Әсем жазу

Әсем жазу
жеке
блог

 Марал ерке, ата-анасына айтқанын істететін қарапайым отбасында дүниеге келген қыз. Анасы жұмысқа кеткенде, үй ішінде қарапайым жұмыстарды тастап кетсе, қырсықтыққа салынып істемей жататыны тағы бар. Мектеп табалдырығында да, достарымен қыдырысқа шықса, анасына:

-Сен маған жеткілікті ақша бермедің, достарым көп ақша ұстайды, ал сен маған аз ғана бересің, үнемі сөйтесің,-деп айғайға салады. Анасы қарапайым мұғалім. Бар тапқан таянғанын аяулы қызына беріп жүргенін ол түсінсе де, көп жағдайда мойындамай, анасына қарсы қылықтар көрсетумен болды.   Маралдың өмірін өзгерткен бір-ақ нәрсе, ол ақ қағазға жазылған әсем жазу.

 Бір күні күнделікті әдетімен, сабақтан келе сала түскі асын ішіп болғаннан кейін сабағын қарауға кірісті.  Үй жұмыстарын орындап жатып, қолындағы қаламы жазбай қалды. «Енді жетпегені осы еді» деп анасының сөмкесінің ішінен қалам іздеуге көшті.  Кенет, қалам салатын сауыттың ішінен бүктелінген қағаз тауып алды. Қағазды қолына ұстап тұрып, анасының тәрбиесінен  «бөтен затты оқуға, алуға болмайды» деген сөздер де есіне түсті. Бірақ, Марал өзінің әдеттегі мінезіне салынып, қағазды оқуға кірісті. Ол қағазда...

  «Құрметті, Айгүл Мұратқызы! Мен сізді өте қатты жақсы көремін және құрметтеймін. Сіз маған 2 жыл көлемінде сабақ беріп келесіз. Сол аралықта Сіз мен үшін тек қана ұстаз емес, анамдай болып кеттіңіз. Білемін, Сіздің өз балаңыз бар. Дегенмен де, Сізді өз анасындай жақсы көретін тағы бір қызыңыз бар.  Міне, біз оқу орнымызды тәмамдап , аттанғалы отырмыз. Жұмысқа да бүгін- ертең басқа қалаға аттанамыз. Сіз шалғайда жүрген мендей қызыңыздың да бар екендігін ұмытпағайсыз. Бұл сөздерді тікелей сізге айта алмай, жазғанды жөн көрдім. Үнемі «Марал есімді қызым бар» деп мақтанатынсыз. Сіздей анасы бар қызыңыз бақытты. 2 жыл көлемінде сізден алған біліміміз, өнеге тәрбиеңіз мен үшін  мақтаныш.  Қайда жүрсеңіз де денсаулығыңыз мықты болып, балаңыздың қызығын көріңіз!  Сіздің Балжаныңыз!»  деп жазылған екен.

   Маралдың қолы дірілдеп, беті қызарып сала берді. Тал бойын өкініш өрті кернеп, ұяттан өртеніп барады. Оның анасы қаладағы ата-анасыз қалған балаларға мамандық беретін колледжде жұмыс істейді. Анасы көп уақытын жұмыста өткізеді, шаршап келеді. Жұмыстан келе сала сол шаршағанына демеу болатын осы  қызы еді. Қызын көре сала барлық өмірдің қиындықтарын ұмытып кететіндей. Ал қызы болса, оған сөз қайтарып, анасын құрметтеуден қалған.  Маралдың көзінен жас тамшылары бірінен кейін бірі тамшылауда. Сонда қалай? Өз бақытын өзі бағаламағаны ма? Қолда бардың қадірін түсінбегені ме? Кенет, есіктің қағылған даусы шықты. Марал жүгіріп барып, есікті жылдам ашты. Жұмыстан келген анасын көріп, қатты құшақтап, көзінен жас ағуда. Анасының «не болды ?» деген сауалына жауап бере алмай, тек үнсіздікпен ішінде болып жатқан жәйтті түсіндіре алмады...