Аңқау сезім

Аңқау сезім
жеке
блог

Бұл шамамен 3 жыл бұрын болды. Қызық... Сол 3 жыл бұрынғы Ерке қазір қандай, бұрын қандай еді? Екі көзі жарқыраған, іске шебер, құрбыларының алды еді. Оның асқан сұлулығы жоқ-ты. Бар білетіні - сабақты керемет оқуы. Сабақ оқуда Ерке ешкімге дес бермейтін, себебі ол шынымен де қызығып, білгісі келетіндіктен оқу оңай берілетін. Осы үшін көп құрбылары қызғанатын... 

Ол əрқашан күліп жүретін. Айналасын да гүлдендіріп, шаттыққа бөлейтін. Оның мінезі жайдары, ал бала көңілі сондай пəк еді. Ол сонда небəрі 13 жаста еді...

Еркенің əкесі мен анасы ол кезде ажырасып қосылған-ды. Отбасындағы осы бытыраңқылық та оның нəзік жүрегіне əсер етпей қоймаған. Алайда ішіндегі ешкіммен бөліспейтін"Анам мен əкем қосылса екен" деген арман- тілегі орындалып, қайта бір жанұя болып Еркенің туған өлкесіне оралған жылдар еді. Ол өзін алда не күтіп тұрғанын білсе, қазіргідей қуанар ма еді?

Жазғы лагерь кезі. Оқу жылы аяқталып, Ерке де өз ауылына келген болатын.Көптен күткен күні,міне,келіп жетті. Ол бүгін бала кезден бергі дос болып келе жатқан құрбы - құрдастарымен қауышпақ. Бойын бір қызық сезім билеп алған. Ойының бəрі тек бір: "Олар өзгерген бе екен? Мені таниды ма екен?" Оған мұның бəрі қызық, себебі ол кеткелі бері талай жылдың жүзі болды. Бұрынғы үйшік- үйшік боп орналасқан ескі мектебінің орнына үш қабатты, кең де əсем жап-жаңа мектеп салынған. 

Ерке əкесіне ілесе мектебіне келді. "Мектебім, сен қандай əдемі едің!" деп ішінен тамсанып қояды. Үлкен дəліз бойымен кабинеттердің ішін қарап келеді. Екі қара - қоңыр көздері таныс жүздерді іздейді. 

- Ерке?- деген  таңырқаған үн естілді. Басын бұрып қараса, Жансая екен! 

- Жансая! - деп құрбысына қарай құшағын жая ұмтылды. Жансая - жарқын жүзді, күлім көзді, Еркенің бала кезден бергі досы. Екеуі бірге жүрсе егіз қозыдай айырылмай қалатын. Ұстаздар да екеуін шатастыра беретін. Шынында да, олар бір - бірінен айнымайтын.

Ұзақ көріспеген құрбылардың ауыздары жабысып, талай талай қызықтарды,жаңалықтарды сөз қылады. Мектепті аралатып жан - жақтағы топтар жайлы біраз мағлұмат берген соң сол жақтың тіршілігіне Еркенің бойы үйрене бастады. Бəрі тым жақсы бола бермейді, əйтпесе өмір деген өмір бола ма? Еркенің алдағы мінезі тұрмақ өмірі де осы бір кездесуден кейін күрт өзгерген болатын. 

- Бүгін əр топтағы өнерлі деген қыздар - жігіттер өлең айтып немесе билейді. Сол үшін біздің топтан да сондай адам шығару керек деп Жансая беріле сөйлеп жатыр. Оның үрпиген ернінен Ерке де көзін алмай қарап тұр. 

- Өй, кеттік кеттік. Басталып кетті деп кабинетке зу етіп Дабыл кіріп келді. Ооо, бұл жігіт ең əзілқой жігіт етін. Оның қасында жүрсең ішің пыспайды, өзі өнерге жақын, сегіз - қырлы, бір сырлы. 

- Жүр,жүр деп Жансая Еркенің қолын ала салып, сыртқа қарай шапшаң шығып кетті. 

Жүргізушілер екі жігіттің атын хабарлады. "Эмси дей ме? Не дейді өзі" деп  ойлап қояды ішінен. Айтатын өлеңдері рэп екен. Рэпті аса ұнатпайтын Ерке бірден жақтырмайтынын сезді

Сахнаға сұңғақ бойлы, сүйкімді бала шыға келді. Оның артынан қара торы келген жігіт шықты. Айтқан өлеңдерін Ерке түсінбеді, тіпті ұнатпады да. Оған тек бір ғана қызық болды, ол екі жігіттің өздеріне үлкен келген футболкаларына тыныштық бермеуі еді. Реп-терін айтып, "стильный" көрінгісі келген жігіттерге Ерке əбден күлді, мазақ қылды. Көрермендердің дəл алдында тұрса да, əлгі жігіттердің жасағанын қайталап, құрбысы екеуі сықылықтап күле бермесі бар ма? Бірақ ол кейін сол жігіттің ішіндегі біреуі оны мазақ қылатынын білді ме? Өмірдің өзі əлі Еркеге күлетінін сезді ме?