Сезім сыры

  Махаббат - мыңдаған шығармалар мен әндерге арқау болған жанды тебірентер ыстық сезім. Жас болсын, кәрі болсын, махаббатты бастан кешпеген жан жоқ болар бұл өмірде.

 Мектепте "махаббат" тақырыбына сөз қозғалса, мұғалімдер: "Ол не тағы, бесіктен белдерін шықпай жатып? Махаббаттан бастарың қалғырлар, сабақтарыңды оқыңдар!" - деп ұрысатын.

  Университет табалдырығын аттап басқан сәттен бастап, мұғалімдердің айтатыны - махаббат. Мен журналистика факультетінде оқығандықтан ба, әлде басқа да себептер бар ма екен, қалай болса да журфак - шығармашыл адамдардың мекені, сондықтан болар, ұстаздардың сезім атаулының бәрін бірінші орынға қоятыны. Әрбір мұғалімнің өзіндік "мені" бар. Қанша жерден қатал я жұмсақ болсын, оларды біріктіретін бір ғана нәрсе- сезім ұлысы - махаббат. Негізі әңгімелерін тыңдап отырсаң, қызық. Айтқан әрбір сөздері мағыналы, әдемі, құлаққа жағымды. Кейде "қалай дөп айтты" деп, айтқандарын жазып аламын.

 Бірінші курстың бірінші лекциясында бір профессордың айтқаны әлі есімнен кетпейді: "Университетке оқу үшін ғана келдім десеңдер, қателесесіңдер. Бұл жерде нағыз махаббатыңды табуға үлкен мүмкіндік бар, сондықтан жан-жақтарыңа карап қойыңдар", - деді. Оны түсінетін біз болсақ қой. Мектеп бітіріп, балапандай көзіміз жәутеңдеп тұрғанда, қайдағы махаббат бізге? Содан бері екі жыл өтті. Бүгінде сабақта айтылатын екі сөздің бірі - "махаббат". Махаббаты жан-жақты қарастырған абзал. Біздің бір ұстаз "Жақсы көріңдер. Елдеріңді, оқып жатқан жерлеріңді, достарыңды, өздеріңді жақсы көріңдер. Бәрін жақсы көріңдер. Сүйіңдер, ғашық болыңдар. Сезімдерді бойдан кешпесеңдер, ештеңені де сезбей қаласыңдар", - деген.

 Айтқым келгені, бес күн жалғанда мейірімділік пен жанашырлықтың, махаббат пен сүйіспеншіліктің біздің "адам" деген мәртебемізді сақтап қалуда маңызды рөл атқаратынын ұмытпайық.



Бөлісу: