Ғажайыптар мезгілі

Ғажайыптар мезгілі
жеке
блог

Асхат бүгін де күнделікті дағдысы бойынша сабақтан ерте  қайтып келе жатыр.  Бірақ жүрісі әдеттегідей баяу емес, ширақ әрі нық. Жан- жаққа да алаңдамайды. Бір қызық ойда келе жатқаны сырт көзге анық көрінеді.

Үйіне де жылдам келіп қалды. Қарсы алдынан асығыс шығып қалған Алмагүл апай ғана бұны ойынан оятып жібергендей болды. Әдетте өзгемен ісі жоқ  Асхат - бүгін көрші әйелге жылы шырай танытып, сәлем берді. Енді ғана қардан қылаулап шыққан шөп сияқты қарауытып көрініп қалған бақтағы орындықтарға көзі түсті. Көктем келе жатқанын сезгендей, айналасына қарап, күлімсіреп қойды.

Тамағын іше сала сыртқа асығыс шықты. Бара жатқан бағыты – екі көше арыда орналасқан спорт кешені. Асхаттың күні бойы өзгеше күй кешіп жүруінің себебі осы еді, ойлап-толғанғаны да осы спорт кешені болатын. Қалтасындағы спорт талонына тағы да бір қарап, өзінше мәз болып келеді...

Асхат спорт кешенінен шыққан кезде айнала қараңғы болып қалған екен. Екі сағат жылдам сырғи шығыпты. Асхат жан-жағына мерейлене қарап, терең тыныс алды. Көңілі көтеріңкі. Осында жиі келіп тұрса- өзінің сымбатты бола түсетініне сенімді.

Университетте бірге оқитын Айманға сөз айтуға іштей дайындалып жүргеніне де біршама уақыт өткен болатын. Көктемді асыға күтеді, өйткені, көктем ғажайыптарға толы болатынына бек сенімді. “Көктем - ағаш бүршік атып, гүл бүр жарып, сезім оянатын кез емес пе?! Еһһ, осы көктем Айман екеуіміздің ең бақытты кезіміз болады. Оған шынайы сезімімді білдіремін. Бақтарды бірге аралап, талай қызық уақыт өткіземіз. Болашаққа бірге қадам жасаймыз,” –деп ойлайды.

Ал, құрметті оқырман, сіз көктемнен не күтесіз???