Менің бақытым 2 (жалғасы)

Менің бақытым 2  (жалғасы)
жеке
блог

Басы:    http://massaget.kz/blogs/mahabbat/16967/

Менің бақытым 2

***

VI

 Жол. Терезеден артта қалып бара жатқан елсіз далаға қарап отырмын. Шетелдік машина жылдамдықты жүзден төмен түсірмейді. Күн көкжиектен арқан бойы көтерілсе де әлі жер беті ыси қоймаған. Бір жұмыстармен жолым түсіп Кентауға бет алғам.

Машина Ясауи даңғылының бойына келіп тоқтады. Ары қарай межелі жерге жаяу жүру керек. Кентау базарын бойлай жүріп келем. Кентаудың  таңғы таза ауасын құшарлана жұтамын. Түркістанның ауасындай емес, ерекше.

Ясауи мен Төлеби көшесінің қиылысындағы банкке келдім. Банк менеджеріне кіріп келген жұмысымды бітірдім де сыртқа шықтым. Асығатын ештеңе жоқ. Менің әлі бірнеше сағат уақытым бар. Телефонымнан картаны ашып қарадым. Қалалық саябақ жақын жерде екен. Жаяулатып сонда бармақ болдым.

Саябақта адам аз екен. Ағаштар қалың өскен саябақтың адам бармас жеріне келдім. Жалғыз қалып ойлану ежелден әдетім. Шөптің үстіне жата кеттім. Жер салқын екен. Бірақ жанға жайлы. 
              –Әсел. 
           Дауысым қалай шығып кеткенін өзім де аңғармай қалдым. Бет жүзім ішкі ойымның көрнісін жасыра алмады. "Әсел" дедім ішімнен қайталап. Оның Ержанмен қалай шүйіркелесіп сөйлесіп отырғаны көз алдыма келе қалды. Бір біріне бастары түйісіп кеткен. Өздерінен басқа әлемді ұмытқандай, ешкіммен ісі жоқ. Бірі күліп, бірі сыбырлап өздерінің жараса кеткедерін қарашы. Алдарында Джек Лондонның кітаптары жатыр. Әсел Ержанға бір нәрсені көрсеткісі келгендей кітапты парақтап оған әлденелерді айтып жатты. Үш төрт парта ары отырған мені байқамады да. Мүмкін көрген де шығар-ау. Бірақ қараған жоқ. Бұдан әрі қарап тұра беруге менің шыдамым жетпеді. Айтматовтың кітабын жүріп бара жатып бірінші кездескен сөреге қойдым да сыртқы есікке беттедім. Олардың дауысы алыстай берді. Сыртқы есіктің алдында кітапханашы маған әлденелерді айтып жатты. Бірақ не айтқанын түсінгем жоқ. Құлағым бітеліп қалғандай. Бетіне бір қарадым да шығып жүре бердім. 
             Мұнда күн қатты ыстық болмайды. Жанға жайлы. Ағаш көлеңкесінде қанша уақыт жатқаным есімде жоқ. Әселмен алғаш жолыққан күнен бері орын алған оқиғаларды біртіндеп ой елегінен өткіздім. Соңғы оқиға әлі де болса миыма сияр емес. Ержаннан мұндайды күтпеп едім. Тіпті оның Әселмен таныстығынан да бейхабар екенмін. Қай уақыттан бері араласып жүр екен бұлар? Араларындағы қарым-қатынасқа қарағанда біршама уақыт болғкн секілді. Аңғал басым қалай байқамағанмын. Ержанды бес саусақтай білем деуім бекер екен. Оның мен білмейтін жаңа қырлары ашылуда.

 

Жата-жата жалыққан соң орнымнан тұрып кетуге ыңғайландым. Төле би көшесімен келе жатырмын. Әселдің айтуы бойынша оның үйі анау тұрған ескі көп қабатты үйлердің бірі. Картаға қарадым. Әсел көрсеткен үйдің жанында тұр екенмін. Ия дәл өзі. Шеткі подъез. Әне анау Әсел айтқан балалар алаңы. Екінші қабаттың көшеге қараған бетіндегі терезе Әселдің бөлмесі. Біраз қарап тұрып қалыппын. Ары бері өткен жүргіншілерге бұл ерсі көрінсе керек маған бір түрлі қарап кетіп барады. Ал мен Әселді көргендей болам.

