Менің бақытым 1

Менің бақытым  1
жеке
блог

Менің бақытым

 

І

– Арман, мына кафе есіңде ма, осы жерде талай қызық күндерімізді өткізіп едік қой – деді ол қуанышты үнмен. Көшенің арғы бетінде қалып қойған кафеге қарадым. Өткен күндердің талай сырларын ішіне бүккен ол менің көзіме оттай басылды. Бұрынғыдай емес кафе маңы тым – тырыс, тым сүреңсіз болып көрінді. Біз үшін бақыттың бастауы болған кішкентай керемет осы жерден басталған еді. Бір сәт ойланып кеткен екенмін, Мөлдір менің қолымнан ұстап:

– Күн ысып кетті ғой, жүрші осында біраз отырайық.

Жүзіне қарасам шынында да шаршаған сыңайлы. Әрі өзім де шөлдеген едім. Сондықтан:

– Жарайды – дедім мен.

        Аяңдап жолдың арғы бетіне өттік. Кафенің іші салқын екен. Оңаша бөлмеде отырып ахдап жан шақырған болдық. Қолына менюін ұстап даяшы қыз да келе қалды. Су мен тіскебасар алдырдық. Өткен кеткенді әңгіме етіп отырғанбыз, кенет... «Арман» деген дауыс естілді. Дауыстың қайдан шыққанын аңдамай қалып жан-жағыма қарадым. Таныс ешкім көрінбеді. Ал Мөлдірге қарасам тіпті ештеңе естімегендей жайбарақат күлімдеп қана отыр. Жай құлағыма солай естілгендей болған шығар деп ойлағам. Жоқ. Тағы естілді. Бұл жолы анығырақ жақыннан естілді. Мен алаңдай бастадым. Мені іздеп жүрген бұл кім болды екен. Мөлдір болса ештеңе болмағандай маған қарап:

– Арман бүгін киноға барайықшы деп күлімдеп отыр. Дауыс үсті үстіне естіле берді. Дауыс таныс сияқты. Ендігі бір сәтте дауыс иесі мені жұлқылай бастады.  «Арман тұрсаңшы» дегенде барып оянып кеттім. Бағаналы бері мені оятып жатқан көрші бөлмедегі Ержан екен.  Ол мені не үшін оятты екен деп ойлап үлгергенше болған жоқ ол:

– Бүгін емтиханың бар екен ғой – дегенде есімді жидым. «Сағат, сағат қанша болды» деуге ғана шамам келсе керек.

– Тоғыздан асты – деді ол жайбарақат.

        «Кешіктім» деген суық ой санамды қарып өтті. Емтихан былай тұрсын жай сабақтан кешігу мен үшін қасірет еді.  Енді міне ең маңызды сәт. Тоғыз болғанына сенгім келмей ұйқылы ояу «қайдағы  тоғыз» деп қайталай бердім. Жастығымның астында қалған жексұрын телефонымды алсам өшіп қалған екен. Ойыма бірден келгені «степендия» болды. Онсыз қалай өмір сүрем. Емтиханға кіргізе қоймас енді. Жарты сағат бұрын бару керек еді. Ал мен кешігетін түрім бар. Қайтсем екен. Универге тездетсем небәрі бес минутта жетуге болады. «бара көрермін» деп ойладым ішімнен.

      Ректоратқа кіріп бірден төртінші қабатқа көтерілдім. Емтихан басталып кеткен. Кіргізбей қойды. Содан қойшы әйтеуір кафедра меңгерушісіне айтып жүріп әзер дегенде кірдім.

      Емтиханды сәтті тапсырып шығып келе жатырмын. Кафедраға барып апайыма рахмет айтпақ болдым. Қанша дегенімен степендиядан қағылайын деп тұрған жерімнен құтқарып қалды емес пе?!

      Кафедра меңгерушісінің кабинетіне кірдім. Үстел үстінде ретсіз шашылып жатқан қағаздардың арасынан әлденені іздеп жатқан қызға көзім түсті. Төмен қарап тұрған оның маған тек шаштары ғана көрінеді. Кіріп келген маған ол бір қарады да жұмысын жалғастыра берді. Оның бір қарасынан ақ көздерінің ерекше екенін байқадым. Мен кірген соң ол коп бөгелмеді. Қыз шығып кеткен соң апайға рахметімді айтып, емтиханды жақсы тапсырғанымды айттым.  Кафедрадан көңілді шығып таң атқаннан нәр сызбай шұрылдаған асқазанымды ойлап жүрек жалғауға асханаға беттедім. Төменге лифтпен түспек болдым. Лифтке жете бергенде оның есігінің жабылып бара жатғанын байқадым.Тездетіп барып лифт батырмасын бастым. Есік қайта ашылды. Ішке кірдім.  Орта бойлы, талдырмаш денелі, көзі тұп-тұнық, сары шашты қыз маған бір қарады да есікке қарап тұра қалды. Таныдым. Әлгіндегі кафедрадағы қыз. Қандай кездесу десеңші. Ол да мені таныды. Қысылыңтырап кішкене жымиған болды. Менің танысуға аңсарым ауып тұрғанын байқағандай сөзді өзі бастады.

