Жақсыдан қалған жәдігер

Жақсыдан қалған жәдігер
жеке
блог

Даңқы өшпес отты жылдардың қаһарлы сәттері қазақ халқына бет бұрғанда, ұлы жазушыларымыз да қол қусырып қарап отпады.
Өздерінің түрлі шығарма, өлеңдерімен жан түршігер майданда қан кешкен қайсар азаматтарымыздың рухын көтеріп, жігерлендіре білген жазушыларымыздың бірі-Бауыржан Момышұлы деп білемін. Бұл, Шаң тимес әскери қолбасшының “Қанмен жазылған кітабы”-соның бір дәлелі.
“Қанмен жазылған кітап”-соғыс психологиясының әрбір қыры мен сырын түгелдей қамтыған ерекше шығарма, Панфилов дивизиясының шейіт кеткен қаһармандарына орнатылған әдеби ескерткіш. Бауыржан Момышұлы “Мен соғыс туралы жазамын. Бірақ өзім соғысқа қарсымын” дей отыра, қазіргіге үлгі боларлықтай қайсарлықтың шыңын таныта білді.
Бұл шығарманы оқыған кез келген адам бойында ұлтжандылық пен отансүйгіштіктің ұшқыны байқалары анық. Дегенмен, қазіргі жастар қауымының көзінен осы бір патриотизмнің алаулаған отын көре аламыз ба?
Жақсыдан қалған жәдігер демекші, Момышұлының өшпес із ретінде артына қалдырған нақыл сөздерінің бірінде, “Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет” дегені бар. Тек бұл ғана емес, сондай-ақ “Отан үшін отқа түс-күймейсің”, “Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындық”, “Жерге - тер төгіп, халыққа - қан төгіп қызмет етуден тайсалма”. Байқасаңыз, бәрінен әкеліп тірелер әңгіме - патриотизм. Мойындау керек, қазіргі қоғамда болсын, ондағы адамдарда да өз Атамекеніне деген шынайы, әрі терең сүйіспеншілік тасып тұрғаны шамалы. Оған еліміздегі жастардың мүмкіндік туа қалған жағдайда шетел асып, өзге елдің азаматы атануы дәлел бола алады. Міне, Бауыржан Момышұлы көтерген басты мәселе де осы! Өз ұлтын мақтаныш ету, өзгелерге үлгі тұту, мейірлене қарау секілді шын сезімдер өз құндылығын жоғалтуда. Екінің бірінде көре бермейтін ұлы қасиет - Отансүйгіштік. Дегенмен, бұл проблеманы ауыздықтай білген Момышұлы “Қанмен жазылған кітаптың” себепкері болды.
Меніңше, бұл кітапты оқыған әрбір азамат соғыс стратегиясын біліп қана қоймай, өз Отанына деген махаббатын арттыратынына еш күмәнім жоқ. Еліне опасызданып жүрген мәңгүрттердің көзін ашу үшін Бауыржан атамыздың бір ғана кітабы жеткілікті.
Отанға деген сүйіспеншіліктен асқан ұлы махаббат жоқ! “Құдай деген кім десе, Отан дер ем” дегендей, бұл сезімнің ынтасы мүлде бөлек. Еліңнің түтінінің өзі сен үшін жалындаған от секілді. Отан-Ана. Әрқашан алақанда аялап, қадірлей білу-бізге жүктелген міндет! Міндетімізден таймайық!