«Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Қайрат» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті (видео)
Фото ©️ massaget.kz

Футболдан Алматының «Қайрат» клубы Шотландияда «Абердинмен» 1:1 есебімен тең түсіп, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті. Бірінші ойында Владимир Вайсс шәкірттері 2:1 есебімен қарсыластарынан басым түскен болатын.

БӨЛІСУ

Бірінші таймда алаң иелері гол соуға ұмтылғанмен, нәтиже шығара алмады. «Қайраттың» қорғанысы сыр берген жоқ. Есесіне қарымта шабуылда қазақстандық клуб алаң иелеріне айтарлықтай қауіп төндіре білді. Ойын тізгінін «Абердин» қолда ұстауға тырысқанмен, «Қайраттың» тәжірибелі ойыншылары адым аштырмады.

Екінші таймда да алаң иелері бірінші нөмірмен өнер көрсетті. Өз айып алаңында сәтті өнер көрсеткен Владимир Плотников еш сасқан жоқ. Қарсыластардың шабуылын дер кезінде тойтарумен болды. 59 минутта қонақтардың қателігін сәтті пайдалана білген «Қайрат» ойыншылары есепте алға шықты. Михаил Бакаевтың жойқын соққысын сәтсіз қайтарған Уорд допты қолынан шығарып алды. Ал өз орнынан дер кезінде табылған Жерар Гоу алматылық клубты алға шығарды. Одан кейінгі қауіпті шабуылдардың бірінде Сержиньюдің бағыттаған добы қақпа бағанына тиіп, алаң сыртына шығып кетті.

«Абердин» ойыншылары өз қақпасына гол өткізіп алғаннан кейін барынша шабуылға ден қойды. Не бел кетеді, не белбеу кетеді деген сын сағаттары басталды. 84 минутта қазақстандық клубтың қорғанысы сыр беріп, алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Бұл жолы да Кенни Маклин гол соқты. Ол бірінші ойында да «Қайрат» қақпасынан саңылау таба білген болатын. Соңғы минуттарда алаң иелері «Қайратқа» қанша қысым жасағанмен, таблодағы нәтижеге өзгеріс енгізуге қауқарлары жетпеді. Нәтижесінде қос қорытындысы бойынша Владимир Вайсс шәкірттері Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтті.

Кездесу статистикасы:

Допқа иелік ету: 60% - 40 %

Голдар: 1 — 1

Барлық соққылар: 15 — 10

Қақпаға дәл соққылар: 4 — 7

Қақпа бағаны: 0 — 1

Бұрыштама добы: 9 — 1

Офсайдтар: 2 — 2

Сары қағаз: 1 — 5

«Абердин» (Абердин, Шотландия) — «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) 1:1 (0:0)

Бірінші ойын: 1:2

Голдар: Гоу 59 (0:1), Маклин 84 (1:1)

Ескертулер: Тейлор 90 — Маркович 12, Тимощук 17, Бакаев 43, Лунин 84, Плотников 90

«Абердин»: Уорд, Логан, Шинни, Консидайн, Тейлор, Маклин, Хейз (Флад 81), Поулетт (Руни 68), Джек, Макгинн, Гудвилли (Квинн 82)

«Қайрат»: Плотников, Бруно Соарес, Гурман, Маркович, Қуантаев, Бакаев, Исламхан, Исаэл (Сержиньо 82), Тимощук, Гоу (Деспотович 73), Лунин (Қуат 90)

Бас қазы: Мирослав Зелинка (Чехия)

6 тамыз. Абердин. «Питтодри».

«Қайраттың» плей-офф кезеңіндегі қарсыласы бүгін анықталатын болады. Жеребе Швейцарияның Ньон қаласында өтеді.

Айта кетейік, кеше елордалық «Астана» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын. Бүгін Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне «Қайрат» жолдама алып, қазақстандық жанкүйерлерді қуантты.

Қазақ футболының жеңісті күндері көп болғай!