Күлгін жемпір немесе «бұл сіздікі ме?»

Күлгін жемпір немесе «бұл сіздікі ме?»
жеке
блог

Астана. Астана десе ұшырып әкете жаздайтын тентек желі, боранды қысы ойға келетіні рас. Бұл әңгіме Астананың суығы жайлы емес, керісінше...

Күздің салқын күндерінің бірі еді. Бұлт артынан сығалап тұрған күн бірде жылытса, бірде жылытпайды. Келгеніне тек бір апта болған соң, Әлия ауа-райының қыр-сырын әлі түсінбеген еді. Не киетінін ұзақ ойлады, себебі сырт киімінің біреуі тым қалың, екіншісі тым жұқа, ақыры екеуінде емес, ауылдан әжесі тоқып беріп жіберген күлгін түсті жемпірін киді. Құрбысымен кездеспекші. Баратын жеріне тікелей автобус болмаған соң ерте шыққан, саябақ ішімен жүріп өтуі керек. Аялдамадан түсіп, саябақта келе жатты. Қыздың көзі қызылда демекші, әр-түрлі көздің жауын алатын әшекей бұйымдар сатылып жатқан жәрмеңкеге қалай кіріп кеткенін байқамай қалыпты. Жәрмеңкедегі бір-бірінен асып түсетін әдемі алқа-жүзіктерден тіптен бас айналады. Құрбысымен кездесуі керек екені есіне түсіп, көп аялдамай, ары қарай жүрісін тездетіп жүріп кетті. Барынша асығып келе жатты, артынан біреу қуып келе жатқандай болды, тек тапа-тал түс болған соң, солай көрінген шығар деп ойлап ары қарай кете береді.

  Бір кезде қараса жемпірі сөтіліп жартысы ғана қалғанын байқайды. Әлде біреу «Әлия» дегендей болды. Артына қараса бір боз бала соны қолына орап келеді екен. Ұялғаннан қып-қызыл боп кеткен Әлия, не рахмет айтарын, не басқа дерін білмеді, есімін атағанын ойлап, «бұл мені қайдан таниды, масқарам шықты ғой, қалай байқамадым?»деп өзін ойша сөге бастады, түрінің таныс екенін байқап, одан сайын кірерге тесік таппады. Бұл боз баланың есімі Алмат еді, ақырын ғана жымиып:

-          Бұл сіздікі ме? – деді де, қолындағы оралған жіпті ұсынды. Оның жымиғанынан ба, әлде мына орынсыз жағдайдағы қызық сұрағынан ба, Әлия еріксіз күліп жіберді.

Сөйтсе, жемпірі бір әшекейге ілініп, кейін бір дүңгіршіктен екіншісіне барғанда соған бір ілініп келе жатқан екен. Жіпті байқаған Алмат, оның соңын іздеп артынан жүре беріпті. Екеуі бұған әбден күлісті. Әңгімелесе келе, екеуі бір курстан екені анықталды. Күн салқын болған соң, Алмат пальтосын Әлияның иығына жапты, ал өзі болса жүрегіне Әлия жандырған махаббат жалынына жылынып келе жатты. 

   автор: R.T