– Осында оқисыз ба – деді ол маған қарамай тұрған қалпы.

– Ия – дедім мен сойған түлкідей ыржиып. Сіра қуанғанымды жасыра алмасам керек.

      Біздің таныстығымыз осылай басталды. Шіркін осындайда универ ғимараты неге алпыс –жетпіс қабаттық болмаған екен деп ойладым. Төменге түскенше біраз уақыт оңаша болуға мүмкіндік туар еді. Бірақ қайдан, бір екі ауыз сөйлесіп үлгергенше лифт бірінші қабатқа келіп тоқтады. Сыртқа шыққан соң:

– Қолың бос болса бірге тамақтануға қалай қарайсың – деп едім ол басын бір жағына қарай қисайтып:

– Басқа бір күні болсын –деп жымиды. Содан соң сыртқы есікке беттеді.

       Асханада отырмын. Әдеттегідей бір шыны аяқ шай мен екі ход дог алдырдым. Асхана бос. Ой үстіндемін. Бүгінгі болған жайттарды ой елегінен өткіздім. Таң алдында көрген түсімді, жолым болып емтиханды сәтті тапсырғанымды, күтпеген кездесуді ойладым. Ойда жоқта жолыққан Әсел ойымнан шықпай қойды. Сол кезде ғана оның телефон номерін алып қалмағаным есіме түсіп қатты өкіндім. «Ештеңе жоқ» деп жұбаттым өзімді, «әлі ақ тауып алармын, осында оқиды ғой». Менің жайбарақат отыруымның себебі оның біздің факультетте оқитындығы. Аман болсақ талай жолығармыз деп жымидым... Барлық шытырман оқиғалар да, мөлдір махаббаттар да осындай кішкентай кереметтерден басталған емес пе?!

 

***

ІІ

Сізде  Гетенің кітаптары бар ма?

–Әрине, үшінші қатарды қараңыз.

–Рахмет.

       Нәзік естілген мына дауыс маған таныс сияқты. Бір жерден естіген секілдімін. Дауыстың жүрегіме жылы естілгені сондай бойымды бір рахат сезім билеп алды. Шыдай алмай дауыс шыққан жаққа қарадым. «Әлем әдебиеті» деген жазуы бар кітап сөресіне қарай бұрылып бара жатқан нәзік дауыс иессінің тек белін орай төгілген сары шаштары ғана көрінді. Сары шаштар... көзіме жылы ұшырады. «Сол» деді ішкі түйсігім. «Дәл өзі» деп қостадым мен. Қалай да сол жанмен тілдесіп қалғым келіп қолымдағы Дюманың кітабын жаба салып солай қарай асықтым. Кітап сөресіне жақындай беріп оның сөреден Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» кітабын алып жатқанын байқадым.

–Жақсы кітап.

Әсел оқыс шыққан дауыстан селк ете қалды да маған қарады.

–А-а бұл сіз бе едіңіз? – деді ол жымиып. – Қорқытып жібердіңіз ғой.

–Кешір – дедім мен.

–Оқасы жоқ. Сіз бұл кітапты оқығансыз ба? – Ол кітапты парақтап жатып маған бір қарап қойды.

–Ия, ұмытпасам басты кейіпкері сенің аттасың.

– Бұл менің сүікті кітаптарымның бірі. Қайталап оқудан да еш жалықпадым.

       Оқу залына келдік. Әдетте тып тыныш болып тұратын оқу залында емтиханға дайындалған студенттердің қарасы да көбейіп қалған. Терезеге жақын тұрған парталардың біріне жайғастық.

–Ал сен Гетені іздеген едің ғой – дедім мен оның жаңа ғана кітапханашыдан Гетені сұрағанын есіме түсіріп.

–Ия – деді ол, сосын қолына ұстаған бірнеше кітаптың арасынан Гетенің «Фауст» кітабын алды да, - Міне, мына кітап.

–Трагедия

– Ия, махаббат туралы бар оқиғаның соңы «бақытты өмір кешіпті» дейтін сәтті финалмен аяқтала бермейді екен. – ол сәл мұңайғандай болды.

–Бірақ олар сонысымен тартымды – дедім мен оны жұбатқандай болып.

