"Есірткісіз өмір ғажайып"

"Есірткісіз өмір ғажайып"
жеке
блог

Есірткісіз өмір ғажайып

«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»

   Достым, есірткі деген не? Білесің бе? Білмесең мені тыңда! Есірткі – қазіргі кезде адамзат атаулыны өлімге итермелеуші күш ретінде құшағын кеңге жайып келе жатырған аждаһа.  Олай дейтін себебім, осы бір есірткі деген затқа адам баласының құмартуы да, сол заттың кесірінен адамзат арасында өлім қаупінің көбеюі де басым. Соған қарамастан, адамдар есірткі қолдануды қояр емес. Білесің бе, адамдар есірткіні неге қолданады?  Себебі, білімсіздік: есірткінің қаншалықты қауіпті екендігін білмейді және бұл мәселеге жеңілтектікпен қарайды.
Екіншіден, қызығу: қызығушылықтың туындауына көбінесе айналасындағылар мен бұқаралық ақпарат құралдары себеп болады.
Сонымен бірге, ойын-сауық орындары: кешкі клубтар және басқа да ойын сауық орындары «ақ өлім» диірменінің құралдары мен қақпаны болып табылады. Ол жерге кірген адамның диірменнен өту ықтималы өте үлкен болады.
Содан соң, қысым: жаман достардың қысым жасауы және әуестік: бір рет көрейін, сосын тастаймын деп ойлау. Бір рет немесе екі-ақ рет көрудің өзі адамды қайтпас жолға салуға жеткілікті болады. Келесі бір себеп, ол – сән десем де болады. Айналасындағыларға еліктеу. Қоршаған ортасы бұзық болса, жаман әдеттердің жұғуы оңай. Жастардың қауіп-қатерді жақсы көруі, жыныстық бұзылу, өзін-өзі көрсету, күшін дәлелдеуге тырысу, генетикалық құрылымының есірткіге бейімдігі, иманның әлсіздігі, нашар отбасы және бұзық қоғамнан туған сенімсіздік, болашақ туралы уайымның адамды жалғыздыққа итермелеуі, жоқшылықтың өзін-өзі өлтіруге итермелеуі, байлықтың масаңдатуы, мемендік есірткіге итермелейтін негізгі себептер болып табылады. Ал, есірткі адам ағзасына қаншалықты зиян екенін білгің келе ме? Олай болса, ары қарай тыңда!

Есірткі - ешқашан жақсы зат бола алмайды. Есірткінің адам денсаулығына тигізер зияны көп екені баршаға белгілі. Есірткінің зияны сол, оның дәмін татқанға дейінгі өмірің ешқашан қайта оралмайды. Денсаулығың да бұрынғыдай болмайды.Ал одан кейінгі өмір бәрімізге мәлім болар. Ең алдымен өзіңді жоғалтасың, өмірге деген құштарлық, болашаққа деген сенім, жүздегі әсем күлкі және ата – анаң мен бауырларыңның және достарыңның саған деген сенімін, үмітін жоғалтасың. Өмірің мүлде басқа арнаға бұрылады. Бір – ақ рет, есірткі тартсаң, ағзаң оған тәуелді болып алады, психикаң бұзылады. Ішкі құрылысыңның барлығы зақымданады. Болашақта, сен арқылы кемтар балалар дүние есігін ашады. Сол есірткіні қайта шегу үшін сен не істемейсің? Бәріне де барасың. Өміріңде істемеген істі істейсің, ойламаған ойды ойлайсың. Ал, осының бәрін көре тұра достарың сенімен қалай дос болсын? Ондай достың оларға керегі не? Яғни осының бәрі бір – ақ кезге әкеледі. Сен барлығынан айрыласың.

 Ал, мұндайға жол бермеу үшін не істеу керек? Әрине ең алдымен өзіңе - өзің берік бол. Сені жолдан тайдыру үшін кейбіреулер сені алдап, есірткіні ұсынады. Ал сен сол кезде не істеуің керек, әлде, не деуің керек? Әрине, ЖОҚ. Ал екіншіден салауатты өмір салтын ұстана біл. Өзіңді таза, иманды, салауатты, мықты, ақылды, қайратты адам етіп тәрбиелеп шыға біл. Өз денсаулығыңды ойлай біл. Достарыңмен бірге спортпен айналыс, мешітке барып, уағыз тыңда. Ойна, күл, уақытыңды көңілді өткіз. Ең бастысы, өмірге сенімді көзбен қара. Ал, осылай өзіне сенімді адамдар көбейіп, есірткі өмірден жойылса, онда бұл өмірдің өзі - ертегі. Барлық адам спортпен айналысып, жаман әдеттерден арылса, онда бұл өмірдегі ең жақсы ізгі істердің бірі болар еді. Барша адам баласы, тек ғана жақсылық пен ізгілікті, имандылықты ойласа, жер бетінде есірткі құмарлар да, лаңкестер де бірден болмаса да, бірте – бірте жойылар еді. Менің айтарым,  өмірде жақсылық көп болатынына сен, есірткісіз болашақ - ең жақсы болашақ екеніне және есірткісіз өмірдің ғажайып екендігіне сен!

 @upndpkzo

#Есірткігеқарсыбайқауға

                                                                             Нұралы Мадияр Русланұлы

                                                                      Қызылорда облысы, Қазалы ауданы

                                                                                  Жанқожа батыр ауылы

                                                                        №94 орта мектебінің 6-сынып оқушысы