«Алтын доп» иегері қалай анықталады?

«Алтын доп» иегері қалай анықталады?

Бүгін кеште әлем жұртшылығы асыға күткен «Алтын доп» иегері анықталады. Ал сол жеке тұлғаға берілетін мәртебелі марапаттың жеңімпазы қалай анықталатынын білеміз бе? Білмесеңіздер, біз айта отырайық.

 «Алтын доп» («France Football») пен «ФИФА жыл футболшысы» марапаттары неге бірікті?

«Алтын доп» («France Football») пен «ФИФА жыл футболшысы» марапаттары 2010 жылғы дейін екі бөлек сый ретінде қаралып келді. Алғашқысы 1956 жылдан бері беріле бастаса, кейінгісі 1991 жылдан бастау алды.

«Алтын допты» («France Football») Еуропа алаңдарында доп тебетін ойыншылар иеленетін еді. Ал жеңімпаздар спорт тілшілері арасында дауыс беру арқылы анықталып келді. Негізінен бұл марапатты ұйымдастырушы – француздың «France Football» басылымы. Бұл жобаны қолға алған аталған басылымның бас редакторы Габриэль Ано болатын. Ол алғашында қарамағындағы тілшілердің дауыс беруі нәтижесінде үздік футболшыны анықтады. Кейіннен басылымның жыл сайын анықтап тұратын дәстүріне айналдыра білді. Еуропадан шыққан үздік ойыншыларға беріліп келген жүлденің ережесіне 1995 жылы аздап өзгертулер енгізілді. Нәтижесінде Еуропа чемпионаттарында өнер көрсететін өзге құрлықтың да танымал футболшылары бұл марапатты иеленуге мүмкіндік алды. Бір қызығы, оған дейінгі ережеге сәйкес, ХХ ғасырдың даңқты футболшылары Пеле мен Марадонаға да бұл сый бұйырмаған.

2007 жылы «Алтын доп» («France Football») мәртебелі сыйлығының ережелеріне тағы да өзгертулер енгізілді. Жаңа ережеге сәйкес, енді бұл марапатты әлемнің кез келген үздік ойыншысы (құрлық чемпионаттарына бөлінбей) иеленуіне жол ашылды.

«ФИФА жыл футболшысы» марапатының «France Football» басылымы ұйымдастырған жүлде секілді ғұмыры ұзақ болған жоқ. 1991 жылдан бастап жекелей ойыншыға беріле бастаған жүлде иегері - ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитандарының дауыс беруі нәтижесінде анықталып келді. Халықаралық футбол қауымдастықтары одағы ең көп ұпай жинаған ойыншыға гауһар доп сыйлады. 2001 жылдан бастап бұл сыйлық әйелдер арасында да үздік өнер көрсеткен ойыншыға беріле бастады. Бірақ, 2010 жылы «ФИФА жыл футболшысы» мен «Алтын доп» («France Football») мәртебелі сыйлықтары бірігіп тынды. Неге? Себебі, 2005 жылдан бастап қос жүлдені де бір ойыншылар қатар иелену "дәстүрге" айналып бара жатқан-ды. Нәтижесінде ФИФА басшылығы ақылдаса келе, екі жүлдені біріктіріп, «ФИФА Алтын добы» деген атау берді.

Жеңімпаз қалай анықталады?

«Алтын доп» иегері ұлттық құрамалардың бас бапкері мен команда капитаны, және ФИФА қауымдастығына мүше бір тілшінің дауыс беруі арқылы анықталады. Ал оған дейін ФИФА арнайы комиссиясының мүшелері жүлдеден үміткер 23 ойыншының есімін жариялайтын болады. Кейіннен үміткерлер қатары үшеуге дейін қысқарады. Футбол мамандары тарапынан берілген дауыс беруде бірінші белгіленген ойыншы - 5 ұпай, екінші есімі аталған ойыншы – 3 ұпай, үшінші орыннан көрінген ойыншы 1 ұпай еншілейді.

Негізінен, ұлттық құрама бапкерлері мен капитандарының дауыс беруі, спорт тілшілерінің дауыс беруімен сәйкес келе бермейді. Мәселен, 2010 жылы біріккен қос жүлденің алғашқы жеңімпазы болып Лионель Месси танылды. Ал спорт тілшілерінің дауыс беруі бойынша есептелсе, сол жылы бұл марапатты «Интер» ойыншысы Уэсли Снейдер иеленген болар еді. 2013 жылы да тілшілер дауыс беруінің қорытындысы бойынша, Франк Рибери ең көп дауыс жинаған. Бірақ, барлығын қоса есептегенде «Алтын допты» иелене алмаған болатын.

Айта кетейік, 2014 жылғы «Алтын доп» иегері бүгін Швейцарияның Цюрих қаласында өтетін салтанатты кеште белгілі болады. Бұл марапаттан өзге 2014 жылдың үздік бапкері мен әйелдер арасындағы үздік ойыншысы, және үздік голы да анықталады. Іс-шара Астана уақытымен сағат кешкі 23:15-те басталады.

Сурет: eurosport.ru, sports.ru

О. Сансызбай