ҚазҰУ-да тұңғыш рет «РЕКТОР КУБОГЫ-2022» КВН ойындары болып өтті

Тұңғыш рет ҚазҰУ-да Республикалық деңгейде «РЕКТОР КУБОГЫ - 2022» болып өтті

       Республикалық деңгейде тұңғыш рет Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен  «Ректор кубогы - 2022»  КВН ойындары өтіп, өз мәресіне жетті. Ұтымды ой, қағытпа қалжыңға толы әзіл майданы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өтті. Көрерменге лық толы залда ине шаншар орын болмады.

       Ойынның негізгі тақырыбы «Арман  қала – Алматы» деп аталды. «Ректор Кубогы - 2022» КВН ойындарының жалпы жүлде қоры 1000 000 теңгені құрады. Сайысқа қалың көпшілікке танымал өнер адамдары, қоғам қайраткерлері төрелік етті. Атап айтсақ:

1. Есімова Жұлдыз Дапенқызы – Жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры.

2.Нұрсұлтан Жақсыген  – ҚазҰУ түлегі, актер, сценарист.

3.Бақыт Тушаев – Театр және кино актері.

4.Оңдасын Құлымбетов – жайдарманшы, «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ Алматы КВН филиалының директоры.

5.Жанель Макажан – актриса.

6.Нұрболхан Шарапов – жайдарманшы, актер.

7.Бақдәулет Баймаханұлы – «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы.

     Кештің арнайы қонақтары -  «Қазақстан КВН одағы» Республикалық Жастар Қоғамдық Бірлестігінің Президенті – Елеукен Есентүгел Баймұханбетұлы, өндірістік қамтамасыз ету департаментінің директоры –Желдібаев Ақылбек Мұқанұлы, әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі басқарманың басшысы – Әбішев Талғат Болатұлы, механика математика факультетінің деканы - Жакебаев Даурен Бақытбекұлы болды.

     «Ректор кубогы - 2022» КВН ойындары фестиваль форматында өтіп, жоба тек  «Сәлемдесу» сайысынан тұрды. Қалжың сөзге ұшқыр әзілкештер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сайыста 11 команда бақ сынады. Олар:

1. Алматы қаласынан «Краш 125 high school» 

2. «КазГАСА» құрамасы

3. «Жұлдыз» құрамасы АУЭС

4. «Алатау SU» Политех университеті
5.«Қабырғалар»  құрамасы

6. «Энерго» Алматы МЭжЭТК

7. «Жуалы» құрамасы

8.«Эверест» ҚазҰУ

9. Шымкент қаласынан «Абырой» құрамасы

10. «АТУ» құрамасы

11. Шымкент қаласынан «Байдың балалары»  құрамасы

     «Ректор кубогы-2022» КВН ойындарына студенттерге шетелде оқуға мүмкіндік сыйлап жүрген  «ILIYAS» Study компаниясы, ойынды типографиялық жабдықтармен қамтамасыз еткен «Alfarabi Print» орталығы, «Almotor» - мотодүкені, «sr_collection» - ҚазҰУ-дың имидждік өнімдері,  «jetoo.kz» - ағылшын курс орталығы,  «demalike.tours» - турагенттілігі,  «korkem.mart» - баспа орталықтары демеушілік етті.

    Сайыс нәтижесінде «Ректор кубогы - 2022» КВН ойындарында өнер көрсеткен командаларға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлынан алғыс хат беріліп, Көлсайға 20% жеңілдікпен жолдама мен Әл-Фараби кітабының 7 томдығы сыйға тартылды. «Үздік әзіл» номинациясымен Алматылық құрама «Краш 125 high school»,  «Үздік ойыншы» номинациясымен Шымкенттік «Абырой» құрамасының ойыншысы Шеріпбаев Бағлан марапатталып, 50000 теңгелік сертификатқа ие болды. «Көрермен көзайымы» номинациясына «Алатау SU»  Политех университеті құрамасы лайық деп таңылып, Түркістан қаласына тегін жолдама алса, «Арнайы жүлде» номинациясын ҚазҰУ «Эверест» құрамасы жеңіп, ағылшын курсына 150 000 теңгелік сертификат ұтып алды.

      «Ректор кубогы-2022» КВН ойындарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар командалар арасында жүлделі 3-орын Шымкент қаласының құрамасы «Байдың балаларына» бұйырып, 100 000 теңгелік сертификат табысталды. 2-орынды қыздардан құралған «Қабырғалар»  құрамасы алып, 200 000 теңгелік сертификатты иеленді. Үздіктердің үздігі,  сайыста оза шапқан «АТУ» құрамасы 1-орынды жүлделеп, 400 000 теңгелік сертификатты қанжығалады.

    «Қаталдық қартайтады, күлкі көркейтеді» демекші, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы ұйымдастырған «Ректор кубогы-2022» КВН   ойындары тұңғыш рет ұйымдастырылса да, жоғары деңгейде өтіп, креатив пен қызыққа, бәсекелі, тартысты сәттерге толы болды.

                                                                                      Нұрғожа Дильяра Сырымқызы



Бөлісу: