Еуропаның үздік футболшысы атағына кім лайық?

Еуропаның үздік футболшысы атағына кім лайық?

Кеше Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) 2013/2014 маусымындағы Еуропаның ең үздік ойыншысы жүлдесіне үміткер 3 футболшының есімін жариялады. Тізім одақ құрамына кіретін тілшілердің дауыс беруі нәтижесінде түзілген. Ендеше, Криштиану Роналду, Мануэль Нойер мен Арьен Роббеннің қайсысы үздік шығар екен?

18 шілде күні бұл атаққа үміткер 10 футболшы белгілі болған еді. Кеше бұл қатардан 7 ойыншы шығып қалды. Олар:

4. Томас Мюллер (Германия, «Бавария») - 39 ұпай
5-6. Филипп Лам (Германия, «Бавария») – 24 ұпай
5-6. Лионель Месси (Аргентина, «Барселона») – 24 ұпай
7. Хамес Родригес (Колумбия, «Монако»,«Реал») – 16 ұпай
8. Луис Суарес (Уругвай, «Ливерпуль», «Барселона») - 13 ұпай
9. Анхель Ди Мария (Аргентина, «Реал») – 12 ұпай
10. Диего Коста (Испания, «Атлетико», «Челси») - 8 ұпай

Криштиану Роналду

Португалия құрамасы мен мадридтік «Реалдың» сұрмергені Криштиану Роналду Еуропаның маусымдағы үздік футболшыларының қатарына төртінші рет еніп отыр. Бірақ, бірде-бірінде бұл атаққа қол жеткізе алмады. Бұл жүлденің беріле бастағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Атақ ең алғаш 2011 жылы берілген.

Роналдудың 2013/2014 маусымындағы Еуропаның ең үздік ойыншысы жүлдесін жеңіп алуына мүмкіндігі бар. Әлем чемпионатында ұлттық құрамасымен сәтті өнер көрсете алмаса да, шабуылшы Чемпиондар лигасында маусымын керемет өткізді. Сұрмергендер көшін бастап, доданың бір маусымында ең көп гол соғып үздік болып келген Месси рекордының мұртын бұзды. Маусым соңына қарай футболшының алған жарақаты кей кездесулерге шығуына кедергі келтірді.

Мануэль Нойер

Германия құрамасы мен мюнхендік «Баварияның» бірінші нөмірлі қақпашысы Мануэль Нойер де маусымды ойдағыдай өткізді. Футболшы арманындағы атақтарға қол жеткізе білді. Әлем чемпионы атанып қана қоймай, үздік қақпашы атағын да иеленді. Ал Германияның қатарында екі жыл үздік қақпашы болып танылды. Ол осы маусымдағы кей ойындарда қақпашылықпен қатар, орталық қорғаушы қызметін атқарып кеткен сәттерін де жанкүйерлер көрді. Осыған дейін ешқандай қақпашы Еуропаның маусымдағы негізгі үздік ойыншыларына үміткерлер қатарынан табылмаған болатын.

Арьен Роббен

Нидерландылық футболшы Бразилиядағы әлем чемпионатында бабында болды және барын да салды. Бірақ, бұйырғаны – қола жүлде. Мюнхендік «Бавария» қатарында да маусымын нашар өткізген жоқ. Томас Мюллер мен Марио Манджукичтентен кейін ең көп гол соққан ойыншылардың бірі болды. Еншісіне 21 гол жазған.

Естеріңізде болса, Еуропаның үздік футболшысы жүлдесі 2011 жылдан УЕФА президенті Мишель Платини мен еуропалық спорт басылымдары қауымдастығы (ESM) келісімі бойынша ұйымдастырылып келеді. Сол жылы бұл атақты Лионель Месси иеленсе, 2012 жылы оның командаласы Андреас Иньеста жеңіп алған-ды. Өткен жылы бұл биіктен француз Франк Рибери көрінді.

2013/2014 жылғы маусымдағы Еуропаның үздік футболшысының есімі 28 тамызда Монакода болатын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жеребе тастау рәсімінде аталады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: elheraldovenezuela.com

О. Сансызбай