 Сосын әңгіменің сарынын өзгерткім келді де:

 – Сені көрегнде есіме бірден Меңтай бейнесі келді – дедім ерекше жанға ерекше комплимент айтқандай болып. Ол қысылып қалды да, күліп жіберді.

–Ол ... – аздап мүдіріп қалды да – ол кітап қайдан есіңізге түсті. Мен ешқандай байланс көріп тұрғаным жоқ.

–Меңтайдың бейнесі айтылатын сюжет есіңде ме? – ол жымиып басын изеді, –  сондағы  кейіпкер саған ұқсайды...

        Кеш. Универдің биік ғимараттарына көз тастап келемін. Бүгінгі кеш ерекше көңілді. Баяу ескен самал жел де жағымды әсер қалдырады. Аспандағы жұлдыздардың нуы да бүгін ерекше. Мәдениеттің алдындағы орындықтардың біріне отыра кеттім. Таза ауаны құшарлана жұтып жұлдыздар шеруін тамашалап отырғанмын.

–Мен сізді кетіп қалған шығар десем.

     Қиялым быт-шыт болды. Тынық кеште шыққан мына дауыс бар әлемді нұрландырып жіберді. Дауыс таныс. Әрине бұл келген Әсел еді. Үстіне жеңіл қара көйлегін киіпті. Сары шаштары белін орай төгіліп тұр. Универде көргендей емес, одан гөрі тартымды көрінді. Біраз еңбектенгені де көрініп тұр. Мен мұны жақсылыққа баладым. Әрине бұның бәрі мен үшін жасалған дайындық шығар. Ал өзіме келсем соншалықты кездесуге дайындалмаған едім. Күнделікті әдетіммен өзіме ыңғайлы киімдерді іле салып шыққан бетім. Қыздың осынша дайындығын көріп аздап қысылып қалдым.

–Сені күту соншалықты іш пыстырарлық емес екен.

–Оныңыз жақсы екен.

–Ал сен бүгін ерекше әдемісің – дедім таңданысымды жасыра алмай.

–Рахмет.

      О ғажап деймін ішімнен. Бұл түсім емес өңім болғай. Расында арманымдағы қыз осында менің жанымда ма? Тіпті адам сенгісіз. Қолыма пыр етіп ұшып кетер құс қондырғандай-ақ, ойда жоқта басыма қона кеткен бұл бақыт, сәл ғана шалт қимылдан ақ ұшып кетердей қауіптенем. О тәңірім, бұл бақытты көп көрмеші.

–Ойдың адамы екенсіз. – деді Әсел маған қарап.

–Ия көп ойланамын.

–Қызық не туралы?

–Ол құпия, әр адамның ішке бүккен сыры бар емес пе?

–Оныңыз рас. Өлең жазасыз ба?

–Жазғанмын.

–Ал қазір ше?

–Жоқ.

–Неге қойып кеттіңіз. Талантыңыз болса оны шыңдау қажет емес пе?

–Өлеңге қиянат жасағым келмейді.

Ол үндемей қалды. Шаштары самал желмен тербеледі. Ай сәулесі түскен жүзі де нұрланып кеткендей.

         Жаныңа жақын адамды кездестірсең нағыз бақыт сол емес пе? Ал ең ғажабы онымен бірге тамаша уақыттарды бірге өткізу. Мамырдың мамыражай кештерінің бірінде мен осылай бақытқа белшемнен батқандай әсерде қалып едім. Уақыттың  қалай сырғып өте шыққаны есімде жоқ. Әйтеуір сол кеште талай сырлар шертіліп еді. Жан қалауы өзіне қажеттісін тапқандай көмейіне келген барлық сырды ірікпей ақ еріксіз төге берді, төге берді...

 

***

ІІІ

–Қайнарға баратын автобус осы ма?

–Ия

        Біздің ауылға барғысы келген бұл бейтаныс кім болды екен? Терезеге қарап ойға шомып отыр едім, бір сәт ойымды бөліп, есік жаққа қарадым. Бойы ортадан сәл ғана төмен, қара шаштары иығына төгілген, қара көздері ойнақшып жымия күліп бір қыз кіріп келеді екен. Бейтаныс қыз. Біздің ауылдың қызы емес. Сіра қыдырып шыққан қонақ қыз. Қызға қызыға қоймайтын әдетіме басып оған назар аудара қоймадым. «Менің Әселіме жетпейді» деп ойлаймын ішімнен. Терезеге қарап ойға шомып отыра бердім. Қыз менің арт жағымдағы орындыққа жайғасты. Ауыл адамдары әдеттегідей жөн сұраса бастады. Мен сырттай олардың дауысын естіп қана жатырмын.