«Әсел енді жоқ»! Бұл ой менің басыма қайдан келгенін білмеймін. Осы суық сөздерді қайталай бердім. Бірақ оған сенгім келмейді. Өзімше бәрін сыртынан кесіп пішіп қойғам. Бұдан артығының керегі жоқ деп ойладым. Мүмкін жай ғана таныс шығар деген ойды басыма жуытқым келмейді. Өз-өзіме жау секілдімін.

Бағасын келісіп жатпай ақ бір таксиге отыра кеттім. Жол бойы ауыр ойлардан арыла алмадым. Жолды қалай жүріп өткеніміз есімде жоқ. Терезеден Арыс-Түркістан каналы көріне бастады. Тельманнан түсіп қалдым. Кентаудың салқын ауасынан кейін тынысым тарылып кеткендей болды.

Кенет Әселмен сөйлескім келіп кетті. Сол ақ екен көңіл күйім де өзгеріп сала берді. Кеудемде бір үміт оты тұтанғандай болды. Сол үмтіттің жетегімен тезірек жатақханаға жеткім келді. Ұшарға қанатым жоқ. Бірінші тоқтаған таксиге отырдым да жатақханаға келдім. Тездетіп Әселге жетпекшімін. Бірақ не айтатынымды ойланғам жоқ. Бар ойым оның ай жүзін бір көріп тілдесіп қалу.

Әселмен хабарласпай бірден жетіп бармақпын. Міне оның терезесінің алдына келіп тұрмын. Терезе жабық. Пердесі түсірулі. Оның бөлмесі бірінші қабатта болатын. Терезені ақырын қақтым. Ешкім дыбыс бермеді. Мүмкін естімеген болар. Тағы қақтым. Енді тіпті қаттырақ ұра бастадым. Жоқ. Сірә бөлмеде ешкім жоқ болды. Не істесем екен. Ақыры қоңырау шалу керек деп шештім. Телефнын көтермеді. Қайта хабарласа беруге мазалағым келмеді. Мүмкін сабақта шығар.

Жатақхана жанындағы орындықтарда отырып Әселдің келуін күттім. Қанша уақыт күткенімді білмеймін. Бірақ соңына дейін шыдауым керек деп шештім. Бір ойым мүмкін кітапханада шығар деп ойлаймын. Сонда барғым келді. Солай ойлауым мұң екен қазір Әсел кітапханада отырғандай болып кетті. Неде болса барып көру керек.

Кітапхана. Бірден Әдебиет-Тарих бөліміне кірдім. Бірақ Әсел жоқ екен. Кеше ғана Әсел мен Ержан отырған партаға қарадым. Егде тартқан бір кісі газет оқып отыр екен. Көңілім құлазып сала берді. Мәдениеттен сүйретіліп шықтым.  

Әсел екеуміз жазда отыратын орындыққа келіп отырдым. Әсел қазір кеп қалатын сияқты. Бірақ бұл менің құр қиялым ғана.

Куратор хабарласып кафедраға келіп кетуімді өтінді. Ректораттқа кірдім. Төртінші қабаттың дәлізімен жүріп келем. Кенет 419 аудитория ашылды да ішінен Әсел шыға келді. Оны көргенде бар уайымым мен ауыр ойларымды ұмытып кеткендей болдым. Кешегі өшпенділік жайына қалған.

–Әсел!

Қуанғаннан дауысым қатты шығып кетті.

–Арман. – қуанғаны не таңғалғаны белгісіз. Дауысы тарғылданып шықты. Буын буыным босап денемде бір күш жүріп өткендей болды. Оған айтар бар сырым көмейіме келіп тығылды. Енді шыдай алар емеспін. Жоқ. Бұдан әрі сақтап жүре алмаспын. Есіл жүрек бар сырын шертуге асығып ақ тұрғандай...       

 

Төртінші қабаттың фойесінде  тұрмыз. Әсел терезеден көз алмай қарап қалыпты.  Оның көздеріне қарап тұрмын. Көзінің қиығымен маған бір қарап қояды.

–Әсел – «сен неге мені алдадың?» - Кеше кітапханадан көрдім сені.

–Ия кеше барғанмын. Сіз де сонда болдыңыз ба?

–«Мені көрмегенің бе?»

–Ия. Бардым.

–Кеше сізге курсқа барам дедім. Бірақ сабақтан шыққан соң апайым хабарласып курстың бүгін болмайтынын айтты.

Маған түсіндіріп айтып жатқаны маған қызық көрінді. Бірақ бұл жай мені қуантпай қойған жоқ.

–Ал мен сені курсқа кеткен екен деп ойлағам. Сондықтан сені кітапханада көргенде таңданып қалдым.

Қалай да кешегі жағдайға қиялап барып шығуды жөн көрдім. Бірден түйеден түскендей етіп айта салуға Әселдің көңіліне қараймын.

–Ия. Сосын конференцияға мәлімет жинау үшін кітапханаға бардым.

–Сенің дайындалып отырғаныңды көріп кедергі жасағым келмеді.

–Өзім не жазарымды білмеген соң менен көрі тәжірибесі бар ағамнан көмек сұрадым.

–Ержаннан ба? - таңданғанна дауысым қатты шықты.

–Сіз Ержанды білетін бе едіңіз?  - Әсел де таңданысын жасырмады.

–Әрине. Ол сенің ағаң ба?

–Алыс ағайынымыз.

Көңілім орнына түскендей болды.

–Білмеген екенмін. Ержанмен көптен бері аралсып келемін.

–Сіздің неге кетіп қалғаныңызды білетін сияқтымын. – оның езуінде күлкі үйірілді.

–Ал не үшін екен?

Мен де күлген болдым. Аздап қысылып та тұрмын.

–Сіз бәрін өзінше ойлағансыз.

–Оның рас.

Бір сәт үнсіздік орын алды.

–Сыртқа шығамыз ба?

–Шығайық.

 

Жатақханаға қарай келе жатырмыз.

–Бүгін сенің үйіңді көрдім.

–Рас па? Онда не үшін бардыңыз?

–Бір жұмыстармен. Сенің айтқаның есімде қалып кетіпті. – Әселдің түрінде қуанғандай эмоция байқалмайды. Әсел үшін бұның маңызы жоқ сияқты.

–Бүгін кешке не істейсің?

–Жоспарым жоқ. Неге сұрадыңыз?

–Сыртта серуендесек қайтеді.

–Болады...

 

Кешке ерекше дайындық жасағым келді. Кешке дейін әлі бірнеше сағат уақытым бар. Ойыма ештеңе келер емес. «Ойлан» деймін мен өзіме,  «мына басты бекерге көтеріп жүрмісің»? Интернетті ашып едім көңілге қонымды ештеңе таба алмадым. Жатақханаға келдім. Менен көрі бұл істе тәжірибесі бар жігіттерден кеңес алмақпын. Әселге ерекеше әсер қалдыратындай романтикалық кеш болса деймін. Осы кеште оған алғаш рет сезімімді білдірмек болдым.Бір нәрсені де қате жіберуге болмайды. Бәрі мінсіз болуы керек. Бәрі сәтті аяқталса онда Әсел менікі болатын сияқты көрінеді маған. Оның да мені жақсы көруі сөзсіз. Бірінші қадамды әрине менен күтетіні сөзсіз. Солай боуы тиіс те. Бәрі осы кешке байланысты. «Әсел мен сені шексіз сүйемін....» 

 

***

VII

Ректорат. Жұмысымды телефон қоңырауы бөліп жіберді. Жеңіс екен.

–Арман, түскі тамаққа барасың ба?

–Ия, қазір емес, жұмыстарымды бітірейін. Жарты сағаттан соң.

–Жарайды, мен подвалда боламын. Қолың босағанда хабарлас.

