Шындық детекторы дегеніміз не?

Қазіргі дамыған заманда теледидарда көрсетілетін бағдарламалар мен әлеуметтік желілерден шындық детекторы құрылғысын жиі кездестіреміз.
Шындық детекторы – адамның қай кезде өтірік, қай кезде шын сөйлегендігін анықтайтын құрылғы. Шындық детекторының тағы бір атауы «Полиграф». Алғашқы полиграфты 1921 жылы Калифорния штатының Беркли қаласының полиция департаментінің қызметкері Джон Августус Ларсон жасап шығарған.
Джон Ларсон «полиграф» құрылғысын не үшін жасап шығарған?
XX ғасырда қылмыскерлер саны өте көп болған және олардың басым көпшілігі өз қылмыстарын мүлде мойындамаған. Полиция бөлімшесінде жұмыс істейтін қызметкерлер әртүрлі ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлердің өз қылмыстарын толық мойындауы үшін оларды соққыға жыққан. Бірақ оларды қанша соққыға жықса да қылмысын еш мойындамаған адамдар болды. Джон Ларсон оларды соққыға жығу ешқандай пайда әкелмейтіндігін түсініп, полиграф құрылғысын жасап шығарған. Бұл құрылғы көптеген қылмыскерлерді ұстауға, өз қылмысын мойындамаған қылмыскерлердің жазалануына көмегін тигізді.
Полиграф қалай жұмыс істейді?
Алдымен адамды орындыққа отырғызып, қажетті заттардың барлығын адамның денесіне орналастырады. Полиграф құрылғысы адамның тыныс жүйесі, жүрек-қан тамырларының белсенділігі мен артериялық қысым арқылы жүзеге асады. Қол мен аяқ қозғалысы, діріл, адам интонациянсының өзгеруі полиграфқа қарсы әрекет болып табылады. Құрылғыға алкогольді сусынды, есірткіні қолданғаннан кейін отыруға болмайды. Сонымен қатар, адамның ұйқысы жақсы қанып баруы да өте маңызды. Құрылғыға отырғаннан кейін қобалжымауға тырысу керек себебі, қобалжудың кесірінен шын нәрсенің өзін өтірік айтып қою әбден мүмкін.
Полиграфолог деген кім?
Полиграфолог – полиграф құрылғысының көмегімен арнайы сұрақтарды адамға қою арқылы өтірікті анықтайтын маман. Полиграфологпен сұқбат 40 минут немесе 2 сағатқа дейін созылады. Екінің бірі бұл мамандықпен айналыса алмайды. Өйткені, асқан жауапкершілік пен төзімділікті қажет етеді. Дәрігерлердің зерттеуі бойынша полиграф құрылғысының адам денсаулығына еш зияны жоқ.
Полиграф қорытындысы қаншалықты дұрыс?
Полиграф қорытындысы сотта үлкен айғақ ретінде қолданылмайды. Себебі, ол адамның мінез-құлық, интонациясына байланысты болғандықтан. Адам қатты қобалжудың кесірінен жалған ақпарат беруі немесе әдейі интонацияны өзгерту арқылы ақпараттарды өзгертуі мүмкін. Сондықтан, полиграф құрылғысына 100% сенудің еш қажеті жоқ.
Арнайы ақпараттарға сүйенетін болсақ, полиграф құрылғысы әлемнің 60-қа жуық елінде қолданылады. Ал елімізге полиграф құрылғысы 2000 жылдан бастап әкелінген. Полиграф құрылғысына жүргізілген зерттеулер нәтижелердің дұрыстығын 77-94% - деп, қателікті 13%-деп көрсеткен. Егер полиграфолог өз ісінің маманы, осы салада білімі көп болатын болса 98% - дейін шындыққа қол жеткізуге болады деген де ақпараттар бар.
Шындықтан қашып құтылудың жолы жоқ. Өтірікті бүгін жасыруға болғанмен, ертеңгі күні жасыру мүмкін болмайды. Шындықтың әрқашан жеңіп шығатындығын ешқашан ұмытпайық!



Бөлісу: