"Сезім мен сенім"

"Сезім мен сенім"
жеке
блог

«Махаббат, қызық мол жылдар». Осы кітапты оқығалы бері Еңліктің өн бойы бір ысып, бір суынды. Он сегіздің ортасын толтырған бойжеткеннің көңілі әлі де болса аңғал, баладай қиялшыл еді. Ербол мен Меңтай арасындағы адал махаббат, сыйластықты арттырған сүйіспеншілікті сол кейіпкерлердің жанында жүргендей болып ұққан. Тіпті, тағдыры Меңтайды Ерболынан тартып алған сәтінде де тоқтаусыз жылап, тоқырау күй кешкен. Міне, бүгін тағы да аула ішінде ай сәулесіне алаңсыз шомылып тұнық ойда тербеліп отыр. Ол өмірде шын ғашықтық барына сенетін және қол ұстасып отау тіккеннің бәрі бақытты деп ойлайтын. Алайда, апасы ақыл айтқанда: «Сен-ақ бәрін ертегідей ойлайсың. Шындығына келгенде, адамдар кітап бетіндегідей махаббат иесі емес. Пенденің бәрі бірін-бірі жай ғана жақсы көреді. Ал сенің арманыңдағы романтиканың заманы біткен» деп ойын үркіткен.

Әлде апасының айтқаны жөн бе? Олай дейтіні, сабақ деп сарсаң күй кешкен аруға күнделікті жақсы көретінін айтқан жігіттің хабарламасы келетін. Еңлік көңілін қалдырғысы келмей «Дос болайық» дегенде ханзада кейпіндегі бозбала бөтенге айналды. Иә, аяқ астынан «Менің сенсіз де досым жетерлік. Сау бол» деп төбесінен жай түсіргендей қылған. Еңлік  аң-таң. Құдай-ау, бәрінен артық бағалап, бақытына теңеп, жүз рет жыр, мың рет мақтау арнатқан жігіт сезіміне қайран. Бос көлгірсу, жалған сөздер. Бейкүнә жанның бетпердесін киген жігіттердің адалға балаған алдамшы сезімдерін ерке қыз еркін ұғатын болды. Сол себепті, тағы да тыныштық жайлаған түннің құшағынан шын махаббат сезімін іздеп сенім шырағын сөндірмей ұстауға тырысқан. Сумаң қаққан суық ойдан, өз ақылдарын жөнді-жөнсіз тықпалайтын жандардан арылғысы келгендей аула ішінде жалғыз. Осы тыныштық оған қуат сыйлап, жан дүниесіне дамыл беретіндей. Еңлік үнсіз көкке қарайды. Иә, алыста болса да жақын келіп,жанын ұғынып, жүрегіне қуаныш сыйлайтындай бейтаныс сезім... Кенет Еңлік өз ойынан өзі шошынып кетті. Оның мынау аппақ дүниеде мөлдір сезіммен құрған махаббат мұнарасы байқаусызда тас-талқан болса ше? Оралхан Бөкейдің кейіпкері Нұрланның сан рет сағымданған жұмбақ қиялы осылай жоғалып еді ғой. Жо-жоқ олай болуы тіпті мүмкін емес. Мейлінше биік, ар-ұятты, шынайы сезімді қадірлеп, тас–түйін қорғайтын қамалдың құлауы тіпті мүмкін емес. Еңліктің нәзік сезімі, қылаусыз көңілі осыған сенеді...