–Қайнарда кімнің үйіне барасың? – дейді ауылдағы әуесқой жеңгелердің бірі.

–Директордың үйңне.

–Қайсы, әлгі Алматтың үйіне ме?

–Білмеймін – деді қыз, - мен ол ауылға бірінші рет бара жатырмын.

–Онда туыстарың бар ма?

–Әпкем сонда жұмыс істейді.

–Әй әлгі жаңадан келген мұғалім қыз ба? – әңгімеге қартаңдау әйел араласты.

        Мен енді білдім, қыздың әпкесі жақында біздің мектепке «дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген еді. Сөйтіп тұрғылықты үйі болмағандықтан біздің үйдің алдындағы бос тұрған екі бөлмелі времянкаға жайғасқан. Жалғыз емес, қасында тұрмыс құрған келіншек бар. Ол да мектепке жұмысқа келген. Мына қыздың Жаңылдың сіңілсі екеніне еш күмәнім қалмады.

–Жаңылдың сіңілсі сен болдың ғой – дедім енді ғана әңгімеге араласып.

–Қайдан білдің? Ұқсаймыз ба? – деді ол. Маған тесіле қарағаны соншалық көзімді тайдырып әкеттім. Неткен суық көздер. Дауысы да тік шықты. Тіпті әлгі сөзді айтқаныма кіналі сияқты сезіндім. Бір сәт үнсіз тұрып қалдым. Жүзіне қарасам менен жауап күтіп тұр екен.

–Ия – дей салдым мен.

–Бір қараған адам бізді көп ұқсатады – деді ол –бірақ ол сары,  мен қарамын ғой.

Мен оған енді ғана тіктеп қарадым. Рас, қаралау келген, дөңгелек жүзді, кең маңдайлы қыз екен...

Автобус орнынан қозғалмай-ақ мен осынау қалада қалып бара жатқан Әселді сағына бастадым. Жүрегімнің түбіндегі оған деген сезімім шым-шым басып бара жатты. Жанымның бір бөлшегі осында қалып бара жатқан секілді. Кеше қимай-қимай қоштасқан Әселді ойлап теңіз тұңғиығына бата бердім...

Көзім ілініп кеткен екен. Арт жақтан біреу ыиығымнан түртеді. Қарасам әлгі қыз.

–Ауылға дейін әлі алыс па?

Жабулы пердені ашып сыртқа қарадым. Темірланның көшелерімен жүріп келеді екенбіз.

–Әлі ұзақ -  дедім мен артыма бұрылмаған қалпы.

Ұйқымды бұзғанын жақтырмай қалып қайта көзімді жұма беріп едім, ол тағы түрте бастады.

–Телефоныңды бере тұршы.

     Мынаның аузы жабылса екен деп телефонымды қолына ұстата салдым. Жол бойы ол жанындағыы орта жастағы әйелмен сөйлесіп келді. Өзі ашық-жарқын, әңгімешіл қыз екен.

     Автобус аудан орталығына келіп тоқтады. Бұдан әрі ауылға таксимен бару қажет. Айнұрдың жүктерін көтеріп ауылдан келген таксиге салдым. Адам көп. Айнұр екеуміз ескі жигулидің алдыңғы орындығына жайғастық.

–Енді қанша уақыт жүреміз – деді Айнұр шыдамсызданып.

–Бес минут.

–Көрейік – деп ол телефонын алып сағатына қарады. Жол бойы неге іші пысты екен деп ойласам, телефоны фонаригі  бар жайфон екен.

       Мектеп ауылға кіре беріс жерде жол бойында еді. Жаңыл мектепте болғандықтан Айнұр заттарын маған тапсырды да, өзі мектептен түсіп қалды. «Сені таппай қалып жүрмейін» деп ол менің номерімді жазып алды. Хе... Қашып кетеді деп ойлай ма екен?!

Үйге келген соң көп ұзамай телефоныма бейтаныс номерден қоңырау келіп түсті.

–Мен келе жатырмын, алдымнан шықшы – деді Айнұр.

Көшеге шықсам шынында да келе жатыр екен. Тым ерке қыз сияқты. Анадайдан жақындап маған қарап қолын бұлғады да басын қисайтып күлді. «Бұнысы несі?» деп ойладым ішімнен. Ол жаныма келді.

–Қалай тауып келдің?

–Мектептен шығып оңға бұрыл да тіке жүре бер, алдыңнан көк ворота шығады деді.

–Міне үй осы.

     Кешке бір досымның туған күніне жиналдық. Ауылға келе салып думанды бастап кеткенбіз. Кешке Жаңыл да келді. Айнұрдың әпкесі. Оның сөзі тіптен түйеден түскендей.

