Ер адамға қоюға болмайтын сұрақтар «Екі жарты – бір бүтін».

Ер адамға қоюға болмайтын сұрақтар «Екі жарты – бір бүтін».
жеке
блог

Сонымен, қыз баланың кейбір қойған сауалы ер адамды тығырыққа тіреуі, кейбірі тіпті ашуландырып, жек көріп кетуге де әкеп соғуы мүмкін екенін біліңіз. Егер қарым-қатынастарыңызды жақсы деңгейде сақтап қалғыңыз келсе, ер адамға кейбір сұрақтарды қоймай-ақ қойғаныңыз абзал. Сонымен, қойылмауы тиіс сұрақтар легі мынадай:

«Қазір не ойлап отырсың?»

Ер адам мұндай сұрақты естіген соң жайсыздана бастайды. Тіпті еш арам ойыңыз болмаса да, тек осы сәттегі оның не ойлап отырғанына қызықтасаңыз да ер адам мұны дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Ер адамның мұндай қиындыққа түсуіне не себеп болды? Біріншіден, бұл сұраққа жауап бере қою қиын. Себебі ер адам өзінің не ойлап отырғанын аңғармайды. Сұрақ қойылған кезде ғана аспаннан түскендей қалыпқа енеді. Екіншіден, ой ойлау әр адамның жеке мәселесі. Ол міндетті түрде өзге қыздарды есіне алып жатыр деген сөз емес. Тек ойша ғана адам баласы өзімен өзі жалғыз қалады. Ал әлдекімнің еш себепсіз оның жекелігіне қол сұғуы ұнай бермейді. Оның үстіне, ол қаласа ойымен өзі-ақ бөліседі.

«Мені неліктен сүйесің?»

Бұл сұраққа берілетін жауаптан қыздар тек мақтау сөз күтетіні белгілі. Қыз баласы өз-өзінің мінсіздігін өзіне дәлелдегісі келеді. Ал ер адамдар мұны түсіне бермейді. Еркек бұл сұраққа шын мәнінде жауап бергісі келеді, бірақ не үшін жақсы көретінін ойлап таба алмайды. Себебі шын сүйген адам белгілі бір себептермен жақсы көрмейді, еш себепсіз сүйгісі келеді. Ал ер адамға дымбілмес болып көріну ұнайды деп ойлайсыз ба? Бұл ер адамның намысына қатты тиеді. Ал сіздер оны сұрақтың астына ала бересіздер...

«Маған дейін қанша қызбен жүрдің?»

Ер адам өзінің мықтылығын, серілігін көрсету үшін айта салуы да мүмкін. Бірақ мұндай еркектер шын махаббаттың қадірін білмей, әркіммен бір көңіл жарастыратындар немесе жәй ғана мақтаншақтар. Бірінші жағдайдағы еркек болса сіз де, сол «өткен шақтағы» қыздардың қатарынан орын алуыңыз кәдік. Ал сізді шын сүйетін адамға мұндай мақтаныштың еш қажеті жоқ. Оған оның болашағы мен сіз қымбатсыз. Ал өткенге оралудың мәні жоқ. Осы себептен де ер адам сіздің бұл сұрақты не үшін қойып отырғаныңызды түсінбей тығырыққа тіреле береді. Ашуланады. Ал сіз оған дейінгі өміріңізді айтар ма едіңіз? «Ер адам қыздың өткеніне, ал қыз бала ердің ертеңіне қарайды». Жаттап алыңыз!

«Балаларымыздың атын кім деп қоямыз?»

Бұл сұрақты тек екі жағдайда ғана қойыңыз: бірінші жағдай – егер ер адам бала туралы өзі бастап сөйлесе, екінші жағдай – егер сіз жүкті болсаңыз. Басқа жағдайларда бұл сұраққа орын жоқ. Ойлап көріңіз, ол сізге үйленуге ұсыныс жасамаса да, оның жоспарына да кіріп үлгермеген бала, оның аты, үйлі болу деген сияқты сұрақтармен мазасын аласыз. Ер адамды үркітіп алғыңыз келмесе бала жайлы әңгіменің түймесін ағытпаңыз.

«Шыныңды айтшы, мен толықпын ба?»

Сіздің толық емес екеніңізді дәлелдеп, жоқ жерден мақтау сөз айту қиынның қиыны. Мұны ол ғана емес, сіз де түсініп тұрсыз. Егер сіздің дене сымбатыңыз шын мәнінде де мінсіз болмаса оның «қойшы, олай емес» дегенін мазақтау, қорлық ретінде түсініп қаласыз. Ал «иә, сәл арықтау керек» десе де оған деген жеккөрінішті сезім оянады. Мұндай сынақтың не үшін жүргізіліп жатқанын ер адам да, өзіңіз де толықтай түсінбейсіз. Сүйіктіңіздің мазасын ала бермей, айнаның алдына бара салғаныңыз пайдалырақ.

«Жұлдыздардан кімді тартымды деп санайсың?»

Өзінен басқа біреудің ұнайтынын қыз баласы неліктен сұрай береді? Не мақсат? Иә, сіз бұл сұраққа сүйіктіңіздің идеалын білген соң соны үлгі тұтып, барынша ұқсауға тырысу үшін деп жауап беруіңіз де мүмкін. Бірақ көп жағдайда бұлай бола бермейді. Әсіресе ұрысып қалған кезде «Кет сол ұнатқан жұлдызыңа» деген сөздің қаншалықты ауыр тиетінін білесіз бе? Жарайды, еріңіз сізге көп өтпей Мәдина Садуақасованың ұнайтынын айтып қалды. Сосын не? Оның өлеңін сүйіп тыңдағаны үшін оған сәл де болса ренжіп, қызғанбайсыз ба? Ал мұның бәрін өзіңіз бастап, басыңызға бәле тілеп алдыңыз емес пе?

«Менен ешбір өзгеріс байқап тұрған жоқсың ба?»

Сіздің опа-далап ауыстырғаныңыз бен шашыңызды сәл ашық реңкке бояғаныңыз сіз үшін үлкен өзгеріс, әрине. Және сізді шын сүйетін адам бұл өзгерісті бірден байқап қоюы керек. Ал ер адамдар олай ойламайды. Олар адамды жалпылай сүйеді, жалпылай қарайды, кішігірім детальға олар назар аудара бермейді. Тіпті өзі бір апта бұрын мақтау сөз айтқан көйлекті ұмытып қалуы да мүмкін. Ал сіз оның бұл ісін айыптап, сезімін жоққа шығарасыз.

Әрине, әрбір жазылған тараудың айтылатын да, айтылмайтын да тұстары бар. Тіпті сіздің ер адамыңыз бұл сұрақтарға сүрінбей-ақ жауап бере алуы мүмкін. Десе де, еш пайдасы жоқ сұрақтарды қоюдың қажеті жоқ екенін түсіндіңіз деп ойлайық.