–Жақсы.

Шынында ішім аш қасқырша ұлып тұр еді. Бірақ мына жұмысымды бітірмей шыға алар емеспін. Бұл жұмыстың соңына түскеніме де бір ай болды. Қызыққаным сонша тіпті асқазанның жағдайын да ұмытқам. Бұл жұмысым заңсыз. Бар қызығы да осында. Белгісіз құпия мені өзіне тарта берді. Қосымша жұмысыма қатты беріліп кеткем. Негізгі жұмысым  «Платонус» жүйесін бақылау. Жылдың аяғы болғандықтан жұмыс та көп. Бүгінгі бітірер жұмысым барлық факультеттің оқытылатын пәндерін үш тілде аудармаларын Платонусқа енгізу. Кешке дейін жеті факульетте оқытылатын мың бес жүз пәннің үш тілдегі аудармасын енгізіп шығу керек. Ал мен бар жұмысты ысырып қойып, бастығымның жоқтығын пайдаланып мына жұмысыма кірісіп кеткем. Менің қарсы алдымда отыратын әдіскер қыз менің немен шұғылданып жатқанымнан бейхабар. Мені қызу жұмыс істеп жатыр деп ойлайды. Маған керегі де осы. Бұл құпия жұмысымнің барысы өзіме ғана аян. Осындағы интернетті пайдаланып кеше ғана қашықтағы компьютерге «удаленный доступ» алуды біліп алғам. Міне енді бір ай бойғы еңбегім өз жемісін беруге жақын. Тек аз ғана жұмыс жасау қажет.

Титаник. Алдымда қалтаға да асқазанға да жеңіл болатын ақ күріш. Ойымда компьютерде бітпей қалған жұмысым. Ойға алған ісім әзірге 70 пайызға дайын.

Терезеден сыртқа қарап отырмын. Титаниктің алдындағы скамейкалар. Күзгі жауын астында  Әсел екеуміз отыратын шеткі орындық та қазір күн астында қақталып жатыр. Әселдің сол кездегі бейнесі көз алдымда. Үстіне киген жалғыз көйлегі денесінің сұлулығын жасыра алмайды. Суға малынған сары шаштары да ерекше. Кеш болса да күздің ызғарын сезбейміз. Ыстық құшақтарымыз айқасып ұзақ тұрған едік.

Кабинетке қайта келсем бастығым орнында екен. Орта жастағы әйел маған алғашқы келген күндерден-ақ жылы шырай танытты. Мен де жұмысқа қызу кірісіп кеттім. Бастығым не айтса да орындайм. Айтар ойын қабағынан ұғамын. Өз кезегінде ол да маған оң көзбен қарайды.

Платонус. Абстрактідегі пәндерді НОЖ-бен салыстырып отырмын. Қателіктер жетерлік. Қазекең платонусқа салғырт қарайды. Кейбір пәндердің аттары дұрыс енбеген. Кейбірінің аудармасы жоқ. Осындай істермен басым қатып отрған едім. Кіріп шығып жатқан адамдарда есеп жоқ. Бірі қағазын тастап бірі алып кетіп жатыр. Бұл арада менің де аздаған ролім бар. Абстрактіні әкелген мұғалімдерді тергеуге алуға толық құқылымын. Бір жері дұрыс емес болса бірден кері қайтарамын.  Кейде жалқау мұғалімдер студенттерді жұмсайды. Онда мен олардың әкелген қағазынан міндетті түрде қате табам. Сүйтіп оқытушының өзін шақыр деймін.

Сөреде жиналып жатқан қағаздардың арасынан керекті абстрактіні іздеп жатырмын. Таудай үйілген қағаздардың арасынан оны табу да оңай емес. Қағаздарды алып жатып оның арасынан сусып жерге түскен фотосуретті байқадым. Алып қарасм Әсел екеуміздің саябақта түскен суретіміз екен. Қарашаның ызғарына қарамай кештетіп саябақты аралауға шыққан едік.  Бір-біріміздің сырымызды көзімізден оқимыз. Айтпай ұғынысамыз.

–Арман- дейді ол.

–Ау Әселім- деймін мен оған қарап. Не айтпағын білмей соны естуге ынтықпын. Ол да мені одан сайын ынтықтыра түскісі келгендей айта қоймайды. Мен айтқызбай қоям ба. Ақыры ол айтуға «мәжбүр» болады.

–Мен оны жазып берейін- дейді ол. Бәсе деймін ау. Ол қалай айта қойды дейін десем. Мен енді оның не жазатынын күтемін. Ол қол сөмкесінен жазба жазуға арналған бір қағаз алды да жаза бастады.

–Көрсетші – деймін шыдамсызданып. Мен көрмек болып жақындай берсем шегіншектеп қашады. Әне ол жазып бітті. Қаламын сөмкесіне салды да қағазды маған береді. Қағазды алмақ болып қолымды созамын. Жоқ. Ол бере қоймайды. Қолын артына жасырады да:

–Қай қолымда екенін тапшы – дейді еркелей үн қатып. Мен ойланбастан бірден сол қолын ұстаймын. Бағыма қарай қағаз сол қолында болып шығады. Қағазды асығыс ашып қарадым. Үлкен әріптермен көркем етіп «М.С.С» деп жазыпты.

Осы кезде кіріп келген бастығым ойымды бөліп жіберді.

–Арман, міне мынау Әлеуметтік ғылымдардың  абстрактісі. Бірінші осыны тексеріп берші.

–Жарайды.

Жұмыстан сағат алтыда шықтым. Тағы да Титаник. Жанымда Жеңіс бар. Ол магистратурада 1 курс оқиды. Ойымыз мақсатымыз бір. Бір аурумен ауырамыз. Ол Кино. Бізді бір жолға тоғыстырған да сол.

Кешкі тамақтан соң өзіміздің офиске барамыз. Ректорат. Подвал. Мұнда өз еркің өзіңде. Қалаған жұмыспен айналысуға болады.

Жатақханаға келген соң да ұйқы келе қоймайды. Жаздың ыстық күндерінде  найзағай ойнатып жазғы сессия да кеп қалған. Ал мен емитхан сұрақтарын ашудың орнына қолыма жақында ғана бастаған Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» алдым. Кітапты аштым. Келген жерімді белгілеп қою үшін қойған қағазым көзіме ыстық көрінді. Әсел жазып берген бір жапырақ сары қағаз. Дәл ортасында үш әріп. «М.С.С»...  

 

***

VIII

Ректорат. Өзім ашқан кішкене жаңалықты іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік туды. Бір қырсық оқытушымыз емтихан сұрақтарын беруден бас тартқан еді. Оны мен тіптен жек көруші едім. Ол да маған жылдың басынан ақ шүйлігіп алған. Әйтеуір жұлдызымыз қарсы. Енді оның компьютерінен емтихан сұрақтарын ұрлау керек. Бірақ қалай? Ол оңай шаруа емес. Оқытушымыз таңнан қара кешке дейін компьютерінің алдында отыратын адам. Ал мен өзімнің компьютерім арқылы қашықтан оқытушымыздың компьютеріне «ұрлыққа түспекпін». Ол үшін маған керекті бағдарлама дайын. Ноутбугымды кабинеттегі интернет желісіне жалғадым да «дөңгелек» корпуста отырған апайымның компьютеріне ректоратта отырып рұқсатсыз кірдім. Компьюьтер экранында әлдебір тойдың суреттері шықты. Оқытушымыз сурет көріп отыр екен. Әріптестерімен, достарымен бірге түскен суреттері тізбектеліп шыға берді. Ол келесі суретті ашты. Көзіме оттай басылған таныс бейне шыға келді. Әсел. Менің Әселім. Маған ыстық көрінген бейне. Мен жек көретін апайыммен бірге түсіпті. Келесі суреттерді асығыс аштым. Отбасылық сурет. Көзіме жылы шырайлы бейнені іздедім. Табыла кетті. Демек Әсел бізің апайдың қызы болғаны ма? Мүмкін емес. Мына жағдай мені қатты таң қалдырды. Мен бұл жағдайдан мүлде бейхабар екенмін. Бұл қалай болды? Басымды ұстап отырып қалдым. Бұл жағдай маған қатты әсер етті.

–Арман саған не болды, басың ауырып отыр ма?

Әдіскер қыз екен.

–Жоқ бәрі  жақсы...

 

Түскі үзіліс. Сыртқа шықтым. Күн ыстық. Универдің алдындағы талдардың арасына барып жата кеттім. Бүгінгі жағдай басымнан шықпай қойды. Әселдің отбасы туралы мүлде білмейді екем. Тіптен Әселден сұрамаған екенмін. Қызық жағдай. Мен үшін күтпеген соққы болды.  Әселге айтпас бұрын апайымның компьютерін әлі де зерттеп көрмек болдым. Мүмкін басқа да маған беймәлім жағдайлар табылуы ғажап емес.

Әсел екеуміз болашақ жайлы сөйлесіп бір мәмілеге келмесек те мен оны өзімнің жан жарыма балап қойған едім. Әсел өзін соншалық салмақты ұстайтынына таңданушы едім. Әр сөзін ойланып айтатын. Ақылдылығы да сұлулығы да бір басына жетерлік еді. Мені жақсы көретінін сездірсе де ешқашан ауызбен айтпаған еді. Махаббатқа да көзқарасы ерекше.

Титаник. Әдетімше түскі тамаққа келдім. Күн ыстық. У-шудан аулағырақ шеткері барып жайғастым. Терезеден универдің ботаникалық бағы көрініп тұр.   Жақында бастаған жобамның негізгі бөлігін ойланып отырғам.

– Ас болсын!

Таныс дауысты естіп бойымда ерекеше бір күш жүріп өткендей болды. Жүрегім қатты соғып, кеудеме сияр емес. Менің Әселім!

–Әсел! – ішімде бар сезімім теңіздей тулап жатса да менің Әселді көргендегі бар айтқаным осы болды. Жүрегім аузыма тығылып, тіпті не айтарымды да білмей қалдым. Белін орай төгілетін сары шаштарын бұл жолы өріп алған екен. Қара көздері  мөлдіреп қана тұр.  Әсел менің жүзімен қандай эмоция көргенін қайдам, ал мен оның жүзінен жарқ еткен бір қуаныш ұшқынын көргендей болдым.

–Сені сағындым ғой.

Ішкі толғаныстарын сездірмейтін әдетіне басып маған қарап жымиды да қойды.

–Кеше ғана көрісіп едік.

–Рас-ау. Маған тіпті айлар өткен сияқты.

–Сізді көріп қуанып қалдым.

Әселдің бұл сөзі маған «сүйемін» дегеннен кем көрінбеді. Танысқалы бері де бір жыл өтсе де ол осындай жүрекке жылы тиер сөздерін сирек айтушы еді. Біз кездескенде көбіне әдебиет жайлы сөйлесуші едік. Оның әр сөзінен бойында тұнып тұратын ақылдылығы да сезілетін. Әр кездесуде ақ оның жаңа қырлары ашылып мені өзіне жаңадан ғашық ететін. Оның қолында әрқашан бір кітап жүретін. Отыра қалған жерінде жаңа оқыған кітабынан алған әсерімен бөлісуші еді.

–Поэезия менің жанымды емдейтін дауа сияқты.

–Рас. Қиналғанда жаныңа дауа болып жан дүниеңді үнсіз түсінеді. – дедім мен Әселді қостап.

–Ең бастысы ол адамды артық сұрақтармен мазаламайды.

Мен енді оған айтпақ ойымды Мұқағали ағамыздың өлеңімен жеткіземін. Өлең шіркін сенің бар ішкі жан дүниеңді айтып береді ғой. Мен поэзияны сол үшін де жақсы көремін. Кейде көңіл күйім болмаса кітап оқу арқылы сабама түсуші едім. 

 

***

                                                                        IX

«Аузы күйген үрлеп ішеді емес пе»? Махаббат отына күйген адам ше? Оның ыстық жалыны ыстық шайдан да жалынды оттан да ыстық қой. Менің махаббаттан расында аузым күйгені бар. Мен сүйген қызға барлық жігіттер үйір келетіні бар емес пе. Алақанымда аялап отырған аруымды басқа біреудің жары болуға әрине қимайсың. Менің бар уайымым сол. Әсел тек менің жарым болуға тиіс деп ойлаймын. Басқалай болуы мүмкін емес.

Әсел екеуміз орталық саябаққа көп келуші едік. Біздің бақытты махаббатымыздың да бастауы осы жерде орын алған. Екеуміз осында алғаш рет кездесскенде отырған орындыққа келіп отырдық. Әсел менің сол жағымда отыр еді. Менің жан дүниемде орын алып жатқан жайттар оған белгісіз болар. Денемнің Әсел жақ беті ыстық. Балқып бара жатқан секілді.  Жүрегім  Әселдің демін сезіп қатты соғып кетті.

–Естимісіз? Мына жүректің соғуын.- деді Әсел.

–Ия.

–Сонша неге аласұрып қатты соғады?

–Бақытын іздеп толқыған болар.

–Оған айтыңыз, «бақытың жаныңда, оны алыстан іздеме» деп.

–Мүмкін ол бақытын тапқанына қуанып соғып жатқан болар.

Бақытты жүрек те тыншымайды. Менің бақытым Әселім жанымда болса да жүрегім дүрсілдеп соуын тоқтатпайды. Мен де Әселдің жүрегінің соғуын тыңдаймын. Менің жүрегімдей емес, әлсіз соғуда. Кеудемді ысытып бара жатқан секілді. Өзің  жақсы көретін ең жақсы жүректің соғуын сезінуден асқан ләззат сезім бар ма? Мен сол бақытты сезінудемін.

Түн. Телефоныма хабарлама келді. Қарасам Әселден екен. «Жұлдыздарды бірге тамашалайық» деп жазыпты. Шатырға шықтым. Түн ортасы болса да жатақханада әлі ұйқтамағандар бар екен. Қыздар жатақханасының шатырында тұрған таныс бейне көрінді. Мен оны бір көргеннен ақ байқар едім. Ол маған қолын бұлғады. В блогына өттім. Енді арамызда тек жиырма метрлік бос жер ғана бөліп тұр.

–Әсел!

–Арман!

–Қарашы ана жұлдызды көрдің бе?

–Бұл үркер жұлдызы ғой.

–Рас па?

Мен оның жұлдыздардан да хабары бар екенін білмеппін. Айлы түн ерекеше екен ғой. Әлде сүйгенің жаныңда болғанда барлық нәрсе керемет көріне ме?

–Бақытым менің!

Әселдің бұл сөзді естігендегі эмоциясын байқай алмадым. Оның ай сәулесіне шағылысқан шаштары ғана анық көрінеді.

–Бақытыңызды таптыңыз ба?

–Ия. Бақытым жанымда жүр екен ғой. Ал сен таптың ба?

–Әрине таптым. Бақыттымын!

Ол бір жағына қарай бұрылды. Жарық енді оның бетіне түсті. Ай сәулесімен нұрланып Әсел тіпті сұлуланып кеткендей болды. Айлы түн астында тек екеуміз секілдіміз. Мына тым тырыс тыныштықты бұзып «мен бақыттымын» деп айқайласам деген ой келді. Сосын өз ойыма күліп алдым. Жүректе қанша сезім болса да ауызбен айтып жеткізе алмайтын кездер болады екен ғой.

Махаббат сезімі адам ақыл ойынан биік тұратын жоғары сезім. Біздің үнсіз ұғынысқан сезіміміз кіршіксіз таза еді. Ия, бұл өмрдің жанды бояулары да екі жүректің қатар соғуымен толығады. Өмірдің ақ қара жолдардан тұратыны секілді, махаббаттың да бақытты сезімдері мен баянсыз махаббаты болады. Тек ақ қарасын ақылмен айыра біліп, төзімділікпен өз бақытын адаспай тапқан адам ғана шын бақытты.