     Ауылға келмегелі де көп болған екен. Бір сыныптас досым үйленбекші екен. Мен мұны жаңа біліп отырмын. Сонымен не керек ертең қыз алып қашуға баратын болдық.

     Түс қайта  ақ маздамен Шымкентке шығып кеттік. Тағы бір машина қаладан шығатын болды. Зулатып отырып бір сағатта қалаға кіріп келдік. Қызды күтетін жер Самал автовокзалы. Көп күттік. Шынында да осы ісіміз басымызға бәле болмас па екен деп ойлап қоям. Қызық қуамыз деп жүріп бір пәлеге ұрынбасақ не қылсын.

     Көптен күткен қыз да келді. Анадайдан қарасам, қызды машинаға күшпен отырғыза алмайтын түріміз бар. Шындап қарсыласса  мына қыз бесеумізге де әл бермейтін секілді. Толық келген дәу қараынң өзі. Бағымызға орай қызымыз қарсыласқан жоқ. Машинаға өзі келіп отыра қалды. Бағаналы бері уайымдауым бекер екен. Тіпі ырымын жасап кішкене дауысын шығарсашы. Жоқ. Қызда үн жоқ. Қыз алып қашуды сезіне де алмады.

     Дендрасаябаққа келдік. Екі жасты бөлек жіберіп өзіміз саябақты біраз аралап уақыт өткіздік. Кеш бата қаладан екі машина болып шығып кеттік.  Әндетіп отырып ауылға сағат ондардың кезінде кіріп келдік Қиқулатып отырып ауылды бір айналдық та келінді үйіне түсірдік. Жеңгелері орамал салып ішке кіргізді. Ертеңіне беташарын өткізіп те алдық.

      Түстен кейінгі мезгіл. Айнұр біздің үйде болатын. Үй арасы жақын болғандықтан таңертеңнен бері бірнеше  рет келіп те үлгерген. Жеңгем, әпшем және Айнұр үшеуі әңгіме айтып отырған. Кеңінен танысып дегендей. Ал мен кешкі отырсқа дайындық ретінде басымды жуып алғым келді. Бас жуып жатсам біреу аяғымнан шалып ойнап жүрді. Бір емес бірнеше рет. Жеңгем менімен бұлай ойнамайтын еді. Айнұр екенін білдім. Бұл қыздың менде несі бар?

      Айнұр үйден кете қоймады. Ананы мынаны айтып көп отырды. Менің міндетім оны бүгінгі кешкі отырысқа алып бару. Кеше жігіттер солай келіскенбіз.

      Кеш батты. Айнұрды әлгінде кешкі отырысқа баруға көндіріп қойғам. Киініп алдым да Айнұрды ерітіп отырысқа келдік. Ауылда отырсқа қыз ертіп келсең сенің дәрежең басқалардың алдында бір саты жоғары болады. Машинасы бар бір досым тіпті бізді үйден келіп алып кетті. Айнұрдың маған ықыласы ауып жүргенін кеше байқағанмын. Енді мен де оған көңіл аудара бастағандай сыңай таныттым. Себебі отырысымыздың жалғыз гүлі Айнұр. Басқалары келіншектер. Жалғыз қызға кімнің де болса көзі түседі. Мектепте оқып жүрген кезден ақ қызбен сөйлесу менің ең бір осал тұсым еді. Достарым мұны жақсы білетін. Енді мен де өзімді көрсеткім келіп Айнұрдың назарын өзіме аудара бастадым. Мен ертіп келгендіктен басқалары да оған назар аудара қоймады. Айнұрдың өзі де оларға ыңғай танытпаған соң басқалары да қарай қоймады. Ал мен Айнұрдың жанына отырып алып оған барынша қамқор болып отырдым. Би де басталды. Айнұрдың өзі де менің жанымнан шықпайды. Тек менімен биледі. Ауылдағы біраз бойдақтардың көзін қыздырып жүрміз. Қызға сөз айтқанда басын шыр айналдыратын небір жігіттердің амалы таусылғанын байқап жүрмін. Бұл әрекетімнің немен тынарына есеп беріп жатпадым. Өз жағдайымды бағамдап жатпай ақ, өз-өзімді судың ең бір қауіпті тұсына өз қолыммен бір-ақ тастай салдым. Өзімді түлен түртіп өз әрекетіме еспеп беруден қалған едім.  Енді шығар жол қайсы, белгісіз... 

