Әділдіктің саны қандай?
жеке
блог

Әділдіктің саны қандай?

Өз кезінде кино әлеміне үлкен жаңалық боп келген Акира Куросаваның "Жеті самурай" фильмін халықтың сүйіп көретін туындысы ретінде ғана емес, жас режиссерлер білім алатын оқулық ретінде де қарастыруға болады. "Жеті самурайдың" жапон және әлем кинематографиясына тигізген әсері ұлан асыр. Содан болар, бұл туынды жарыққа шыққаннан кейін арада алты жыл өтпей жатып (1960 жыл) продюсер әрі режиссер Джон Стерджес жұртшылық назарына фильмнің вестерн жанрына бейімделген нұсқасын ұсынды. "Таңғажайып жетілік" деген атау алған фильм де өз кезегінде көпшілік тарапынан жақсы қабылданған болатын.

"Жеті самурай", Акира Куросава (1954 жыл)

Бүгінде кино өнері мен оны түсіру тәсілдері әбден жетілді десек, қателеспеспіз. Бұрындары түсірілім үшін қиынға соққан сәттер техника мен компьютерлік графиканың арқасында өз шешімін табуда. Сол себептен де қазіргі уақытта ескі фильмдердің римейкін түсіру үрдісі жанданып жатыр. Бұл үрдіс "Жеті самурайдың" америкалық нұсқасы болған "Таңғажайып жетілікті" де айналып өтпеген екен. Осыдан екі апта бұрын АҚШ-та көпшілік назарына ұсынылған туынды бүгіннен бастап біздің елде де көрсетіле бастайды. "Таңғажайып жетіліктің" жаңа нұсқасынан не күтеміз? Біздің негізгі әңгімеміз осы тақырыпқа арналмақ.

"Таңғажайып жетілік", Джон Стерджес (1960 жыл)

Фильмде жақсылық пен жамандықтың, әділдік пен әділетсіздіктің текетіресі баяндалады. Роуз Крик қалашығының тұрғындары ұзақ уақыттан бері Бартоломью Боуг есімді ақша үшін жақынын да аямайтын жауыздан жәбір көріп жүреді. Олар Боугке қарсы шығайын десе, байдың жанына жиналған қарақшыларынан сескенеді. Күндердің бір күнінде шыдамы таусылған шаруалар осы мәселені талқылау үшін шіркеу ішінде жиналыс құрады. Алайда, жанына қарақшыларын ерткен Боуг жиналыс ортасына келіп, шіркеуді өртеп, біраз адамды өлтіріп кетеді. Амалдары таусылған қалашық тұрғындары бар байлықтарын жинап, өздерін қорғайтын адам жалдауды ұйғарады. Осы кезде олардың жолына әділдікті сүйетін Сэм Чисолм есімді қара нәсілді кезбе жолығады. Шаруаларға көмектесуді парыз санаған Чисолм бұл істе өзіне көмектесетін серік іздей бастайды. Аз уақыттың ішінде ол жеті адамнан тұратын жасақ құрады. Енді бұл жетілікке Роуз Крикті басып алған жүздеген қарақшыға қарсы соғысу керек...

"Таңғажайып жетілік", Антуан Фукуа (2016 жыл)

Фильмнің қысқаша сипаттамасы осындай. "Жеті самурай" мен 1960 жылғы "Таңғажайып жетілік" туындыларын көрген жандар үшін бұл фильм пәлсапалық тұрғыдан үлкен жаңалық ашпайды. Көп дүние сол күйінше қалған. Мұнда да қарақшылардан жәбір көрген қарапайым шаруалар, мұнда да оларды құтқаруға келген кезбе ковбойлар хикаясы баяндалады. Алайда, экшн жағынан қарағанда "Таңғажайып жетіліктің" жаңа нұсқасы алдыңғы фильмдерден бір елі алда тұр. Мұнда шайқас сахналары жақсы қойылған. Жоғарыда айтылғандай бұл жайтқа кино түсіру тәсілдерінің жетілгені әсер етсе керек. Туындыдағы ырғақ деңгейі де жаман емес. Ішпыстырарлық диалогтар мен ұзақ сахналар жоқ деуге келеді.

"Таңғажайып жетілік" фильмінің тизер-трейлері

Фильмде көпшілік назар аударған бір ерекшелік бар. Ол — ковбойлардың түрлі нәсіл өкілдеріне жататындығы. Туындыдағы жетілік бір қара нәсілді, бір азиялық, бір мексикалық, бір үндіс пен үш ақ нәсілді америкалықтан құралған. Мұндай әдіс бұрын соңды вестерндерде қолданылмағаны анық. Фильмдегі оқиға АҚШ-тағы азамат соғысынан кейінгі жылдарды сипаттайтынын ескерсек, жетіліктің түрлі нәсіл өкілдерінен құралғандығына әбден сенуге болады. Режиссердің бұл қадамына АҚШ-тың бірқатар беделді басылымдары мақала арнағаны да бар. Араларында, әдеттегідей, сынағандары да, мақтағандары да болды. Өз кезегінде фильм режиссері Антуан Фукуа қаһармандардың мұндай құрамынан үлкен пәлсапа іздеудің қажеті жоқтығын айтып, сұқбаттарының бірінде: "Мен жай ғана ат үстінде отырған Дензел Вашингтонды көргім келді", - деген екен.

"Таңғажайып жетілік" актерлік құрамы жағынан да мықты. Басты рөлдерді Дензел Вашингтон, Крис Прэтт, Итан Хоук, Винсент Д'Онофрио, Ли Бён Хон, Мануэль Гарсиа, Мартин Сенсмейер, Хейли Беннетт және Питер Сарсгаард сынды актерлар сомдаған. Бұл актерлардың барлығы дерлік кейіпкерлерінің бейнесін жақсы алып шыға алды десек болады. 

Ал әділдіктің өз саны бар... Ол — 7!