тоймасаңыз тоныңызды  пiрiсiп  жеңiз!

– Масқара-а...

– Мас адамға қарамаймын.

– Қасқыр қарындас екенсiз!

– Қоян қарындас  болғым келмейдi!

–Кешiрiңiз, құсқым келiп отыр... Қағаз қалта бересiз бе?

–Темiр қапшық берейiн...

– Тiл мен жаққа сүйенiп, болар емессiз ғой тегi!

–Немене, сүйкiмсiз  сiзге сүйенуiм керек пе едi?

–Жоға,  сiз маған ұнап барасыз. Құмырсқа белiңiз әсем екен.

– Е,  сиырдың белi деп ойладыңыз ба?

– Сiздей сұлу қызды тапқан анаңыздан айналайын!

–Шешемдi айналып жүгiретiндей,  бақсы емес шығарсыз?

– Кешiрiңiз, жiгiтпен жүресiз бе?

–  Немене, жүрмегенде, еңбектеуiм керек пе?

–Басыңыз бос па дегенiм ғой...

– Бос болса, ботқа салып қоймақшысыз ба?

–Туу, тақылдап тұрсыз ғой...

– Ендi ше? Ыңқылдап тұруым керек пе?

– Жарайды ендi...

– Менi «жарамайды» деп кiм айтты?

–Шамасы, иегiңiз қышып тұр-ау!

–Қышыса, қасып берейiн деп пе едiңiз?

– Туу, миым ашып кеттi...

– Миыңыз ашыса, тұз себiңiз!

–Қарындас, сiзге француз духиiн сыйлағым келедi.

–Маған қазақ жiгiтiнiң иiсi  француз духиiнен артық!

  Ойбай, не дейдi? Менде қандай иiс бар едi? Темекiнiң иiсi, шетел шараптарының иiсi, доллардың иiсi...  О, махаббат иiсi бар екен ғой! Мiне, жүрегiмнен хош иiс шығады! Ароматный! Қой, сасып кетпей тұрғанда, қуып жетейiн!

 Ол қыз соңынан ұзаақ қарады. Қайтсiн–ай!