 

***

IV

              Кеш. Тойханадан шығып келемін. Кешегі тойдың монтажын жасап біттім де тамақтанып алғым келіп Титаникке бармақ болдым. Бесінші жатақхананы айналып өтіп универ ғимараттарына жақындап келемін. Бүгін көңіл күйім көтеріңкі. Міне алдымнан Клиника да көрінді. Банкоматтың алдында студенттердің қарасы көп екен. Степендия түскен  болды ғой. Көп студент қыздардың арасынан Әселді байқап қалдым. Жүрегім лүпілдеп кетті. Оның төбесін анадайдан көрудің өзі бір ғанибет екен. Бойымда Әселге магнитше тартып тұратын бір күштің әсерін байқадым. Сонда да болса жанына жетіп баруға жанындағы құрбыларынан имендім де оның бөлек шығуын күттім. Клиниканың алдындағы орындықтардың біріне жайғасып алып Әселді сырттай бақылап отырмын. Қарап тұрып ақ оны жаңа көргендей ақ талдырмаш денесіне қарап тамсанып отырмын. Әне ол банкомат апаратына жақындады. Ақшасын алған соң ол қыздармен қоштасты да ректорат жаққа қарай бұрылды. Ал мен клиниканың артын айналып Филология ғимаратының астынан өттім де Әселдің сол арадан өтуін күттім.Мен оны кездейсоқ көріп қалғандай болып шыға келмекшімін.

–Әсел!

–Арман?

Ол бірден селк ете қалды да сосын күлді.

–Мені аңдып жүргендейсіз.

–Қалайсың?

–Жақсымын.

–Ал менің жағдайымды неге сұрамайсың?

–Жағдайыңыздың керемет екенін көзіңізден көріп тұрмын.

«Менің жан дүниемді түсіне бастаған екенсің ғой Әсел».

–Кештетіп қайдан жүрсің?

–Сабақтан кеш шықтым. Бір құрбымның туған күні еді, соны атап өттік.

–Жақсы екен.

–Сізді көремін деп ойламаппын.

–Жұмыстан шыққан едім. Кешкі асқа бірге барсақ қайтеді. Бүгін бас тартпайтын шығарсың.

–Бүгін баруға болады.

 

    Түн. Жатақханаға қарай келе жатырмыз. Жанымда Әсел бар. Оған бар сырымды ақтарып мен осындай едім демесем де іс-әрекетіммен де, көзқарасыммен де сездіруге тырыстым. Мүмкін ол байқаған да шығар. Бірақ сыр берген жоқ. Ал маған оның менің сезіміме қалай жауап беретіні қызықтырады. Әселмен оңаша қалу баға жетпес арманым. Сол арманға жетіп тұрмын. Бірақ пайдалана алар емеспін. Жатақханаға да жақындадық.

–Әсел, қаласаң біраз серуендеп қайтсақ қайтеді.

–Жарайды.

Титаниктің жанындағы орындықтарға отырдық. Бүгінгі кештің жанға жайлысын жақсылыққа баладым. Бір кереметтің болары сөзсіз. Әселге қараймын. Үнсіз. Мен де.

–Олай қарамаңыз.

–Неге?

–Ұяламын.

Үндемедім. Ол да.  Ол Ботакөз Бексарының өлеңі бойынша былай болар еді.

« Үндемейсің!» демеңіз,
Үнсіздікте бір мән бар.
Тыпыршиды кеуде тұс,
Бір сыбырға ырғалған.
Қобалжып жүр бұ жүрек
Өзіңізді көргеннен,
Сезімімді қайтейін –
Көзіңізге шырмалған?...

 

       Сол айтқандай жүрегімде барлығы сайрап жатса да айта алар емеспін. Бірақ айтуым керек. Ау батылдығың қайда кетті. Қапелімде біреу аузымды желімдеп кетіп соны күштеп аша алмай жатқан сияқтымын. Мұндай сәттер жиі бола бермейтінін ойласам өзімді қоярға жер таппаймын. Бойымдағы бар күшімді жидым да:

–Әсел – өз дауысымды өзім әрең естідім. Әсел не айтасың дегендей маған бір түрлі жылы шыраймен күлімдеп қарады.

Дәл осы кезде телефоным безілдеп қоя берді. «Қап, мына телефонның беймезгіл шылдырауын-ай». Қарасам бейтаныс номер. Тойханадан клиенттердің бірі болар деп ойлағам. Жауап беруге тура келді.

–Алло.

–Сәлем.

–Ия?

–Танымадың ба?

Дауыс таныс. Еркелей сөйлегені байқалады.  Ия бұл Айнұр еді.

–Жоқ.

–Рас па? Қалай тез ұмытқансың?

–Кешіріңіз танымадым.

–Ойнап тұрсың ба?

–Қателескен сияқтысыз.

      Өшіріп қойдым. Телефонымның дауысы қатты шығатын еді. Мүмкін Әселге де естілген шығар. Қысылғаннан терлеп кеттім. Әселге қарадым. Ештеңе болмағандай әсер қалдырғысы келгенмен жүзінен бір өзгеріс байқадым. Маған күлімдеп қарап отыратын көздері де басқаша.

–Қате түскен сияқты.

Ол маған қарап күлді де жүзін ары бұрып әкетті. Телефоным тағы да шырылдады. Маза берер деймісің бұл енді.

–Ия! – дауысымды жуандатып ашулы жауап берген болдым.

–Арман.

–Сізге кім керек еді.

–Маған сен керексің.

Телефонымды өшіріп тастадым. Әсел бар сырын ішіне сақтап отырған сияқты. Сосын маған қарады да:

–Қайтамыз ба? – деді.

–Қайтайық.

Үнсіз келе жатырмыз. Екі жатақхананың арасына келдік. Ол менімен үнсіз қоштасты. Сағат та бұл кезде он бірге жақындаған еді.

 

      Түн. Жатақхананың темір төсегінде жатырмын. Ойымда Әсел.  Ол не ойлады екен. Ары аунап бері аунап ұйқтай алмадым. Жаңбыр себелеп тұр. Терезе ашық. Әлдекімдер терезе маңындағы скамейкада отырып алып даурығып әңгіме айтып отыр. Ұйқтай алмасымды білдім де киініп алып сыртқа шықтым. Жаңбыр астында жүру ежелден әдетім. Шатырға шықтым. Бұл маңнан қыздар жатақханасы анық көрінеді. Әселдің бөлмесі бергі бетте. Әлі жарығы сөнбепті. Әсел ұйқтамаған шығар. Не істеп жатыр екен? Телефонына хабарласып едім сөндірулі. Сағат түнгі төрт болды. Тезірек таң атуын тіледім. Келер күннен мол үміт күтудемін. Ертең Әселге барам да барлығын жайып салам. Бар сырымды айтамын. Енді күтсем Әселден айырылып қалардай дегбірім кетті. Енді Әселден ештеңе жасырмаймын, оған деген жүрегімдегі барлық сезімімді айтамын. Тек ... тек таң атсыншы...

 

***

V

       Телефон дауысынан оянып кеттім. Терезе ашық қалыпты. Кеше кешке басталған жауын әлі толастамапты. Бөлме қара көлеңке. Денем тоңазып қалыпты. Сағатқа қарасам сегіз. Бірінші пар профессор Тұрсын Хазіретәлінің лекциясы. Бармасам болмас. Бұл лекцияның мен үшін маңызы зор. Оның бір минутын да құр жібермеуім керек.

       Жауыннан қолшатыр астына тығылған студенттер универге асығуда. Ал мен асығар емеспін. Мына жауын астында жүре бергім келеді. Менің қазіргі көңіл күйім қара бұлттар басып түнерген аспан сияқты.

      Ректорат. Конференция залы. Профессор Хазіретәлі лекция оқуда. Қасқабас профессор лекциясын төпеп тұр. Студенттер қаншалықты тыңдап жатыр маңызды емес. Бастысы аудиторияда лекция оқыған профессордың дауысынан өзге шыбын ызыңы да естілмеуі керек. Оның даусы маған талып жететіндей. Бірін естісем бірін естімеймін. Бұл маңызды сабақтың бір сөзін де құр жібермеуім керек еді. Бірақ басым мең-зең әкетіп барады. Ойымда тек Әсел. Қанша тырысып сабаққа көңіл аударайын десем де болар емес.

       Профессордың дауысын телефон қоңырауы бөліп жіберді. Тұрсын Хазіретәлінің лекциясында мұндай жағдай сирек ұшырайды. Телефон дауысы бірден қатты шықты да тез өшті. Профессор көзәйнегін төмен түсіріп аудиторияның арт жағына қарады. Студент қанша байқатпайын деп тырысса да артық дыбысты қалт жібермейтін саққұлақ профессордың назарынан тыс қалған жоқ.

–Кімнің телефоны, тез орнынан тұрсын – деді, ол дауысын қатайтып. Залда құлаққа ұрған танадай тыныштық. Ешкім тұра қоймады. Асығып жүріп телефонын өшіруді ұмытып кеткен алаңғасар студентті анықтамай профессор лекцияны ары қарай жалғамайды. Ақыры арт жақтан сүйретіліп орнымнан тұрдым. Аудиториядағы тоқсан бес студенттің маңдайындағы жүз тоқсан көз маған бұрылды. Ал мен жерге қарадым.

–Шық аудиториядан!

