Бүгінгінің Төлеген Жібегіне айналған Марлен мен Анель

Екі-үш күн бұрын әнші Ернар Айдардың «Күнім сен сөнбеші» әнінің бейнеклипі жарық көрді. Басты рөлде махаббаттың жаршысы болған Марлен мен Анельдің хикаясы барша жұртты таңдай қақтырып, еріксіз жылаудың себепшісі болды. Махаббатқа сенбей, күмән келтіріп жүргенде, Марлен мен Анель алпауыт ұлы сезімнің бар екенін барша елге дәлелдеді. 16 жасында ауруға шалдыққан Анельдің жанынан жеті жыл қамқор болған Марленннің ерлігі көп жігіттерге үлгі. Қазіргі қоғамда жігіттер жағы ұсақталды десек, қыздар да мәз емес күйде. Екі жақ та тепе-тең таразы басында тұрғандай. Сонда сан ғасырлардан бері берекенің берік іргесі болған «махаббат» атаулының еш қадір-қасиеті қалмағаны ма? Оған алдымен, өзіміз кінәліміз. Жігітті ер емес, «ез» қылып, сыйламаймыз. Қызға болашақ ана деп қарамаймыз. Барлық бастау – отбасыдағы тәрбиеден басталса, бүгінде «өз өмірім» деп ойыңа келгенін істейтіндердің қатары күннен-күнге көбеймесе, азаймақ емес. Сонда ұлттық интелегенция қайда? Марлен еш қиындыққа қарамай, күндіз-түні Анельге пана болды. Аялап, өмір сүруге талпыныс берді. Қазіргі таңда қыз ойламаған жерде «ана» атанып қалса, балаланың өзіндікі еместігін айтып, зар жылатып кеткендер қаншама? Қоқыс жәшігінде, әжетханада, адам ауызы бармайтын жерлерде шараналар табылып жатыр. Бұл не сұмдық? Осыншама деңгейге түсудің себебі не? Марлен Анельдің кислород баллонын көтеріп жүргенде, өз жауапкершілігін білмейтін жігіттің ертеңгі отбасылық өмірі не болмақ? Дайын асқа тік қасық күйеудің әрекетіне жұбайы қай уақытқа дейін шыдамақ? Балалары үшін анасы бәрін төзген күннің өзінде отағасы ретінде ол өз ұрпағына қандай үлгі көрсетеді?

«Махаббат жоқ» деп шарқ ұрамыз. Сонда ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлы сыйластық, өзіміз оқыған лиро-эпостық жырлардағы кейіпкерлердің бәрі жалған болғаны ма? Сөз қорытындысына келсек, Марлен мен Анель бүгінгінің Төлеген Жібегі. Оған ешкім де шүбә келтіре алмасы Һақ! Бір Марленді мысалға келтіру арқылы жігіттерді құлаққағыс еткім келеді.

Адамның ғұмыры қысқа болғанымен, махаббаты ұзақ өмір сүреді. Махаббатпен адам құлпырса, жер-жаһан жанданады. Махаббат барша байлықтан күшті.

P.S. Анельдің инстаграм парақшасына дайрекке түрлі жағымды ілтипаттармен қоса, кері пиғылды хабарламалар да жазатындар бар екен. Өмірге құштар қос ғашықтың өздері де, сезімдері ұзағынан болғай! Өзгенін бақытын қызғанудан аулақ болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. 



Бөлісу: