Ғашық болу азап па екен...

Ғашық болу азап па екен...
жеке
блог

 «Махаббат іздеп талпынған» көңілдің орнын махаббат қана толтырмақ. Ол қандайда бір нәпсілік құмарлықтан ада, пенделік әуейіліктен алыс, пәк, таза сезім. Көрмесең сағындыратын, сағынсаң жүрегіңді езіп, тағатыңды таусатын ерекше қасиет. Ақындар мен жазушылардың махаббат туралы жазылған дүниелерін қанша оқығаныңмен, сенің көңіліңді дәл баса алмайды. Сезім ұқсас болғанмен, ой бөлек, сезіну басқа.

Ғашық болуы азап, ол бір төтенше құбылыс сияқты көріп, мына жарық дүниеден баз кешетіндер бар. Мен олай ойламаймын. Ғашық болу азап емес. Рахат! Көңілің сүйген, жүрегің қалаған жанға соншалықты ынтық болу, асығу, армандау тек ләззат қана сыйламақ. Оның аз ғана машақаты Пушкин айтқандай адам төзгісіз емес-ау. Өмірдің мәні саналатын жардың ыстық ықыласына ие болу үшін жасаған әр қадамың жақсылыққа, ізге ниетке толы.

«Әуелде кірдің түсіме, ортақтасып өміріме»  деген хәкім сөзіне ұйи кетіп, әлгі  бір түні көрген түсіңді ұмытып қалмайыншы, сол сәттегі жарқын бейнені жоғалтып алмайыншы деп аса бір ұқыптылықпен еске түсірген кезің де бақытты сәт. Ғашық болу азап емес, досым. Ғашық бола алмау – азап. Ғашық болған кезіңді сағыну ең ауыр сағыныштардың бірі сияқты. Көңіліңде аялаған, сыйлаған жанды өмірде де соншалықты құрметтеу ең жақсы істердің бірі болса керек.

Бір-біріне ғашық, бір-біріне асық жандар, ешқашан ренжіспеңдер. Егер сені біреу шын құлай сүйсе, оны да сүй (соған лайық жан болса). Адам әлсіз. Мына дүниеден ең жақсы нәрселерді тілейді. Ең сұлу, ең бай, ең... ең... жандарды құшқысы келеді. Бірақ ер азамат үшін де, қыз бала үшін де оның бәрі мүмкін емес.

Егер сені бір жан шын сүйсе, адалдығы мен адамдығына көңілің тойса, жақында. Қол ұстас. Уағдалассаң, оны бұзба. Өйткені ол махаббатқа сенеді.

Ғашық болған жанның меселі қайтып, ғашық бола алмай азапқа түспесін. Ғашық болу азап па екен тегі...