      Баспалдақпен төмен төсіп келемін. Аяқтарымды әзер басамын. Аудиториядағы бүкіл студенттер мені көзімен шығарып салды. Есікке сүйретіліп әрең жеттім.

      Ректорат. Сегізінші қабатта тұрмын. Алдымда универ қалашығы. Бұл жерден қала көрнісі анық көрінеді.  Әріректе көлденең жатқан Бекзат Саттарханов даңғылы. Ағылып жатқан көліктер. Профессор мені барлық студенттер алдында масқара қылды. Кірмегенге қара жер. Аяғымың астында кішкене саңылау болса кіріп ақ кетер едім. Онсыз де жағдайым мәз емес еді. Мына жағдайдан соң көңілім тіпті құлазып кетті.

 

       Лифтпен төмен түсіп келемін. Бірінші қабатқа басқан едім. Лифт төртінші қабатқа келіп тоқтады. Есік ашылды. Сары шаштары беліне төгіле түсіп алдымда Әсел тұр. Мені көріп не кірерін не кірмесін білмей абдырап  қалғандай Әсел бір сәтке орнында қозғалмай тұрып қалды. Басқа студенттер лифтіге кіріп жатыр. Әсел орнынан қозғалған жоқ. Ал мен тездетіп шығып кеттім. Есік жабылды да лифт төмен түсіп кетті. Әсел екеуміз төменге баспалдақпен түстік. Бүгін ол өзгеріп кеткендей. Менен алысырақ кеткісі  келгендай асығып барады. «Әсел тоқташы, бір сәт аялдашы».

–Әсел – дедім мен ректораттан шығып бара жатып  - Сабақтан соң кездесейікші.

Ол сәл ойланып тұрды да әлдене есіне түсіп кеткендей басын бір жағына қисайтып күлді де:

–Бүгін ағылшыннан курсқа барушы едім – деді.

–Ертең ше?

–Білмеймін. Қолым бос болса кездесейік.

 

Мәдениет. Кітапхана. Кішкене ойым бөлінсін деп қолыма Айтматовтың кітабын алдым. Қызыл орамалы желбіреп көз алдыма Айтматовтың «Әселі» келе қалды.  «- Жүре бер, әжетай! – дедім. – Мен әлі біраз жатам. Шыдамың жетпес... –

Ол іле жауап қатты:

- Мен әже емеспін.

Мазақ қылғандай міңгірлеп айтты. Ашулана бастадым:

- Енді кімсің?

- Қызбын.

- Қызбысың? – Сасып қап етегіне қарадым. Айғайлағанымды ерсі көріп,

ойынға айналдырдым:

- Сұлусың ба?...

Етік тыпыр-тыпыр етіп, бүйірге қарай аттады. Кетуге ыңғайланды. Машинанның астынан шыға келдім. Қарасам, қарсы алдымда нәп-нәзік бір қыз тұр. Басында қызыл желек, қабағын қатулана түйген. Иығына үп-үлкен пенжак жамылыпты. Тегі, әкесінің пенжагі болар. Маған үнсіз қарап тұр. Сазға белуарыма дейін батқанымды ұмытып та кетіппін....»

 Асудағы алғаш жолығу. Алғашқы тұтана бастаған іңкәр сезім. Әселдің махаббаты.  Бірінші рет оқып отырғандай болам.

 «Әсел! – деп үрейлене сыбырлаймын. Қаңырап тұрған үй де «Әсел!» - деп күбірлегендей болады....

Бақытсыздыққа ұшыраған дәл со бір күнгідей машинаны тау-таудың арасымен өмірімде мұнша қатты айдамаған шығармын. Сонау бір бұрылыста, сонау бір шатқалда, әйтеуір жолшыбай Әселді қуып жететін сияқты болдым да тұрдым...»

            Кітап қызығына түсіп кеткен екенім. Бар әлеммен байланысым үзіліп қалса керек. Әйтеуір әңгімелесушімен бірге өкініп қала беремін. Жанымда әлдекімдердің отырғанын дауысынан аңғарсам да бұрылып қарағам жоқ-ты. Әрі дауыс алыстан жай сыбырлап қана естіліп жатқан соң, кітап қызығына беріліп назар аудара қоймағам. Сыбыр күбір күшейіп кеткен соң басымды көтеріп қарадым. Содан соң не көргенімді білсеңіздер ғой. Қарғаныма өкініп қалдым. Ішім мұздай болып кетті де көмейімде түйілген мұз кесек өңешімді қарып өтіп, көкірегімді қарс айырып ішіме барып жайыла берді...     

(жалғасы бар...)         соңы:    http://massaget.kz/blogs/mahabbat/16968/