Кеңістіктегі ең ыстық əлем...

Кеңістіктегі ең ыстық əлем...
жеке
блог
Сағыныш. Осы алып сезім сен кеткелі бойымнан шықпай қойды. Қызық, ия? Арада қанша уақыт өтті. Ал мен сол кездерді əлі сағынамын. Сенің ыстық қолдарың, ыстық құшағың, ыстық демің бəрі- бəрі менің əлі күнге дейін есімде .
         Қоңыр күз көп ғашықты айырып жатады ғой. Ал біз үшін ол алтын күз болды. Бізді таныстырған да, табыстырған да алтын күз еді.  Мүмкін сол себептен шығар қарашаның салқын ауасы да , суық жаңбыры да менің жанымды жауратпайды. Алайда алда желтоқсан келе жатыр. Бізді айырған желді желтоқсанда жаныма жылулықты қайдан таппақпын?!
          Сенің жаныңа барғым келеді.  Алматының кең көшелерінен жалғыздықты сеземін.  Тəуліктің 24 сағатында да жап-жарық болып тұратын əсем қала сенсіз қап-қара түнек сияқты. Келгелі жаныма жылулық сыйлайтын ештеңе таппадым. 
      Сеземін, мен білемін. Екеуімізге ғана аян сол бір шақтың қызықты, сезімге толы сəттері сені де мазалайды. Бəлкім, менің ғана мекенім болады деп есептеген сенің ыстық құшағың бүгінде басқа жанның тұрақты мекеніне айналған да болар. Алайда, қарашаның қара суығында басқа жанды жылытсаң да, мамырдың мамыражай күнінде менің қолымды жылытқаныңды ұмытпайсың. Есіңде, бəрі есіңде. Өзіңді қанша алдағаныңмен жалғыз қалған шағыңда болған жайлардың барлығына өкініп қынжыласың. 
          Бəлкім бəрі өзгерер.  Бізді табыстырған шағын шаһарға қайта оралғанымда сені қайта кезіктірермін. Біздің ыстық сезімімізге куə болған саябақ бізді қайта табыстырар. Сенің ыстық құшағың менің мәңгілік мекеніме айналар. Ал мен саған уəде беремін. Суық кештерде де, салқын таңдарда да саған деген ыстық сезімімді ешқашан суытпаймын.  Сен мен үшін бөлек əлемсің.  Ал ол  кеңістіктегі ең ыстық əлем.