"Астана Опера" Алматыда: "Біржан-Сара" операсы

"Астана Опера" Алматыда: "Біржан-Сара" операсы

Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары қазақ операсының маржаны «Біржан - Сараны» тұңғыш рет түпнұсқада, ешбір  қысқартусыз, маэстро Абзал Мұхитдиновтің жаңа музыкалық редакциясында тыңдау мүмкіндігіне ие болады.

Аты аңызға айналған Мария театрының (Санкт-Петербор) үздік теноры, Біржан партиясының орындаушысы Ахмет Ағади сахнаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязовамен бірге шығатын болады. Ал Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окунев Алматы көрерменіне ұлттық нақышта әзірленген таңдаулы декорацияларын ұсынады.

Ресейдің халық әртісі Юрий Александровтың тамаша қойылымын 4 ақпан күні 19:00-де Абай атындағы МАОБТ-та тамашалауға болады. Жаңаша қойылатын спектакльдің ерекшелігі, сахнада кісі өлімін мойындамайтын қоюшының Біржанды халқына деген шексіз махаббатқа және жарқын болашаққа деген арманға толы шабыттандыратын әндерімен бірге тірілтетіндігінде. Юрий Александров екінші көріністегі қос ғашықтың орындауындағы өмірді гүлдендіретін Махаббат әнұраны – Бiржан мен Сараның дуэтін соңына қойып, көрерменге өнер мен махаббатты өлтіруге болмайтынына ой тастайды.   

«Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі Абзал Мұхитдинов жаңа музыкалық редакциясы жайлы толығырақ айтты. «Бұған дейін «Бiржан - Сара» операсының партитурасымен ешкім бұлай жұмыс жасаған емес, туындының түпнұсқасын шетелдік театрлар орындайын десе, қолдары жете алмай жүрген. Енді қазақ операсының маржанын толық нұсқада тыңдайтын ерекше мүмкіндік туды. Музыкалық театрдың тарихында қазақ операсының партитурасы мен оркестрлік дауыстары бірінші рет техникалық тұрғыдан басып шығарылды. Қолжазбадағы барлық қате түзетілді. Қазір симфониялық оркестрдің музыканттары жоғары әлемдік сападағы оркестрлік партияларға ие. Енді кез келген кәсіпқой музыкант өз партиясын қағазға қарап-ақ орындай алады», – дейді Абзал Мұхитдинов.  

Операны 4 ақпан күні 19:00-де Абай атындағы МАОБТ-та тамашалай аласыз. Билет бағасы 1 500-ден 5 000 теңгеге дейін.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

С. А