«Алмас қылыш» («Қазақ елі») көпсериялы фильмінің жабық көрсетілімі болды

«Алмас қылыш» («Қазақ елі») көпсериялы фильмінің жабық көрсетілімі болды
жеке
блог

ХII халықаралық «Eurasia» кинофестивалінің «Ерекше көрсетілім» секциясында Рүстем Әбдірешевтің 10 сериядан тұратын «Алмас қылыш» («Қазақ елі») фильмінің 2 сағат 10 минтутқа ықшамдалған нұсқасының жабық көрсетілімі болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына, егемендігіміздің 25 жылдығына тарту етілгелі отырған кинотуындының негізіне Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи романының «Алмас қылыш» бөлімі арқау болған.

Тарихи кезең лебін сезіндіріп тұрған өте бай декорация мен кейіпкерлердің әсемдік пен мазмұндық жағынан үйлесім таба білген костюмдері көздің жауын алады. Ал, рөлдеріне сәтті таңдалған Досқан Жолжақсынов пен Еркебұлан Дайыров болса, өз кейіпкерлерінің күрделі болмыстарына еніп, шебер орындап шыққан.

Техникалық өңделуі толығымен аяқталмағанына қарамастан, оқиғаның өрбітілу барысы жылдам қарқынмен берілген фильмде өте жақсы операторлық жұмыс пен сәтті қолданылған монтаж тәсілдері голливудтық тарихи экшн фильмдерден еш кем емес. Әсіресе шайқас көріністері кәсібилік тұрғыдан жоғары деңгейде беріліп, нанымды шыққан. Бұл, біріншіден, режиссердің еңбегі болса, екіншіден, «NOMAD» каскадерлер тобының сапалы жұмысының нәтижесі деп білемін.

Десек те, шайқас панорамасын алыстан қамтыған жалпы пландар әлі де болса техникалық өңдеуді қажет етіп тұр. Сонымен қатар, фильм барысында музыканың шектен тыс қолданылуы мен кадр сыртындағы (оқиғаны баяндап отыратын) дауыстың азайғаны жөн. Экран өнері сөзден емес, бейнелік шешімнен тұратындығы ұмытылмағаны абзал.

P.S. Фильмнің бұл нұсқасының әлі де өзгерістерден өтетінін режиссер көрсетілімнен кейінгі талқылау барысында ескертіп, көрерменнің қатты сынға алмауын өтінді. Осы орайда, киношығарманың соңғы нұсқасының жоғарыда айтылған кемшіліктерсіз шығатынына үміттенемін...